Ертеректе, Жетісу өңірінде Жапалақ пен Жұманай деген ағайынды адамдар өмір сүріпті. Үлкені Жапалақ елге тұтқа, ауылға айбар, жатқа сыйлы, жақынға қайырымды, ағайынға қамқор жан екен. Бір күндері Жапалақ жұрттың жан бағып отырған жайылымын тартып алмақшы болып келген ақ патшаның әкімгер шенеунігіне қамшы үйіріп, оны қорғаймын деп мылтық ала ұмтылған солдатты сабап, ол бейбақ өліп кетіп, басы дауға қалады.
Қысқасы, кешікпей «Жапалақты ұстау үшін Қапал уезінен әскер келе жатыр» деген хабар жетеді. Сонда інісі Жұманай келіп: «Мына жау сені ұстамай тыным таппайтыны анық болды. Сен кетсең бар қиындық елдің басына түседі, мен кетсем бір шаңыраққа ғана түседі. Егер ұйғарсаң «Жапалақ деген мен» деп солдаттың алдынан өзім шығайын, тірі болсам бір келермін, өлсем, ұрпағым сізге аманат» депті.
Патша әскерінің қолына өз еркімен түскен Жұманай сол кеткеннен Сібірге айдалып, ақыры дәм-тұзы таусылып, жат жерден топырақ бұйырыпты.
Жапалақ болса інісінің аманатын бұлжытпай орындап, жалғыз ұлын ханның баласындай етіп асырап, ер жеткенде ел басқартып, тіпті болыс та қылған екен. Қазір осы әулеттен тараған ұрпақ бір қауым ел. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында тамыр жайып, өсіп-өнуде.