Вирус қатері қайта сезіле бастағалы өңірдегі денсаулық сақтау саласы мамандары қауырт қимылға көшті. Қазір дертке жаңадан ілінгендер қатары көп емес, дегенмен де дәрігерлер індеттің таралуын болдырмау мақсатындағы дайындықты тоқтатқан жоқ.
Қауіптің алдын алу бағытында істелініп жатқан жұмыстар жайлы өңірлік коммуникация қызметінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте тарқатып айтып берді.
Спикерлер жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында облыс орталығы мен аудандарда науқастарға жетіп, оларға дәрігерлік көмек көрсету сапасы бір деңгейде көрсетіліп отырғанын атап өтті. Осының арқасында аймақтағы медициналық жедел жәрдем стансасы қызметі еліміздегі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бағалау рейтингінің алдыңғы қатарынан көтерілді. Алыс елді мекендер тұрғындары да сапалы және жедел медициналық көмектің қолжетімділігін анық сезініп отыр. Өткен апта соңында жедел жәрдем қызметіне 42 автокөліктің кілті табысталды. Осындай қолдаудың арқасында биыл шақырыстарға кешігу 2,5%-дан 1,9%-ға азайып, нәтижелі реанимация 47,2%-дан 56,3%-ға ұлғайған. Эпидемиялық маусым басталғалы бері облыста 3 264 науқас тіркеліп, олардың 97 пайызы құлантаза айығып шықты.
Кесел өршіп тұрған кезде байқалған дәрі-дәрмек тапшылығын алда болдырмас үшін мамандар стационарлық және емханалық жағдайда жетіспеген препараттарға сараптама жасап, дәрілер тізімі жасақталды.
Қажет болған жағдайда 21 инфекциялық және провизорлық орындар қайта ашылады. Сондай-ақ 200 төсек-орындық модульді инфекциялық аурухана құрылысы жүргізілуде.
Індет басталғанға дейін облыста өкпені жасанды тыныстандыратын 76 аппарат болыпты, қазір бұл құрылғы саны 244-ге жетіп отыр. Алда Дүниежүзілік банкі арқылы тағы да 47 аппараттың жеткізілуі жоспарлануда. Жергілікті бюджет есебінен 4 флюро және 6 стационарлы рентген қондырғысын сатып алу көзделіп отыр. Вирустың екінші толқынына орай жасалған дайындық жұмыстары аясында құрамында 3 500 медицина қызметкері бар мамандар резерві құрылды.
Аймақтағы іргелі кәсіпорындар да дерттің таралуын барынша тежеуге хал-қадерінше көмек қолын созып жатыр.
– Мысалы, Қазалы ауданында «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясының демеушілігімен бір оттегі стансасы салынады. Бұл станса Арал және Қармақшы аудандарын, Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз ете алады. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС облыстық аурухана базасында қала аумағындағы емдеу мекемелері мен Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз ететін стансаның тағы бірін салуға әзір, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету бағытында да біршама жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шілде айынан бастап қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп емханалар базасында үй жағдайында дәрігерлік көмек беретін мобильдік бригадалар ұйымдастырылған еді. Осындай топтар саны аз уақытта 161-ге жетті. Олардың 38-і Қызылорда қаласында, 28-і аудан орталықтарында, 95-і ауылдарда ұйымдастырылды. Мобильдік бригадаларды жергілікті билік көлікпен қамтамасыз етіп, науқасқа жедел жетуіне бар жағдайды жасады. Осы топтар бүгінге дейін 13 368 шақыртуға барыпты.
Айтқан жерден аулақ, бірақ алда да ауру өрши қалса, мобильдік бригадалар қайта жұмылдырып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, дәрілік заттарды жеткізуге әзір тұр.
Қызылорда