Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармаларын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында Тараз қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде өзге ұлт өкілдері арасында ақын жырларын жатқа айтудан «Жамбыл жырлары» атты облыстық байқау өтті. Аталған байқауды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ұйымдастырды.
Мәдени шараның шымылдығын Ақпарат саласының үздігі, қазылар алқасының төрағасы Қалыбек Атжан сөз сөйлеп ашып, келесі жылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы екенін, алайда ұлы той Әулиеата жерінде биылғы жылғы қараша айынан басталып кеткенін, бұл байқау алдағы көктемде халықаралық дәрежеде жалғасын табатынын айтты. Сондай-ақ жас айтыскер Дидар Апбасов жырдан шашу шашса, әнші, Мәдениет саласының үздігі Мәдина Сағынбекова Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім!» әнін нақышына келтіре орындады.
Байқау шарты бойынша үміткерлер Жамбыл жырларын мәнерлеп жатқа оқып, халық әндерін орындады. Тілі басқа болса да тілегі бір үміткерлер ұлы жыраудың «Кәмшат қыз», «Бұрымға», «Белсенділер», «Алғыс», «Отанды сүй», «Қайта келген жастық шақ», «Артықша туған азамат», «Балаларға» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ «Дедім-ай-ау», «Угай-ай», «Еркем-ай», «Сәулем-ай» және басқа да халық әндерін шырқады. Нәтижесінде, бас жүлдені Жамбыл ауданының үміткері Махаббат Алеханова жеңіп алды. Ал бірінші орынды қордайлық Анель Гончарева иеленсе, екі екінші орынды байзақтық Салтанат Жабаева мен қордайлық Любовь Карченко бөлісті. Сонымен қатар, қордайлық Тимур Кимге, Т.Рысқұлов ауданының үміткері Жанболат Самарұлына, шулық Сабина Фараджиеваға жүлделі үшінші орын берілді. Ал тараздық Алина Құрбанова, таластық Алина Мамедова, шулық Карина Дакаева, жуалылық Зияда Евлоева сияқты үміткерлер ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Шара барысында Қордай, Жамбыл, Байзақ аудандарының жетекшілері де марапатталды. Мұнан өзге қатысушы үміткерлерге облыстық білім басқармасы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Aq jol», «Arai» газеттері және өзге де мекемелер тарапынан арнайы сыйлықтар тағайындалды. Аталған сыйлықтарды әрбір мекеменің өкілдері келіп табыстады.
Жамбыл облысы