Адам адамға сөз айту арқылы қоғамдық пікір қалыптасады. Сөз көркемделе келіп өлең болып өріледі. Өлеңнің өресі кеңіп, өзекті мәселені қозғауы «жырға» айналады. «Оның несін жыр қылып отырсың?» деген сөз сайып келгенде – «оның несін өзекті мәселе (проблема) қылып отырсың?» – дегенге саяды. Яғни әдебиетші, ғалым Қ.Сыдиықұлының сөзімен айтқанда «...жан сезімін жырмен ағытқан, тебіренсе телегей теңіздей бұрқап, ақ жаңбырдай ақтарылған ақын-жыраулар елін елдікке, ерлікке үндеген. Қайғысына қабырғасы қайысса, қуанышына жүрекжарды жыр төккен. Шын мәніндегі бұқара жыршылары халықтың асыл арманы мен терең ойын бейнелеп, адамгершілікті ту еткен!..».
Ендеше, адам адамгершілік үшін оқып, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, өмірдің өзекті мәселесін шешуге талпынбай ма? Сол үшін де сан салалы мамандар даярлайтын дағарадай оқу орындары гуманитарлық жүйені қоса жүргізіп, университет (әмбебап жоғары оқу орны) атанады. Сондықтан тәлім мен тәрбиеге толы, ұлттық педагогика мен идеологияның қайнар көзі, филология мен философиядан тұратын, тарихты танып, табиғатты аялауға негізделген «жыр» мамандығына мән беру – ұлтын ұлықтап, ұрпаққа ұлағат бергісі келетін әрбір азаматтың міндеті. Өйткені кез келген сала мықтыларының қарапайым ақын-жыраулар сияқты сөз зергерлеріндей атағы Алашқа тарап, аты ұрпақ жадында мәңгілік сақталып жатқан жоқ. Сол сөз зергерлерінің атын өшіріп, санадан сылып тастау бағытында қаншама қитұрқы айла-шарғы жасалғанымен «айырған алтын іспеттес тот баспайды», қайралған қанжар іспеттес «қап түбінде жатпайды».
Адамды адамгершілігінен айырып робот ретінде ғана көргісі келетін саясаттың ең елеусізі «жыршы» деген сөзді жойып, «термеші» деген терминді қалдыруы.
«...Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген сыңайда – елдік, ерлік, ынтымақ, бірлік, ізет-құрмет, қадір, қасиет т.с.с. адамгершілік асыл іс-әрекеттерді, жалпы өмір талабын өлеңмен айтқан ақын-жыраулар мен аһун-оқымыстылар елін тастап еңіреп, қара басы қаңғып кетті. Оған дәлел Қалнияз, Қайып, Қарасай, Қойбас, Зәкәрия, Оразмағамбет, Ыбырайым аһун, Сүгір, Ұзақбай, Мұрат, Бүркітбай, Ақсұлтан т.с.с. Маңғыстау аймағында ақын түгіл, адам қалдырмау мақсатындағы саясат салқынын тигізбей қалмады.
«...Белгісі еңбекшінің қолда азбары, салынды сондықтанда орақ, балға...» – деп жырлаған Елбай, 31 жасында отарлаушылықтың оғынан опат болса, «...Жамбыл мен жамырасып жаз өмірде қырандай болат топшы самғап өткен...» Сәттіғұл да «Біссіміллә» деп бастап елінің ерлігін жырлайтын болғандықтан астанаға (орталыққа) жиі шақыртыла берген жоқ. Дәл осы тұрғыда Мұрын жырауды 1941 жылы Алматыға шақырып, «Қырымның қырық батырын» жазып алғаннан басқа, бірде-бір Маңғыстау ақын-жыраулары Республикалық әлде Бүкілодақтық байқау-шараларға, 1975-1980-жылдарға дейін (40 жыл) қатысып көрген жоқ. Ұзақбай, Сүгір, Бүркітбай, Ақсұлтан, Әлқуат, Жанжігіттер сол кездерде бар еді ғой.
Бұл саясаттың салқыны санасына сіңіп, содан мінезге айналған әдет. Қысқаша айтқанда, өлкелік өнеріміздің өгейлік көріп, өңменінен итеріліп, өзекке тебілуін тоқтатып, өресін өрге жүздіріп, өзінің лайықты орнын алуы үшін мен астанада, интернат жатақханасында жатқаныма 6 жылға аяқ басты...
Біздің аймақтың ақын-жыраулары өте білімді болған. Абыл әліппенің әр әрібін өлеңге айналдырса, Қашаған:
«...Мен – мұхит жатқан тереңмін,
Шамшырақ жанған түбінде.
Асылық болар Ізбасжан
Таласқан бізбен білімге...» дейді.
Нұрым мен Қашағанның, Сәттіғұл мен Сүгірдің т.б. хат арқылы астарлы (жұмбақ) айтыстары сауатсыз адамдардың сөзі емес. Бұлардан кейінгі жыршы атанып жүргендер табиғи талант иелері. Өйткені медресе оқуы жойылды, КСРО оқуы еуропалықтан басқа ешбір ұлтта мәдениет жоқ деп есептеп, дәстүрлі өнерді дәріптеуге тыйым салды. Сондықтан әншілік, жыршылыққа бейімі бар өнерпаздар бұл тұрғыда ешқандай білім ала алмады. Кейбірі намыс үшін емес, табыс үшін, салдыр-салақтау болса да жыршы атанды. Арасында аталар сөзін өрескел бұрмалап, өз сөзімен өңдеп, шындыққа жанаспайтын қиянат жасағандар да бар. Аймақтың абыройын арттыру мақсатында ақын-жырауларымызды ардақтап, дәстүрлі өнерімізді дәріптеу – ата-салтын арымен қорғайтын азаматтардың міндеті деп сенетін болсақ – оқусыз ғылым тұл, білімсіз өнер тұл. Кез келген талапкердің алысқа барып білім алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқып, жергілікті жерде білім алғанға не жетсін?!
Жалпы, дәстүрлі өнерді дәріптеуші жастардың жоғары білім алғаннан кейін бәрі бірдей сахнада сарнап отыруы міндет емес. Магистратураны бітіріп, докторантурада оқып, бабадан қалған бағалы дүниелерге иелік етсе. Біздің ақын-жырауларымыздың бір шығармасы – бірнеше докторлық диссертацияға жүк болады. Қазақ ұлттық өнер университетін «жыр» мамандығы бойынша төрт бала бітірді. Магистратураға талпынып жүрген талаптары да бар.
Әзірге Ш.Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен тек жырға бола арнайы факультет ашпай-ақ, филология факультеті жанынан «дәстүрлі өнер кафедрасы» деп ашылса жөн болар еді. Ол жыр, айтыс, ән, күй бөлімдерінен тұрады. Өйткені жыршы-көркем орындаушы, әнші, аспапты шебер меңгерген, ақын, жаткеш, сазгер, психолог, тіпті актер да бола білуі керек. Оған оқытушы мамандар жеткілікті. Республикаға танымал өнер өкілдерін шақырып, шеберлік сыныбын өткізіп тұруға да болады.
Амандық КӨМЕКҰЛЫ,
Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі өнер» кафедрасының аға оқытушысы, Мәдениет қайраткері