• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 19 Қараша, 2020

Еліміз Қазақстанның көмегін жоғары бағалайды

1081 рет
көрсетілді

Өткен айда Қырғызстан саяси дағдарысты бастан өткізгені белгілі. Бауырлас елдегі наразылық акцияларының салдарынан президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Осылайша, парламенттік сайлаудың соңы үлкен дауға айналды. Көршілес мемлекеттегі саяси ахуал туралы, саяси элитаның алдағы жоспары жөнінде Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Жээнбек Кулубаевты әңгімеге тартқан едік.

– Елші мырза, «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіс­кені­ңізге алғыс айтамыз. Әңгі­ме­міздің кіріспесін кейінгі саяси оқиғалардан бастасақ. Қазан айында Қырғызстанда наразы­лық акциялары өтіп, ақырында ел президенті отставкаға кеткені белгілі. Осы оқиға туралы, оның себептері жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.

– Биылғы 4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өтіп, оған 16 пар­тия қатысты. Өздеріңізге мәлім, Қыр­ғызстан – конституция бойынша пар­ламенттік-президенттік басқарудағы мемлекет. Яғни елді басқаруда президентпен бірге парламент те негізгі рөл атқарады. Сондықтан партиялар мүмкіндігінше парламенттен көбірек орын алып, үкіметтің құрамына енуге барынша әрекет жасайды. Сайлаудың қорытындысы бойынша, билікке жақын «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан» партиялары 90 мандатқа ие болды.

Мұндай нәтиже әділ сайлау өткізуді талап еткен халыққа ұнаған жоқ. Келесі күні, 5 қазанда сайлау қорытындысына көңілі толмаған басқа партиялардың жақтастары, жастар «Алатау» алаңына шығып, наразылық акциясын бастады. Олар сайлаудың қорытындысын жоққа шығаруды талап етіп, сайлаудың әділ өтпегенін айтты. Сондай-ақ ак­цияға қатысушылар «Биримдик», «Ме­кеним Кыр­гызстан» партияларының аудан­дар­ға барып, елдің дауысын ақшаға сатып алғанын мәлімдеді. Орталық сайлау комиссиясы, үкімет пен президент аппараты және күштік құрылымдар наразы халықпен диалог орнатпай, күш қолдануға кірісті. Ақырында жастар пар­ламент ғимаратын басып алып, мемлекетті саяси дағдарысқа әкелді.

– Түсінікті. Қазіргі саяси ахуал қандай?

– Қазір Қырғызстандағы саяси жағ­дай конституциялық жолға түсті. Пре­зи­дент Сооронбай Жээнбеков жаңа премьер-министрді тағайындап, жаңа үкімет құрғаннан кейін, өз құзыретінен бас тартып, отставкаға кетті. Парламент жаңа сайлауға дейін жұмыс істейді. Премьер-министр Садыр Жапаров Қырғыз Республикасы президентінің мін­детін атқарады.

С.Жапаров 14 қарашада президенттік міндетті Жоғарғы кеңес спикеріне тапсырып, премьер-министр қызметінен бас тартты. Сөйтіп ол 10 қаңтарда өтетін президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді.

– Қырғыз саясаткерлері мемлекет­тің ішкі жағдайын тұрақтандыру бо­йынша алдағы уақытта қандай әрекет жасамақ?

– Премьер-министр С.Жапаровтың, парламенттің және Орталық сайлау комиссиясының жоспарларына сәйкес, Қырғызстанда 2021 жылы 10 қаңтарда президент сайлауы өтеді. Содан кейін конституцияға жаңа өзгерістер енгізу туралы референдум ұйымдастырылмақ. Сәуір-мамыр айларында жаңа конституция негізінде жаңа парламенттік сайлау болады. Егер осы жоспарланған шаралар сәтті аяқ­талса, Қырғызстанда саяси тұрақ­тылық орнайды деп үміттенеміз.

– Конституцияға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?

– Қазір қырғыз қоғамы ең үлкен талас-тартыстың ортасында тұр. Себебі халықтың бір бөлігі қырғыз мемлекетінің толық парламенттік басқаруға көшуін және президенттің өкілетін азайтуды қалайды. С.Жапаров бастаған екінші тарап президенттік басқаруға оралып, елді бір орталықтан басқарып, экономикалық реформалар жүргізіп, кедейлікті жеңіп, тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу керек екенін айтады.

Жақын арада жаңа конституция жобасы халық назарына ұсынылып, арнайы конституциялық жиын шақырылып, талқыланады. Алдағы референдумда қырғыз халқы мемлекеттің болашақта қалай дамитынын, ұрпаққа қандай ел қалдыратынымызды мұқият таңдауы керек. Сонымен қатар депутаттар саны 120-дан 90 орынға дейін қысқарады. 35 депутат бір мандатпен, 55 депутат пропорционалды дауыс беру арқылы сайланады. Елде өкілдер палатасы – Құрылтай (Сенат) құрылды. Халықтық құрылтай жылына екі рет жиналып, парламенттен, үкіметтен және президенттен есеп алады.

– Қырғыз азаматы ретінде жоға­рыда айтылған қай жолды таңдауды дұрыс деп есептейсіз?

– Елімнің азамат ретінде Қырғыз­станда тұрақтылық, бейбітшілік пен жасампаздық болғанын қалаймын. Пар­ла­менттік және президенттік бас­қару­дың оң және теріс жақтары бар. Қазір әлем дағдарыс жағдайында тұр, пандемия күшейіп, осындай қиын кезеңде бізге президенттік басқару керек шығар. Себебі үкімет елдің дамуы үшін жедел ше­шімдер қабылдап, жаңа заңдарды парламентке ұсынып, реформалар жүр­гізу қажет. Аймақта экономикалық тұр­ғыда ең артта қалғанымызды, жұ­мыс­сыздықтың өскенін, адамдар кедей­лік жағдайында тұрғанын, сыртқы қарыз­­дың өскенін мойындауымыз керек. Сон­дықтан қазір қырғыз элитасы бірігіп, ақылдасып, бір шешімге келуге тиіс. Әйтпесе мемлекетке қауіп төнеді.

– Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы туралы да айта кетсеңіз?

– Қырғыз-қазақ ынтымақтастығы ең жоғары деңгейде десем қателеспеймін. Саяси диалог әрдайым жүргізіледі, сауда-экономикалық ынтымақтастық өз дең­гейінде жүріп жатыр. Бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде сауда сәл төмендеді, жеке кәсіпкерлер ше­карадағы шектеулерге байланыс­ты бел­сенді жұмыс істей алмады. Пандемия аяқ­талып, жағдай қалпына келсе, сауда мен инвестиция дамиды деп үміттенеміз.

Қазақстан Үкіметі пандемия кезінде Қырғызстанға 5 мың тонна гуманитар­лық көмек көрсетті. Мүмкіндігінше корона­ви­русқа қарсы дәрі-дәрмектер, жеке қор­ғаныш құралдарын және мас­калар жі­берді. Қазақстан үкіметі Ресей-Қазақ­стан шекарасында тұрып қалған Қырғыз­стан азаматтарын эвакуациялау үшін транзитке рұқсат берді. Қырғыз тарапы Қазақстанға осындай бауырластық және көршілік көмегі үшін ризашылығын білдіреді және оны жоғары бағалайды.

Қырғызстандағы саяси дағдарыс кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия басшыларымен бірге қырғыз халқын сабырлық сақтап, жағдайды конституциялық жолмен шешуге шақырды. Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Р.Қазақбаевтың 30 қазанда Нұр-Сұлтанға сапары кезінде Пре­зидент Қ.Тоқаевпен, Премьер-Ми­нистр Асқар Маминмен кездесіп, екі­­жақты мәселелерді талқылады. Қазақ­стан басшылығы қиын кезде қыр­ғыз халқын жалғыз қалдыр­май­тынын жет­кізіп, моральдық қолдау көрсетті.

Жақында Қырғыз республикасы Прези­дентінің міндетін атқарушы, Премьер-Министр С.Жапаров Қазақстан Пре­­зиденті Қ.Тоқаевпен және Премьер-Ми­нистр А.Маминмен телефон арқылы сөй­­ле­сіп, екіжақты мәселелерді талқы­ла­ды. Осындай бауырластық қарым-қаты­насты жоғары бағалаймыз және еш­қашан ұмытпаймыз. Қырғыз-қазақ ынты­мақтастығының болашағы мен әлеуе­ті зор. Мен елші ретінде екі ел ара­сын­дағы ын­тымақтастықтың деңгейін бұдан әрі арттыру және тұрақты саяси, эконо­ми­калық және мәдени байланыс­тарды дамытуға барша күш-жігерімді арнай беремін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»