Індетке байланысты мектептер мен ЖОО-лар қашықтан оқу дәстүріне көшсе, балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істеп жатыр. Осы ретте бас шаһардағы балабақшалар жайы қалай болып жатқанына тоқталып өтсек.
Ата-аналар жұмысқа шыққан соң балабақша жұмыс істеуі керек. Сондықтан балабақшалар дезинфекциялық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастыруда. Бұл жұмыстың қалай жүріп жатқанын Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Айгүл Ережеповадан сұрап білдік.
Оның айтуынша, елордада 408 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар – 94, шағын орталықтар – 41, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар – 270. Карантин кезінде Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі ұйымдары Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жұмыс алгоритмін қатаң ұстанады.
– Қазіргі уақытта балабақшалар 15 баладан аспайтын кезекші топ режімінде жұмыс істеп жатыр. Балабақшаға 3 күннен артық келмеген балалар учаскелік педиатрдан денсаулығы жөніндегі анықтамасын алып қана келеді. Таңертең балаларды қабылдайтын кезде медбике дене температурасын өлшейді, ата-аналар тек кіреберіске дейін баланы әкеледі және міндетті түрде маска тағып келуі тиіс. Барлық ұйым дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Дезинфекциялық-санитарлық талаптар орындалуда», дейді бөлім басшысы.
– Нұсқаулық бойынша тәрбиеленушілердің саны бір топта 15 баладан аспауы тиіс. Ал қалған бала қалай білім алады?
– Жаңа 2020-2021 оқу жылында тәрбие-білім беру үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулық-әдістемелік хатында түсіндірілген. Нұсқаулыққа сәйкес мектеп жасына дейінгі балалар үшін қашықтан оқыту форматы қолданылмайды. Мектеп жасына дейінгі балалары бар ата-аналардың үлгілік бағдарламаны өз бетінше игеруіне келетін болсақ, бұл үшін қазақстандық bilimkids.kz контенті бар. Мұнда үлгілік бағдарламаға сәйкес ұйымдастырылған оқытудың, сабақтардың электронды нұсқалары орналастырылған. Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығында платформа құрылды және Elordamektep.kz электронды мектеп порталы жұмыс істейді. Осында «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінде балалардың ата-аналары мен мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне арналған бейнесабақтар мен материалдар бар, – дейді А.Ережепова.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері 5 білім беру саласы бойынша мемлекеттік тілде және орыс тілінде бейнематериалдар дайындады. Бұл материал ата-аналармен және балалармен бірлесіп қарау үшін дайындалған. Қазіргі уақытта Білім басқармасы осы материалды орналастыру үшін платформа құру жұмысын ұйымдастыруда.
Нұр-Сұлтандағы №3 «Күншуақ» балабақшасының әдіскері Е.Попованы да сөзге тарттық.
– Санитарлық талаптарды алгоритм-нұсқаулық бойынша мүмкіндігінше сақтай отырып жұмыс істеп жатырмыз. Әр сағат сайын 15 минут бөлмелер желдетіп, балаларды мүмкіндігінше серуенге шығарып, дене қозғалысы ойындарына басымдық берілуде. Баланың денсаулығы – басты назарда. Кезекші топтарда балалардың саны 15 баладан аспайды. Қалған балалар үшін тәрбиешілер мен педагогтеріміз мемлекеттік және орыс тілінде бейнесабақтар дайындады. Тәрбиешілердің балабақшаға келмеген балалардың ата-аналарымен кері байланыс орнатуы маңызды. Түрлі қызықты тапсырмалар беріп, үйде отырған балалардың да белсенділік танытуына ықпал етуі керек, – дейді әдіскер.
Індет кезіндегі жекеменшік балабақшаның жұмысы қалай жүріп жатқанын білу үшін «Алпамыс» жекеменшік мектеп-балабақшасының директоры, «Әділет» мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының өкілі Динара Құдайқұловамен сөйлескен едік. Динараның айтуынша, пандемия кезінде жекеменшік балабақшаны ұстап тұру оңай емес. Балалардың келуі 30%-ға азайды. Әр топта 10-15 баладан бала қатысуда. Көп ата-ана індеттен қауіптеніп, балаларын ата-әжелерімен қалдыруды жөн көреді. Жеке балабақшалардың дені ғимаратты жалға алып отыр. Бизнестен түсетін кірістер азаюда, шығындар өсіп жатыр – антисептиктер, дезинфекциялық ерітінділер мен кілемшелер, маскалар, қолғаптар, термометрлер сатып алуға көп қаражат кетеді. Балалардың 20 пайызының ғана келуі бұл шығындарды өтемейді.
Жекеменшік балабақшалардың барлығы мемлекеттен тапсырыс алады. Қазіргі жағдайда жекеменшік балабақшалар мемлекеттің қолдауының арқасында ғана өз бизнестерін ұстап тұр. Биылғы 1 қазаннан бастап салықтарды да кейінге шегерді. Мемлекеттік тапсырыста жалақы, коммуналдық қызметтер, жалдау, салық төлемдері, ағымдағы жөндеуге, әдістемелік материал сатып алуға арналған шығыстар көзделген. Алайда қазіргі мемлекеттік тапсырыс көлемі жеке балабақшалардың барлық шығынын өтемейді. Білім және ғылым министрлігі ұсынғандай, Қаржы орталығы қолдау білдіріп, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жекеменшік балабақшалардағы әр бала үшін мемлекеттік тапсырысты 29 мың теңгеден 38 мың теңгеге көтереді деп үміттенеміз. Мемлекеттік тапсырыс көлемінің көбеюі жоғарыдағы шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Қауымдастық өкілі ретінде басты мәселе деп осыны айтар едім, – дейді Д.Құдайқұлова.
Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист