COVID-19 пандемиясы адамзаттың өмір сүру қағидаларына көп өзгеріс әкеліп, цифрлы дәуірдің маңызды кезеңі бірден басталып кеткен сияқты. Білім саласына айтарлықтай сынақ болып жатқан қазіргі қысылтаяң шақ ЖОО жүйесіндегі оқытушының рөлін өзгертті. Ол енді студенттердің жауапкершілігін арттыруға атсалысатын, арнайы ресурстармен қамтамасыз етуге тырысатын, оларды ынталандыруға жұмыс істейтін тәлімгерге айналды.
Қазақстандағы студенттер мен оқытушылар арасындағы цифрлы формадағы коммуникация түрі жетілмегендіктен, оқшаулану кезінде көптеген мамандықты оқытуда айтарлықтай қиындыққа тап болдық. Студенттер онлайн кітапханамен оқу процесіне қалыптаспағандықтан, зерттеуге қажетті ресурстарын толыққанды пайдалана алмады. Тек студенттер емес, бұл жағдай оқытушы-профессорларға да ауыр тиды. Осы уақытқа дейін дәріс беруде пайдаланып келген әдістер мен бағдарламалардың көбі жарамсыз болып қалды. Тақырыптарды жете қамту үшін техникалық құралдарды аз уақыттың ішінде жан-жақты игеруге тура келді. Оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіп, сабақ беруде қолданатын әдістерді онлайнға бейімдеу үшін қосымша жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстар қазіргі күнге дейін жалғасуда. Себебі қазіргі Қазақстанның білім саласындағы жүргізіліп жатқан онлайн дәрістері тек төтенше жағдайларға арналған. Онлайн сабақтарды жүргізудің арнайы зерттеліп, талданып, келісіліп бекітілген бағдарламалары жоқ. Білімгерлер мен білім берушілердің ара-қатынасы физикалық және психологиялық тұрғыдан зерттеліп ретке келтірілмеген.
Интернет арқылы білім беру шетелдерде ондаған жыл бойы зерттелуде. Онлайн білім берудің теориялық негізі, стандарттары мен білім берудің модельдері, бағалау критерийлері жасалған. Онлайн білім беру мен төтенше жағдайдағы білім берудің арасындағы айырмашылықтарды зерттей отырып америкалық ғалым Чарльз Ходж онлайн білім берудің тиімділігі оны дұрыс жоспарлау мен жобалауға байланысты екенін айтады. Barbara Means бастаған ғалымдар онлайн білім берудің негізгі тоғыз негізгі параметрін (Learning Online What Research Tells Us About Whether, When and How) көрсетеді: ерекше әдіс, жылдамдықты арттыру, студенттер мен оқытушылардың арақатынасы, педагогика, интернеттегі нұсқаушының рөлі, студенттердің желідегі рөлі, интерактивті синхронизм, интерактивті бағалау рөлі және кері байланыс көзі. Бұл өлшемдердің барлығының түрлі нұсқалары бар. Мәселелерді күрделендіру арқылы барлық нұсқалар бірдей тиімді бола бермейді. Оқушылар санына қатысты шешім стратегияларды қолдану мүмкіндігін едәуір шектейді. Оны білім беруші өзінің курсының бағыты мен мазмұнына қарап икемдеуі керек. Мысалы, гуманитарлық топтарда өзара талқылау немесе дебат әдістері бар. Топта студент санының көптігіне байланысты білім беруші кері хабарласа алмай қалуы мүмкін. Сондықтан техникалық бағыт бойынша жасалған стандарт немесе модель гуманитарлық саладағы курстарға сәйкес келмейді.
Оның үстіне онлайн білім алушы пайдаланатын кеңістік пен интернет желісінің сапасы, ұлттық менталитет, психологиялық ахуал, елдегі экономикалық факторлар да онлайн білім берудің оң нәтиже беруіне кері әсер етуі мүмкін.
COVID-19 пандемиясына қатысты Назарбаев Университеті арнайы өз оқытушы профессорлар құрамына «НУ оқытушыларын дамытуға арналған конкурстық гранттар бағдарламасы» негізінде мамыр айында конкурс жариялады. Конкурс нәтижесі бойынша қыркүйек айынан бастап экономика, саяси ғылымдар, психология, білім беру және басқа да бағыттар бойынша университет ғалымдары зерттеулер жүргізіп жатыр. Осы бағдарлама бойынша қазақ тілі және түркітану департаментінің ұжымы ассистент профессор Фунда Гувеннің жетекшілігімен студенттерге арналған онлайн-курстар оқытуды ұйымдастырудың педагогикалық негізін жасау, технологиялық құралдарды анықтау және оны негіздеу мақсатында зерттеу жұмысын жасауда.
Ф.Гувен ханымның бұл салада біраз тәжірибесі бар. Түркия мен АҚШ-та түрік тілін оқытудың бағдарламаларын жасаған. Бұл зерттеудің негізінде департаментте жүргізілетін курстарды оқыту философиясын қайта қарау мәселелері жатыр. Жұмыс ауқымы кең. Жоба өз мақсатына жету үшін ең алдымен студенттер мен оқытушылар, ата-аналар, оқу орындарының әкімшіліктері арасында жүргізілетін кеңейтілген сауалдама құрастырылды. Қазіргі уақытта сауалдаманы жүргізудің тәртібіне байланысты НУ Ғылыми зерттеулердің институционалдық әдеп комитетінен рұқсат алу процесі жүруде. Сауалдамалардың нәтижелі болуы үшін Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушы-профессорлары құрамын, әкімшілікті қамту жоспарланып отыр. НУ Президенті Шигео Катсу мамыр айында семестрдің өте күрделі болғанын айта келе, «семестр талаптарының ең күрделі шегі – онлайн-курстарға ауысудан бастап, алынған сабақтарды және оларды жазғы семестрге және келешекте болатын онлайн семестрлерге қалай қолдануға болатынын қорытындылау уақыты», деп көрсетті.
Университет басшылығы өз тәжірибемізбен басқа да ЖОО-лармен бөлісуді ұсынады. Осыған байланысты біз зерттеулерімізде бірнеше оқу орнындағы жағдайларды да қарастырамыз. Жоба студенттер мен оқытушылар құрамы, әкімшілік қызметкерлерінің проблемаларын білуге, цифрлы технологияның сапасын және онлайн-оқыту әдістемесін жақсартуға бағытталған. Жобаның соңында департаменттің «студенттерге бағытталған онлайн-оқыту» тұжырымдамасы нақтыланып, жаңа әлемдік тенденцияларға сәйкес әзірленеді.
Біздің атқарып отырған жұмысымыз тек бір саланы қамтуы мүмкін. Еліміздегі ЖОО-лар мыңдаған мамандық бойынша білім береді. Бәрінің арнайы стандарттары мен бағдарламалары болуы шарт. Офлайн оқытудың стандарттары мен бағдарламаларының талаптарын онлайн, қашықтан білім беруге қолдану тиімсіз. Онда синхронды және асинхронды сабақтардың арақатынасы, оқытушы мен студенттің техникалық құралдарды пайдаланудағы физикалық ерекшеліктері, психологиялық ахуал сияқты қызметтер ажыратылып көрсетілу қажет.
Жазира АҒАБЕКОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Назарбаев Университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры