(Соңы. Басы 221-нөмірде)
Қаһарманмен кездесу
Бағыма орай, өмірімде екі рет Баукеңмен кездесіп сөйлесу бақытына ие болдым. Бұл кездесу жөнінде бұдан бұрын өз повесімде тарқатып, «Менің өмірімдегі Бауыржан Момышұлы» кітабында айтқан болатынмын. Менің Баукеңмен кездесуім қалыптан тыс, сирек кездесетін тұлғаға одан сайын терең үңілуге жетеледі.
Алғашқы кездесуім 1975 жылдың қаңтар айында болды. Орта Азия Әскери округі мен Қазақстан Жазушылар одағы Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына арналған конференция өткізді. Конференцияға майдангерлер де шақырылған. Ардагерлердің ішіндегі бірегей тұлға – Бауыржан Момышұлы. Батырды алғаш көруім. Менің офицер мамандығын таңдауымда батыр болмысы аса маңызды рөл атқарып еді. Конференция жұмысына өзім қызмет атқарып жүрген әскери училищенің офицерлері мен курсанттары да қатысты. Осы жылдары әскери училищенің Тактика кафедрасының бастығы қызметінде едім. Училищеден конференция делегациясына жетекшілік жасау маған тапсырылған болатын.
Сағат 10.00-де конференцияны Бауыржан Момышұлының майдангер досы, жазушы Дмитрий Федорович Снегин ашты. Мінбеге баяндама жасауға Орта Азия Әскери округі саяси бөлімі басқармасының бастығы, генерал-майор М.Д.Попков шықты. Көп уақыт өтпей залға жартылай әскери киімді, оң қолында таяғы бар адам кірді. Кірген бойдан алдыңғы қатарға жайғасуға ыңғайлана бергені сол еді, төралқада отырған Д.Ф.Снегин бас изеп, қолымен ымдап, төралқалық орынға жайғасуын сұрады. Осы кезде зал іші күбірлеген дауыс пен қозғалысқа толып кетті. Бір кезде төралқадағы Д.Ф.Снегиннің жанына жайғасқан адам орнынан жайлап тұрып, оң қолын алдыңғы жаққа созып, әмірлі дауыспен: «Тоқта, генерал! Сіз жақсы оқып тұрсыз! Баяндамаңыз маңызды, бірақ сізді тыңдамай отыр», деп қолын түсіріп, сәл іркілді. Генерал сасқанынан көзілдірігін алып, не болғанын білмей сөзін тоқтатты. Осыған дейін генералдың сөзін бұлайша ешкім бөлмегені байқалды. Генерал бір сөз айтпай, залға қарады.
Осы кезде: – Мен – Бауыржан Момышұлы, – деді қатты дауыспен, әрі қарай жайлап: – Мені көбі білмейді, сондықтан «шал кешікті, онысымен тұрмай төралқадан орын алды» деп, өзді-өзі сыбырласып жатыр. Мені шақырды, – дей келе, Д.Ф.Снегиннің иығын ұстап сөзін доғарды.
Зал көп уақыт бойы қол шапалақтауын тоқтатпады. Осы кезде генерал мінбедегі орнынан түсіп, Баукеңе таяп келіп, батырды құшағына алды. Біз бәріміз орнымыздан тұрдық. Қол шапалақтау одан сайын ұзаққа созылып, зал кезек-кезек көтермелеу лебіздеріне толды. Біреулері орысша, енді біреулері қазақша айқайлап жатты. Зал гуілдеп кетті. Тыңдаушылар орындарынан тұрып «Ба-уыр-жан!», «Бау-ке!» деп дауыспен лебіз білдірді. Менің жүрегім аса бір ерекше екпінмен лүпіл қақты. Себебі алғаш рет тағдырма әсер еткен, өзіме үлгі етер адамымды бірінші рет көріп, дауысын естідім.
Генерал мінбеге қарай жүргенімен, зал іші әлі алақан соғуын тоқтатпады. Баукең ел ықыласын бағалап орнынан тұрып, тағы да оң қолын алға созды. Зал бірден тынды. Ерекше сезіммен, қаттырақ дауыспен: «Рахмет! Спасибо! Енді отыруларыңызды сұраймын, ал генерал, сіз баяндамаңызды жалғастырыңыз». Әрі қарай мен баяндаманы үзіп-үзіп тыңдадым. Баяндама мазмұны бүгінгі кезеңмен және Мәскеу қорғанысындағы панфиловшы-батырлардың ерліктерімен сабақтастыққа ұласты.
Баяндама аяқталған соң, үзіліс жарияланды. Сол кезде қасымызға Баукең келіп: «Әй, халдерің қалай, қырандар?» деді. Менің кителімдегі Фрунзе атындағы академияның белгісіне қарап: «Жарайсың!» деді. Аузымнан: «Сіз маған академияға түсуіме көмектестіңіз», деген сөздің қалай шығып кеткенін өзім де аңдамай қалдым. Ол кісі маған таңырқағандай қарады да, бұрылып жүре берді.
Үзілістен соң Д.Ф.Снегин сөзді Бауыржан Момышұлына берді. Зал іші қайта орнынан дүр көтеріліп, қошемет жасады. Баукең асықпастан мінбенің қасына келіп, оң қолымен мінбенің бұрышын ұстады, сол қолымен тынышталыңыздар деп белгі берді. Біз орнымызға отырдық.
Баукең мінбе жанында тұрып байсалды үнімен әр сөзді анықтап, сөзін бастады. «Қазақ және орыс тілдерінде сөйлеймін, жазамын. Бүгін орыс тілінде сөйлейміз». Біраз тоқталып, сөз тиегін ағытты: – Ұлы философ айтқандай, қозғалыс – өмір. Мен жетінші онжылдыққа аяқ бастым, сонда да жаяу жүргенді қалаймын. Бүгін маған таудағы дем алып жатқан жеріме машина жіберіпті, бірақ мен оған отырмадым. Сіздерге кездесуге келу үшін жеті шақырымға жуық жол жүрдім, бірақ кішкене есебім шықпай қалып, азырақ уақытқа кешіктім. Кешіріңіздер. Бірақ мен өзімді сонда да жеңіл сезініп тұрмын. Жасарғандаймын». Жұрт тағы да сөзін бөліп, қол шапалақтады.
Азырақ үзілістен соң Баукең: «Генерал мазмұнды баяндама жасады, оны қайта зерделеп, оған асықпай ой арту керек. Мен сіздердің көңілдеріңізді әскери мәселенің екі түріне аударғым келеді». Тағы сәл үзіліс жасап, сөзін әрі қарай жалғады: «Сонымен, бірінші. Қозғалыс – шынымен де тіршіліктің негізі. Ал әскери істе «қозғалыс» ұғымы мынадай категорияларды құрайды, ол әскердің маневрлілігі мен ұтқырлығы. Егер соғыс алқабында кімде-кім қимылдап, жағдайды ескере отырып, жылжыса ғана қажетті маневрлікке қол жеткізеді. Әрине, мақсатқа жету оңай емес, себебі басқадай түрлі шарттар мен факторлардың әсері болуы да мүмкін. Әскердің іскер маневрлігі ол шайқастың, ұрыс пен түрлі операциялардың жеңісіне бастайтын бірден-бір алғышарты».
Баукең залды түгендей, көзімен асықпай бір шолып алып: «Соғыстың бастапқы жылдарында біздің әскерлер айтарлықтай шығындарға ұшырады, – деп оң қолының сұқ саусағын көтеріп, төралқада отырғандарға қарап алып, одан соң бізге қарап: «Ол алдымен біздің қолбасшылығымыздың, жалпы әскердің маневрлілігі мен қозғалысына салғырт қарағандығынан. Техниканың болмағандығы, біздің қозғалу ырқымызды тежеді. Сондықтан жау кейде бізді қуып жетіп, енді бірде алға озып, біздің бөлімшелер мен құрамаларымызды қоршауға да алып отырды». Тіркесті айтып боларда Баукеңнің даусы ақырын шықты. Сол қырық бірінші жылдың қара күзіндегі күндер мен түндердегі өз батальонының басынан кешкен қиын-қыстау кездерді, меніңше, бір сәт санасында жаңғыртып, еске алғандай болды.
Қайта күш алып сөйлеуіне секундтар ғана қажет болғандай. Дегенмен де лезде байсалдылығы көрініс тапты. Әрі жалғастырды: «Әрине, сіздердің барлықтарыңызға белгілі үкіметіміз бен жоғарғы қолбасшылықтың, халқымыздың ерен еңбегінің арқасында біз 1942 жылдың аяғы мен 1943 жылдың бас жағында мықты техникаларға қол жеткіздік. Олар: танкілер, сауытты машиналар, өздігінен жүретін техникалар мен автомобильдер. Осы техникалардың келуімен атыс күштері өсті. Әрине, роталардан бастап майданның әскери құрамаларының барлық шегінде маневрлік мүмкіндіктер туды. Механикаландырылған техникалар мен танк бригадаларының қозғалысы дивизияның жалпы қозғалысына, одан соң армия корпусының жылжуы, жауды оң не сол қапталдан қоршап не басып озып, тұтастай алғанда шабуылдың ілгерілей басуы белең ала бастады. Осының бәрін тәптіштеп айтуға уақыт тығыз. Ол – жеке лекция. Ал қазір, міне, жүргіш техникасыз, бір сөзбен айтқанда күшті қарусыз бірде-бір әскери бөлім, әскери құрама, тіпті бөлімше жоқ екен. Бұл жақсы, мықты!» Баукең тағы бір сәл тыныс алып, қайта сөзін жалғады. Сұқ саусағын қайта көтеріп:
«Бірақ техника жүру үшін материалды жақсы білу керек, оны әйелді күткендей күту керек (залда қызу қозғалыс байқалды). Техниканың пайдасын одан сайын арттыру үшін ұрыстың қабілеті мен маневрлілігін білікті түрде қолдана білу керек. Бір сөзбен айтқанда, ұрыс техникасының шайқастағы тиімділігін максималды түрде қолданып, оны әрбір жауынгер, оның ішінде, әсіресе, командир жатпай-тұрмай, күн демей, түн демей шеберлікпен игеріп жүргізе білуі керек. Курсанттар, сіздерге айтам – білімді әскери жоғары оқу орнында, ал дағдыны қызметте аласыңдар, одан әрі техникаға деген қызығушылықты арттыру үшін әр жауынгерді, командирді тәрбиелеу керек. Бұның барлығын орындауға болады. Мен сіздерге қарап отырып ойланып, өзімнің жастығымды есіме алдым», деді Баукең сәл жымиып. – Сіздерге қызыға қарап отырып айтатыным, мен сіздердің жастарыңызда мынадай көлемді болған жоқпын. Расында, қазіргі ұрыс машиналарының жүк көтергіштілігі мықты. Бәрі осындай деп тағы да күпірлік келтірмеу керек. Жан-жақты дайындықта жауынгерге ұрыс машинасының люгін ашып, кіріп-шығу оңай емес. Ал ұрыста осыны секундтың бір бөлшегінде игеру керек. Жас достар, осыны ойлау керек...» деп өткір көздерін біздің жақта отырған қызметтестеріме бағыттады. Мен жан-жағыма көз салып едім, залда отырғандардың көпшілігі ыңғайсызданып, қозалақтап қалғандай болды. Баукең жеңіл жымиып, сөзін әрі қарай жалғады: «Сіздерге, жас достарым, бір жақсы кеңес бергім келеді, артық салмақтан құтылудың жақсы дәрісі – қозғалыс! Жүр, жүгір, сонда бәрі ойдағыдай болады! Маған, кәрі солдатқа сеніңіздер», деп ойын аяқтады.
Бізге Баукең сөзін тиянақты тыңдау, шын мәнінде, ойды мазмұнды етудің нағыз әдістемелік шеберлік сабағы болды. «Қозғалыс» сөзінің мәнін күнделікті тіршіліктегі қарапайым мағынасынан бастап, ұрыс жағдайындағы семантикасын төгілтіп, таразылап, нақтылап, аз сөзбен алдымызға жайып салуы – батыр ойының тереңдігі әрі таным бірлігінде биік екенін танытты.
Осыдан кейін Баукең басын терезеге бұрып, шамалы уақыт үнсіз қалды. Жүзі өзгеріп, қатуланды. Тағы бір жаңа ойды бастағысы келгендей. Осы кезде Баукең мінбеге келіп, микрофонға еңкейе сөзін жалғады: «Әрбір жасы келген қазақ жолда немен келе жатса да оның алдынан бір мола кездессе, міндетті түрде тоқтап көңіл аударады. Егер Құранды білсе, құран бағыштайды, оқиды. Ал егер үлкен зиратқа кезіксе, онда жолаушы жақын келіп, жерден бір уыс топырақ алып, «Жатқан жерің торқа болсын дейді. Бұл дәстүр!» деп айтып, ойлансын, сөздің байыбына барсын дегендей сәл үзіліс жасады.
Одан соң: «Майдан жолының көптеген шақырымын жүріп өттім. Құлап өлген жауынгерлерді көрдім. Жау шегініп кетерде жаралылар мен қарттарды, әйелдер мен балаларды айуандықпен өлтіріп кеткендерін көрдім. Бұл айуандық көрініс». Мұндайды көргенде өзін шаққа ұстаған болар, қатал көздерге еріксіз жас та келді. – Мен бұл көріністер жөнінде көп ойландым да, өйткені командирлер мен жауынгерлеріміздің жүрегіне өшпенділік әкелді. Бірақ бақытыма қарай олар өшпенділіктің айуандығына барған жоқ. Біздің солдаттар фашизм тырнағынан дүние жүзінің халқын аман алып қалу үшін өздерін құрбан етті. Аға ұрпақтың ұлы ісіне бас иіп ұрпақтары жүздеген, мыңдаған ескерткіш пен белгілерді орнатты, егер сөзім дәл келсе, бауырластар зиратын жасады.
Бауырластар зираты! Ол жерде түрлі халықтар мен ұлт өкілдерінің түрлі діни сенімдегі соғыста шейіт кеткендері жатыр. Жер бетіндегі бейбітшілік үшін фашизмге қарсы аяусыз алысып, өмірлерін қиды. Біз мұражайларға барғанда мұрағаттарды көріп, әңгімелер тыңдаймыз, ал бауырластар зиратының басында олардың рухтарына өз еркімізбен тәу етуіміз керек!
Ел арасында немесе басқа елдерге жолаушылап сапарға да көп шығамын. Қай жерде болмайын, сол жердегі бауырластар зиратына баруға тырысамын. Бір жақсысы, зираттың күтілгенін көремін. Басында әрдайым гүлшоқтары тұрады. Өйткені ол жерде адамдар жерленген. Кейбірінде мәңгі алау алаулайды. Бұл дұрыс! Зиратқа жасалған күтімге қарап сол ортаның, халықтың тәлім-тәрбиесі мен мәдениетінің деңгейін байқайсың.
Менің ойымша, соғыс жеңісінің салтанатын тек мәдениет үйлері мен сарайларда ғана өткізбей, сол жеңіске жеткізген жандардың жатқан зиратының басында да өткізу қажет. Бұдан біз төмендеп қалмаймыз, қайта жанымыз тазарады. Азаматтығымыз кеңейеді!» деп Баукең екінші ойын аяқтады.
– Соғыстан қайтпаған солдатты еске алу, оған тәу етіп, құрмет көрсету, оны дәстүрге айналдыруды әрі қарай жалғастырып, іске асыру – жастардың мойнында. Ол – әрбір адаммын дегеннің қасиетті борышы! – деп Баукең сөзін аяқтады.
Баукеңмен екінші кездесуім 1978 жылдың мамыр айында болды. Алматылық ардагерлердің демалып, өзара қауқылдасып, бас қосатын сүйікті орындары бар. Бұл Абай атындағы Опера және балет театрының жанындағы сквер. Мұхтар Әуезов мүсінінің жанындағы орындықта екі адамның сөйлескен дауыстары арасынан Баукеңнің даусын таныдым. Әскери тәртіппен қолымды бас киіміме апарып: «Денсаулығыңызды тілеймін, жолдас гвардия полковнигі!» дедім. Әскерилердің әскери рәсіммен амандасқанын Баукеңнің ұнататынын естігенмін. Маған бұрылып, көзін күннен көлегейлеп: «Сізге де саулығыңызды тілеймін», деп оң қолын ұсынды. Одан соң қазақы дәстүрмен ана тілімізде сәлемдесуді жалғастырдым. Сәлемімді тағы да тыңдап алып, енді маған сол қолын қоса ұсынып, жайлап өзіне тартып, жанына отыруыма ыңғай білдірді. Маған қарап алып: «Сенің атыңды ұмытыңқырап тұрмын, меніңше, сенің атың қазақтың аты емес. Басқасы есімде, сен ол кезде подполковник едің, енді қазір мені қуып жеттің». Осыны айтып күліп алды. Жанындағы әңгімелесіп отырған адамға қарап: «Жастар жақсы адымдайды. Маған академияға түсуіме, яғни тағдырыма әсер еттіңіз деген. Ал, жас полковник, енді бізге қазір соны айт!» деді бірден.
–1966 жылы академияға түсерде емтихан билетіне тактика жөнінде мынадай сұрақ келді: «Қоршаудағы ұрыс және қоршаудан шығу». Сұрақты оқып, таңданып қалдым. Өйткені біз жауынгерлік жарғының «Қорғаныс» және «Шабуыл» бөлімдерін жаттағанбыз.
– Сонда сен жауапты білмедің бе?!
Ойымды жинақтап: – Жоқ, Бауке, мен жарғыны еске түсіріп, оның үстіне, ең бастысы, 316-атқыштар дивизиясындағы арьергард батальонының ұрыс сызбасын тақтаға түсіріп, батальон командирінің ұрысты ұйымдастыруын айтып бердім. Емтихан алушылар асықпай көңіл қойып тыңдады. Емтихан билетінде бұдан басқа тағы төрт сұрақ болды. Бір сөзбен айтқанда, жарты сағат ішінде бес бестік (25 балл) жинап, академияға оқуға түстім. Менің арманым осылай жүзеге асты. Сол себепті, Бауке, сіздің көмегіңізбен мен академияға түстім, – дедім.
– Мәскеу түбіндегі батальонымның ұрыс тактикасы жөнінде қай жерден оқыдың? – деп сұрады. Атақты әскери қолбасшылардың бірнеше кітабын тізбелеп, одан соң Фрунзе атындағы академияда «Ұрыс тактикасынан мысалдар» кітабы шыққанын айттым.
– Сонда не жазылған, Бауыржан Момышұлы тек қоршаудан шығып, шегінумен болған деп пе?!
Мен бірден тездетіп: – Жоқ, бұл кітапта ұрыс түрлеріне қарай басқа да бөлімдер бар, соның ішінде сіз басқарған полк пен дивизияның шабуылы да жазылған», деп жауап бердім.
– Сен әскери училищеден партия мектебіне бекер кеттің. Мен сияқты вечный полковник боласың, – деп сөзін бітіріп орнынан тұрды. Біз осы жерде қоштастық.
Баукеңнің «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Соғыс психологиясы» шығармалары мен басқа да жазба дүниесі келешек ұрпаққа теңдесі жоқ ұлы мұра болып қалады.
Баукең «патриот», «патриотизм» ұғымдарын түсіндіре отырып, ұлттық намыс осы түсініктердің құрамдас мазмұнды бөлшегі екенін баса айтқан болатын. «Адам баласының бойына өз ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениеті, тарихы, ата-бабаға құрметі туған жерге деген махаббатын оятып, патриоттық болмысын қалыптастырады. Ана тіліңді жеткілікті білгенде ғана сен оған қол жеткізесің. Бірақ осының бәрі өзге ұлт өкілінің ұлттық намысына көлеңке түсірмеуі керек», деген болатын.
Талас жоқ дерек: Бауыржан Момышұлы – талантты әскери қолбасшы, дарынды жауынгер-жазушы, бізге әскери психология мен әскери педагогикаға, сондай-ақ тактика іліміне құнды теориялық негіздерді тарту еткен ойшыл-философ. Әскери ғылым тілімен айтқанда әскери ғылымның методологиясына өзіндік бағыт жасаған тұлға.
Жаратылысынан ғажап ақылдылығы мен ержүректілігі, қайнаған күш-қуаты, қайтпас қайрат-жігері Баукеңді көзі тірісінде аңызға айналдырды.
Өкінішке қарай, бейбіт күнде оны бағалай алмағандар да болды.
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысының 1418 күні мен түнінде ерлік жасап жүрді», деп жазды.
Әзекең, меніңше, Баукеңнің жауынгер серіктерінің ой-пікірлерін түйіп айтты.
Бауыржан Момышұлы: «Мен – запастағы полковникпін, бірақ азамат ретінде әрқашан саптамын!» деген болатын. Запасқа мерзімінен бұрын шығарылса да, жасымады, қажымады, морт сынбады, өзіне жауыққандарға жем болмады.
Баукең адамгершілік, азаматтық және Отанды сүю сияқты асыл қасиеттерді ардақтаған тамаша кітаптар жазды. «Бұл – Бауыржанның екінші ерлігі» деді Баукеңнің майдандас досы, жазушы Дмитрий Снегин.
Мен ХХ ғасырдағы ұзақ та қанкешті соғыс қаһармандарынан Баукеңнің бір ерекшелігі осы десем, қателесе қоймаспын.
Баукеңнің есімі – ерліктің символы, Казақ халқының мәңгілік мақтанышы.
Ким СЕРІКБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, әскери ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі