• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қараша, 2020

Әйелдер неге үндемейді?

3175 рет
көрсетілді

Жыныстық бопсалау – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғып, кемсітудің бір түріне жатады. Әйтсе де екінші жақтың қарсылығына қарамастан, жақын­дасуға емеурін танытып, қырындау дәл біздің қоғамда қалыпты саналатын нәрсе. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан заңнамасында жыныстық бопсалау ұғымы жоқ болғандықтан да әйел құқығы жиі бұзылып жатады.

Жыныстық бопсалау фак­тісін қалай дәлелдеуге болады? Неліктен Қазақстанда жы­ныстық бопсалауға қар­сы тиімді заңна­ма жоқ? Заң­на­малық реттеу не үшін қа­жет? Жыныстық боп­салау үшін қандай жаза күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтар «Қазақстандағы жы­ныс­тық бопсалау үшін жа­уап­кер­ші­лік: Әйелдер неге үнде­мейді?» тақырыбында өткен он­лайн-конференция барысында талқыланып, бүгінгі қо­ғамда белең алып отырған мә­селе жайында сөз қозғалды. Мә­селен, Қылмыстық кодекс­тің кейбір жыныстық зорлық-зом­былықтың алдын алуға мүм­кіндік беретін 123-бабы бо­йынша 20 жыл ішінде тек 87 іс тіркелген. Іс жүзінде зар­дап шеккендер арасында ба­лалар, жасөспірімдер, ересек адамдар, жас қыздар мен үлкен әйелдер, жынысы мен жасына қарамастан, ұлтына немесе әлеу­меттік мәртебесіне қара­мастан ер адамдар да болуы мүмкін.

«Кез келген ауыр қылмыс пен зорлық-зомбылық қы­рын­­дау, қудалау мен боп­са­лау­дан басталады. Қы­сым көр­сету – зорлыққа жасал­ған алғашқы қадам. Бірақ Қа­­зақстанның заң­нама­сын­­да жыныстық бопсалау ұғымы жоқ. Сондықтан жә­бірленушілер өзін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Құқықтық реттеудің жоқтығына байланысты жы­ныс­тық бопсалау фак­тілерін дә­­лелдеу де өте қиын», дейді ұй­ым­дасты­рушылар.

«Құқықтық саясатты зерт­теу орталығы» ҚҚ (LPRC) Канаданың жергілікті бас­тамалар қорының (CFLI) қол­­дауымен өткен конфе­рен­цияға қатысқан жетекші құ­қық қорғаушы мамандар, заңгерлер, экономистер, журналис­тер, саясат­керлер мен қоғам қай­раткерлері қазақстандық уни­верситет­тер, мем­лекеттік ме­кеме­лер мен қоғам­дық орын­дар­да­ғы сексуал­ды қысым жағ­­дай­ларына тоқ­талып, зерт­­теу нәти­желерін ұсын­ды. Құмарлық көкейін тесіп, қарапайым этиканы ысырып қойғандардың кесірінен қыз-келіншектер түр­лі психологиялық күй­зеліске ұшырап жатады. Сон­дықтан белсенділер әйел адам­ның әлеуметтік ортадағы мәселелерін тек заң арқылы ғана реттей алатынымызды айтады.

 

Халида Әжіғұлова,

адам құқықтары жөніндегі заңгер:

«Қазақстан ІІМ ресми статистикасы бойынша, 123-бап тәжірибеде өте сирек қолданылады. 20 жыл ішінде, 1998-2018 жылдар аралығында тек 87 іс тіркелді. Барлық тіркелген істердің тек 30-ы ғана сотқа жіберілген. Оның ішінде 25 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылды, бірақ бірде-бір адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілген жоқ. Аталған бап тиімсіз, заңнамалық тұрғыда әлі де жетілдіруді қажет етеді».

 

Құндыз Өтебекова,

адвокат:

«Жыныстық қысымның құрбандары қылмысты дәлелдеудің күрделілігіне байланысты сотта өз құқықтарын қорғауға дайын. Қылмыстық құқықбұзушылық ретінде Әкімшілік кодекс­ке және Қылмыстық кодекске бірдей өзгеріс енгізуді ұсы­намын. Қылмыстық құқықбұзушылықтар соттал­мағандығы туралы анықтамада көрсе­тілмейтін болғандықтан, белгілі бір қыз­мет­пен айналысуға тыйым салу үшін қосымша шаралар енгізу қажет».

 

Жангелді Сүлейменов,

заңгер:

«Алдымен біз талқылап отырған терминнің тұжырымдамасын анықтап алуымыз қажет. Мәселен, «харассмент» сөзін аудармай қолдан­ған жөн, өйткені «жыныстық қысым» сөзі бастапқы мағынасын бұрмалап жібереді. Сондай-ақ өркениетті ел Қазақстан үшін Еуропа кеңесінің «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы» конвенциясын ратификациялауы қажет. Шетелдік юрисдикцияларда қазақстандық заң жобасына қарағанда сәл өзгеше анықтама берілген».

 

P.S.Құқықтық сауаттылық деңгейі төмен әрі қасаң ұғым-түсініктер әлі де бар қоғамда әйелдер құқығы жиі бұзылатыны белгілі. Сондықтан мемлекет қайткен күнде өз азаматтарын жыныс­тық зорлық-зомбылықтан қорғау жүйесін қамтамасыз етуге міндетті. Оның ішінде ашық деректер балалар мен әйелдер қорғауға, қолдауға өте мұқтаж екенін көрсетіп отыр.