• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Қараша, 2020

Минскте әл-Фараби атындағы қазақ сыныбы ашылды

382 рет
көрсетілді

Минск қаласының орта мектебінде қазақ тілін, тарихы мен әдебиетін оқыту кабинеті ашылды,  - деп хабарлайды Egemen.kz

Минск қаласындағы М.Әуезов атындағы № 143 орта мектебінде әл-Фараби атындағы қазақ тілін, тарихы мен әдебиетін оқыту кабинеті ашылды.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев, Завод ауданы әкімшілігінің басшысы Сергей Масляк, бейнеконференция форматында – «Отандастар» қорының Вице-президенті Мағауия Сарбасов, "Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы" РҚБ  және «Отандастар» қоры Президентінің кеңесшісі Болат Дидар қатысты.

Мектеп қонақтарын 10 сынып оқушылары Никита Шалай мен Виолетта Дрозд қарсы алды, олар қазақ ойшылы, ағартушысы және ақыны Абай Құнанбаев пен белорус ақыны Максим Танканың өлеңдеріне жазылған музыкалық-поэтикалық композиция орындады.

Елші А. Бейсенбаев іс-шараға қатысқаны және қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезов атындағы №143 орта мектепке ерекше назары үшін Минск қаласы Завод ауданы әкімшілігінің басшысы С. Маслякқа алғыс білдірді. Мектеп М.Әуезов көшесі, № 5 ғимаратта орналасқанын атап кету қажет. Беларусь астанасынан үш жарым мың шақырым жерде өзінің өшпес туындыларын жарыққа шығарған қазақ жазушысын мәңгі есте сақтаудағы Минск қаласы мен Завод ауданы әкімшіліктерінің кешенді тәсілі қазақстандықтардың терең ризашылығын, екі бауырлас халықтың бірлігі сезімін тудырады.

Елші Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі «Отандастар» қорымен бірлесіп қазақ тілін, әдебиеті мен тарихын оқыту кабинетін ашу бойынша іске асырылған жаңа жоба туралы айтып берді. Оның жайы қайта жөндеуден өтті, дизайнды қоса алғанда онда барлығы Қазақстан мен Беларусьтің өзара достығы мен ынтымақтастығы идеясына бағынады. Қазақ тілін, Қазақстан тарихы мен әдебиетін оқып-үйрену аса қызықты және тиімді болуы үшін қазақстандық тарап мектепке кең форматты теледидар, интерактивті оқулықтар, сөздіктер, танымдық әдебиеттер сыйлады.

Елші 870 жылы қазіргі Қазақстан аумағының оңтүстігінде Сырдария өзенінің бассейнінде орналасқан Отырар қаласының маңындағы Фараб қаласында дүниеге келген және жаңа оқыту кабинетіне есімі берілген Әбу Насыр әл-Фарабидің жеке басына ерекше назар аударды. Орта ғасырларда бұл қала Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда жолдарының қиылысында орналасқан ғылыми және мәдени орталық болды.

«Әл-Фараби феномені оның ғылыми қызығушылықтарының аясы өте кең болғандығында, оны энциклопедиялық ғалым деп атағаны кездейсоқ емес. Оның ғылыми мұрасының әлемдік маңызы бар, ол тек философияны, дінді, логиканы, этиканы ғана емес, сонымен қатар математика, химия, биология, астрономия, медицина, юриспруденцияны дамытуға елеулі үлес қосты. Әл-Фараби ежелгі ғалымдардың – Аристотельдің, Платонның, Евклидтің, басқа да ежелгі грек ойшылдарының еңбектерін қазіргі тілдерге аударған», - деп атап өтті А. Бейсенбаев.

«Осы сыныпта алған білім сіздерге әрі қарай оқуда, өмір жолында пайдалы болатынына, табысты адам болуға көмектесетініне сенімдімін», - деді А. Бейсенбаев.

Завод ауданы әкімшілігінің басшысы С. Масляк екіжақты байланыстарды нығайту үшін Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, білім алмасудың маңыздылығын атап өтті. Аудан әкімшілігінің басшысы №143 орта мектептің терең және көпжоспарлы дәстүрлері бар екенін, олардың ішінде қазақстандық вектор – ең бай, қызықты және қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі екеніне ерекше тоқталды. Ол қазақ тілін, әдебиеті мен тарихын оқыту жөніндегі маңызды әрі қызықты жобаны іске асырғаны үшін Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігіне алғысын білдірді.

Мектеп директоры Дмитрий Бочаров Минск қаласындағы №143 орта мектептің Қазақстанмен достық қарым-қатынасы 1998 жылы бастау алғанын, ал 11 жылдан кейін мектепке М.Әуезовтің есімі берілгенін атап өтті. Осылайша, екі ел арасындағы достық көпірі салынды, соның арқасында мектептің көптеген оқушылары Қазақстанда болды, ал қазақстандық делегациялар өз сапарларында мектепке кірмей қайтпайды. Атап айтқанда, 2011 жылы Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов балаларға қонаққа келді.

Қазақстандық «Отандастар» қорының басшылығы – Вице-президент     М. Сарбасов қазақ тілін онлайн оқыту жобасына бастау берді. Алғашқы сабақты қазақ тілі оқытушысы, «QazWrite» жобасының авторы Айна Алпысбай өткізді. «QazWrite» жобасын іске асырудың нәтижесінде қазақ диаспорасының өкілдері, бизнесмендер, әлемнің түрлі елдеріндегі қарапайым адамдар қазақ тілін қашықтықтан оқуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, қонақтар мектеп оқушылары 50-ден астам сурет пен қолөнер бұйымдарын, ал кіші сынып оқушылары мультимедиялық презентацияларды ұсынған «Біз әр түрліміз, бірақ біргеміз» атты көркемөнер көрмесіне қатысты. Дәстүр бойынша көрме жыл соңында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Мен Қазақстан туралы не білемін?» байқауы аясында өткізіледі. Сонымен бірге, «Қазақстан-Беларусь» мәнерлеп оқу байқауы аясында оқушылардың дайындаған поэтикалық туындыларын, соның ішінде авторлық шығармаларды тыңдау, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары жазған ғылыми рефераттарды қорғау өтті.

Бұдан басқа, тек балалар ғана емес, олардың ата-аналары да қатысатын «Қазақстан-Беларусь – достық көпірі» атты байқау өткізілгенін айта кету керек. Мерекелік күнді Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығына арналған «Что? Где? Когда?» бағдарламасы аяқтады.