ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында Кеңес өкіметі қоғамды қайта құрудың бағдарламасын жасақтап, білім беру ісіне, мәдениет пен ғылым мәселелеріне көңіл бөлді. Алайда сол тұста ел тұрғындарының басым көпшілігі не оқи, не жаза алмады. Халық шаруашылығының әр саласында маман-кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілді. Білікті, оқыған мамандардың тапшылығы барлық жерде, атап айтқанда, материалдық-өндіріс, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдар саласында ерекше байқалды.
Қазақстанда экономика мен мәдениеттің білікті маман-кадрларға сұраныстың өсуі толыққанды жоғары оқу орындарын ашуға ерекше ықпал етті. Сондықтан 1928 жылы Алматыда педагогикалық, 1929 жылы малдәрігерлік, 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы, 1931 жылы медицина, 1931-1932 жылдары Орал және Қызылорда педагогикалық институттары ашылды. Республиканың мәдени өмірінде 1934 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуы ерекше орын алды. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен техникумдарының даму деңгейі жоғары болғанымен, халық шаруашылығының кадр жөніндегі қажеттілігін қанағаттандыра алмады. Өйткені олардың көпшілігі әлі қалыптасу сатысында, кейбіреулері мүлде шағын болатын.
Бастапқы кезеңде жоғары мектептің ең өткір әрі шешілмеген проблемасының бірі – профессор-оқытушылар мен студенттер құрамындағы қазақтардың аздығы. Шындығында, Кеңес өкіметі білім беру мәселесін бірсыдырғы шешті. Алайда процестің маңызды жағын жойдасыз саясаттандырып жіберді. Тәрбие мен оқытудың басты тармағына партиялық-таптық принципті қойды. Сөйтіп алғашқы бесжылдықта «Кадрлар бәрін шешеді» деген ұранды науқанның қызған кезінде жастар мен комсомолдар білім алуға ұмтылушылардың алдыңғы легінде болды. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов ұлт болашағы оқыған зиялылардың қолында екенін айта келіп, оқыған адамның ұлтқа қызмет қылуын: «...Қазақты тура жолға бастайтын да, адастыратын да – оқығандар. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті оқығанынан күтеді. Оқыған адам қара халықтың идеалы (шырағы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығаны түсіну керек, халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін қайтарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді», деген еді.
1925-1933 жылдары Қазақ өлкесін басқарған Ф.Голощекиннің тұсында республикада аласапыран қудалау науқаны басталды. Үкімет басында отырған қазақ зиялыларын «сәдуақасовщина», «меңдешевщина», «қожановщина» сияқты жікке бөлу, ірі байлардың, жартылай феодалдардың шаруашылығын тәркілеу, жер аудару, күштеп ұжымдастыру, қоғамға «жат элементтерді» іздеу сияқты қитұрқы науқандар өріс алды. Сол науқаншыл қызыл ұранның аясында жүргізілген жоғары оқу орындарынан «жат элементтерді» іздестіру әрекеті де тарихымыздың ақтаңдақ беттерінің біріне айналды.
Әкімшілдік-әміршілдік жүйе білім саласын да идеологияландырды. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, оқулықтар, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқына сталинизмнің жаттанды догмаларын сіңірді. 1929 жылы КСРО-ның барлық аумағындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттеріне «жат элементтер» ретінде айдар тағылып, оқудан шығару науқаны бір мезгілде жүргізілуінің өзі сан түрлі ойға жетелейтіні сөзсіз. Оқудан шығару мәселесі жоғары оқу орындары орналасқан қалалардағы қазақ жастарының жерлестік ұйымдарының жиналыстарында қаралды. Қазақ студенттерін оқудан шығару жөнінде құрылған комиссиялар жұмыс істеді.
Бұған Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорында сақталған құжаттарды дәлел ретінде алға тартуға болады. Мысалы, 141-қорда сақталған №1 хаттамада көрсетілгендей, 1929 жылдың бірінші ақпанында Ташкенттегі Орта Азия университетінде 263 студент қатысқан жиналыс өткен. Жиналысқа Қазанғапов төрағалық етіп, хатшысы Рамазанов болған. Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе – Кеңес өкіметіне «жат элемент» студенттерді жоғары оқу орнынан шығару. Жиналыстың барысында Орта Азия университетінен Х.Ақпаев, Х.Исатаев, И.Дусетов, А.Асанбеков, А.Сейдалин, Х.Қаратаев, Тұрсынов, Бөкейханов (Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен шатастырмау керек – Ред.), Р.Қойайдаров, С.Қашқынбаев, Н.Сұлтангереев, М.Буралкинев, Қ.Ақпаев сияқты студенттерді «жат элемент» өкілі санап, жоғары оқу орнынан шығару туралы шешім қабылданған (Қазақстан Республикасы Президенті Архиві (ҚР ПА) 141-қор, 1-тізбе, 2248-іс, 86-п).
Комиссия бір қызығы, Х.Досмұхамедовтің осы университетте оқып жүрген студент қызын оқуда қалдыруға шешім қабылдаған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс,135-п). Бұл шешімге кейбір студенттер өз наразылығын ашық білдіргені хаттамада көрсетілген. Мысалы, оқудан шығарылған «жат элемент» Х.Исатаев жиналыста сөз сөйлеп: «Менің пікірім бойынша комиссияның біздерге қатысты шығарған шешіміне және бізді оқудан шығаруына келіспеймін. Келіспейтін себебім, комиссия өз тарапынан Кеңес өкіметінің жауы болған, алашордашыларды қорғаушы, Алаш Орданың Батыс бөлімшесін басқарғандардың бірі Халел Досмұхамедовтің қызы Рабиға неге оқудан шығарылмайды» деп өзінің пікірін ашық білдірген. Бұл пікірді студент Бөкейханов та қолдаған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс,87-п).
Бұл кезде Рабиға Халелқызы Орта Азия университетінің медицина факультетінде оқитын еді. Ол үшінші курста оқып жүргенде әкесі жұмыс бабымен Алматы қаласына ауысады. Әкесі бір жылдан кейін қызын оқудан шығарып, өзінің қасына алдырады. Рабиға Алматыда медициналық арнайы оқу орны болмағаннан кейін Қазақ педагогикалық институтының биология факультетіне оқуға түсті.
Бұл науқан Мәскеу қаласында білім алып жүрген қазақ студенттерін де айналып өтпеген. Архивте сақталған құжаттарды сараласақ, төмендегідей жайттың куәсі боламыз. 1929 жылдың 22 ақпанында «жат элементтер» ретінде Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орындарын қазақ студенттерінен тазарту, яғни оқудан шығару комиссиясының отырысы өткен. Комиссия құрамында Қ.Таштитов, Қожақаев, Мүсіралиев, Сизонов және хатшысы М.Дәулетқалиев болған. Қ.Таштитов кейін Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарған. 1930 жылы Мәскеудегі Свердлов атындағы коммунистік университетті бітірген. Ал М.Дәулетқалиев – қоғам қайраткері, 30-жылдардың басында ашаршылықтың қазақ халқына әкелген зардабын жеңілдету үшін тәуекелге бел буып, батыл әрекетке барған бесеудің бірі. Ол халық шаруашылығы институтын 1930 жылы бітірген.
Оқудан шығарылған студенттердің қатарында Б.Атшыбаев та бар (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс,61-п). Ол 1923 жылы Тау-кен академиясына (қазіргі Губкин атындағы мұнай институты) оқуға түскен. Бірінші курсты аяқтап, маман-кадрлардың жетіспеушілігінен оқудан қол үзіп, 1923-1928 жылдары Мәскеудегі «Сантонин» тресінде Іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, «АРОСПО» акционерлік қоғамында тексеру комиссиясының мүшесі, «Казкрайсоюздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші, РКФСР Жоғары сотында аудармашы болып жұмыс істеді. 1928 жылы Тау-кен академиясының мұнай факультетінің геология бөлімшесіне оқуға түсті. Комиссия Б.Атшыбаевтың «өмір бойы студент» ретінде жүргенін, 1923 жылдан осы оқу орнының студенті екенін, 2-курста әлі «отырғанын» ерекше атап өтеді. Қазақстанның жоғары білімді маман-кадрларға өте зәрулігіне қарамастан, оны «алашордашы», «жат элемент» деген айыппен кен академиясынан оқудан шығарады. Оқудан қуылған Б.Атшыбаев Гурьев (Атырау) қаласына келіп, «Ембімұнай» тресіне қарасты геология-барлау кеңсесінде геолог, кейін далалық геологиялық-картировка секциясының меңгерушісі болып істеді.
Ал комиссия отырысының 24 ақпандағы хаттамасы негізінде 3-курстан М.Қалменов, С.Бөкейханов бастаған 18 студент оқудан шығарылған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс, 62-п). М.Қалменов – халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі, патшалық Ресейдің І Думасына депутат болған Алпысбай Қалменовтің баласы. Кейін 1933 жылы Мәскеуден кен инженері мамандығын алған ол Қиыр Шығысқа жолдамамен жіберіледі. Осында өндірістік жұмыста жүргенде үстіне тас құлап, қайтыс болады. Бұл әулеттің ұрпақтары ұзақ жыл бойы қуғын-сүргінге ұшырап, қудалауға түсті.
Язязит (архив құжатында осылай аталады, Баязит болуы керек) Өтеғалиұлы Ибрагимов 1927 жылы Тимирязов атындағы ауыл шаруашылығы академиясының агрономия факультетіне оқуға түскен. Комсомол қатарына өткен, мемлекеттік стипендия алып тұрған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс, 2-п). НКВД-ның қырағы қызметкерлері оның шын тегі Танашев екендігін, әкесі патша заманында балық өнеркәсібіндегі ірі кәсіпкердің бірі болғанын анықтаған. Кезінде Танашевтер әулеті Бөкей Ордасы аумағына ғана емес, Ресей империясына да танылған еді. Қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі М.Шомбалов әулетінен, осы академияның студенті Тайыр Шомбалов та оқудан аластатылды.
Мәскеу мемлекеттік университетінен Тұяқ Қайбалдин, ал Сержан Шонанов халық шаруашылығы институтындағы оқуынан шығарылды (ҚР ПА 141-қор, 1-тізбе, 920-іс). Саратов ауыл шаруашылығы институтында оқыған Ш.Күсепқалиев та «жат элементтің баласы» ретінде оқудан қуылды. Оның әкесі Дәулетше Күсепқалиев жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алаш Орда қайраткері еді. Атақты Нұралы ханның ұрпағы болатын. 1928 жылғы күзде «жартылай феодал» ретінде тәркілеуге ұшырағаны туралы құжат жоғарыда аталған архив қорында сақталған.
«Жат элемент», «алашордашыл» деген айдар тағылып, қуғындалған бұл азаматтардың көпшілігінің тағдыры қайғылы аяқталды. Себебі оларды алда қасіретті 1937-1938 жылдардың зұлматы күтіп тұр еді.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы
Атырау облысы