Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы ел көлемінде жүріп жатыр. Осы жайды білмекке Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пания Сармурзинамен тілдестік.
– Қойнауы рухани құндылықтарға толы 362 әулиелі Маңғыстауда 10 мыңнан астам тарихи ескерткіш бар. Осы құндылықтарымызды дәріптеп, тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары біраз жыл бұрын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында басталған-ды. Ал мына бағдарлама бұған дейін атқарылған жұмыстарды іргелендіріп, одан әрі жетілдіруге ықпал етіп, септігін тигізіп дамытуда. Бағдарлама аясында «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» тақырыбында облыстық кешенді экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция барысында ноғайлы кезеңінің ескерткіштері және аймақтың шыңырау-құдықтары зерттелді. Экспедиция қорытындылары туралы деректі фильм түсіріліп, халықаралық «Kazakh TV» телеарнасынан көрсетілді, – дейді Пания Оңайбайқызы.
Расында, аталған өңір қасиетті нысандарға бай өлке. Өткен жылы аймақ тарихын халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында, «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылған екен. Үш күнге ұласқан ғылыми басқосуға Ұлыбританияның Оксфорд университеті ғалымдары, Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстан мамандары шақырылып, барлығы 100-ге жуық зерттеуші өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды игеру жөнінде келелі ой-пікірлер айтылған көрінеді.
Конференция қатысушылары Шақпақ ата жерасты мешіт-ескерткіші, Қосқұдық пен Үстірттегі қола дәуіріне жататын алғашқы қала нышаны бар Тоқсанбай қоныстары және Бәйте, Дікілтас, Әурентөбе, Соққы, Ақпал секілді ерте темір дәуірінің ғибадатханалары мен ортағасырлық қалалар – Жезді, Қарақабақ, Қызылқала т.б нысандарды көзбен көріп, көңілге түйіпті.
«Жерімізден шығатын ұлутастан салынған, көнеден қазірге дейін стильдік ерекшелігі сақталған архитектуралық нысандар бөлек әңгіме. Бұл тұрғыдан, өзге өңірлерде кездесе бермейтін сәулеттік өнердің ерекше үлгілері жағынан Маңғыстау расымен де көш бастап тұр», дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.
Бұл облыста жергілікті маңызы бар 28 нысан және жалпыұлттық маңызы бар 15 нысан тізімге алынған екен. Исі қазақ үшін маңызды саналатын осы 15 нысанның ішінде Алаш жұртына ғана емес, күллі Азияға танымал әулие Пір Бекеттің жерасты мешіті, одан бөлек, Маңғыстау топырағында туып-өскен барша халыққа ерекше ыстық саналатын Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сұлтан епе, Масат ата секілді тұлғалардың мешіт-мекендері жалпыұлттық маңызы бар нысандар қатарында екен. Сондай-ақ бұл қатарға Иса-Досан ескерткіші, әйгілі Балуанияз батырдың кесенесін де қосуға болады.
Әсіресе биыл абаттандырылған Оғыландыдағы Бекет ата мешітіне апаратын «Ата жолын» ерекше атап өтуге болады. Мұндағы жерасты мешітінің айналасы толықтай жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, суағарлар салынып, зияратшыларға толықтай жағдай жасалған. Сондай-ақ Шақпақ ата, Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан епе, Сисем ата, Ескі Бейнеу қорымдарына да дәл осындай абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, келушілерді күтуде.
– Бұл нысандардың тарихи-мәдени маңызын ұрпаққа насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарымызды арттырып, ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуіне атсалысамыз, – дейді Пания Сармурзина ханым.
Қалай десекте, «Рухани жаңғыру» – кең көлемді ауқымды жоба. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» деп дөп басып, дәл айтқан.
Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист