Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі, геолог ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани есімі қазақ ғылымының сан саласымен тығыз байланысты. Ғалымның теңдесіз еңбегінің бір парасы ұлы ойшыл әл-Фарабиді зерттеуге арналды. Әл-Фараби еңбектерін насихаттаумен қатар фарабитанудың жаңа бағытын ашқан теолог-зерттеуші, инженер-геолог ғалымның ғылыми көпшілік және фантастика жанрындағы көркем шығармалар жазған әрі техникалық әдебиетте қазақ тілінің зор мүмкіндіктерін көрсете білген еңбегі өлшеусіз. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қаламы қолынан түспеген ғалымның мұрасын көздің қарашығындай сақтап, қарашаңырағының шырақшысындай болып отырған жары Жамал Шорайқызымен әңгімелескен едік.
– Жамал Шорайқызы, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөз Ақжан Машани сынды ұлтымыздың біртуар тұлғасы туралы айтылса керек. Артында өшпес мұра қалдырған парасат иесі жайында «Пайғамбар мінезді еді» дегенді көп естиміз.
– Ақаң «Пайғамбар мінезді» дегенге әбден үйлесімді тұлға еді. Үйде де, түзде де бір қалыпты, байсалды мінезінен танбайтын. Әрбір асығыс шешімді сабырмен жеңіп отыратындығына қарап, бар әлемнің жай-жапсарын ғылымнан ұғынған-ау деп те ойға қалатын едім. «Ай – түнде керек болса, ақыл күнде керек» дегенді жиі қайталайтын. Сан сауалдың жауабын ғылым жолынан іздеген Ақаң парасаттылыққа терең бойлап, ілімі арқылы адамзатты тануға талпынды. Көңіл түкпірінен шыққан қуанышын қоңыр үнімен «карамат, карамат» деп жеткізіп отыратын. Бар дүниенің рақатын, байлықтың берекесін ғылымнан іздеген Ақаң артында өшпейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәңгілік мұра қалдырып кетті.
– Рухани ордасы, қарашаңырағының отын сөндірмей, еңбектерін хал-қадеріңізше сақтап келесіз. Жеке мұрағатында бүгінде жарыққа шықпай қалған қандай еңбектері бар? Ғалымның Құранды тәпсірлеп, төте жазумен жазған құндылығы жоғары қолжазбасы жарияланбай қалғандығы жайында айтылып келген еді.
– Ақаңның өзі зерттеген ғұламалар мекеніне аттанғанына да міне жиырма бес жылға жуықтап қалыпты. Үйдегі еңбектерінің шашауын шығармай, Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивке табыс еттім. Ғалым мұрасының ендігі иесі – бүгінгі ұрпақ қой. Ақаң Құранды түсіндіру еңбегін ғылыми тұрғыда пайымдаса, Халифа Алтай ағамыз діни салада тәпсірледі. Екеуі жиі араласып, талай сырласып, талқылап, біраз бірге жұмыс істегені бар. Ақаң «Темірқазық» төбемізде тұр дейтін. Мұны еңбектерінде де дәлелдеп жазды. Темір Менделеев кестесінде 26-болып белгіленген. Мысалы, Ақаңша айтқанда, «Жиырма алты, яғни темір саны. Темір ол ерекше формалы, жертектес зат. Құранда оған арналған 57-сүре – әл-хадид. Арабша хадид – темір» деп дүние ғаламда темірдің алатын орны ерекше екендігін айтады. «Әзірше айтарымыз, жиырма алты саны темір=хадид саны болуымен қатар ол Жер тек бейнесі – текше, ол Қағба бейнесі. Текше ең берік қиас – симметрия бейне.Тегінде симметрия ұғымын темірмен байланысты алынған деп білеміз: (М+Т-Р, Т-М-Р) мұнда дауыссыз үш әріптің орындары ғана ауысқан. Ғаламның өлшеуіші темір деген мағына туады» деген ғылыми негіздері әрі қарай тереңдей береді. Ақаң өзінен кейінгі ұрпағының бастаған ісін ұмыт қалдырмай жалғастыратынына кәміл сенді. Жарық көрген 16 томдық қолжазбаларынан басқа Құранды ғылыми тұрғыда талдап жазған еңбегін қолжазба күйінде 48 беттен тұратын 16 дәптерді ұқыптап сақтап келдім. Болашаққа керек еңбек жақында Халықаралық Түркі академиясы тарапынан жарыққа шыққалы отыр. Бұл игі іс ғалымның бекерге тер төкпегенінің нышанындай. Ал Ақаңның ғаламды танудағы «Жанар тау», «Жер сілкіну», «Таулар қалай құрылды?», «Жер сыры», «Ғажайып ошақ басында», «Табу» сияқты көптеген еңбегі бүгінде жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін білім ошақтарында көбірек насихатталса құба-құп. Өйткені қоршаған ортаны, жер кеңістігін танудағы Ақаң ілімінде ғылымды тереңге бастайтын ғажайып ізденістердің бастауы жатыр. Сондықтан да ғалымның қай еңбегін алсақ та, ұлттық ғылымның қажетіне жарайтын құнды дүниелерді аршып алатын тың деректерге тұнып тұр.
– Машани есімін бүгінде әл-Фарабиден бөле-жарып қарай алмаймыз. Ұлы бабамыздың Сириядағы зиратын тауып, оған қазақтан тұңғыш барған ғалым Ақжан әл-Машани екенін бүгінде әлем ғалымдары мойындап отыр.
– Ақаң өмір бойы әл-Фараби деп өтті ғой. Бір ауыз сөз жазса да, «біздің шалдыкі» деп отыратын. Сонда мен «Өзіңіз жазып, неге олай дейсіз?» деген сұрақты жиі қоямын. Бар жауабы «әл-Фарабиді танығандар мені де танитын болады» дегені көрегенділік пе деймін. Тіптен, көптеген қолжазбасына аты-жөнін көрсетпей, әл-Фарабидікі деп қоятын. Кеңес өкіметі кезінде әл-Фараби әлемін зерттеймін деп көп қиындық көргені белгілі. Бар арманы осы жол болғандықтан, мешітке барып хат танығандардан тіл үйреніп, арабша оқыды. Таяу Шығыс елдерінде, Мәскеу, Ленинград, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларының архивтерінде көп жұмыс істеді. Әрине, ғылымдағы жолын Фараби іліміне арнаса, Сириядағы зиратын тауып, қазақтан тұңғыш барған Ақжан әл-Машани екені әлемге мәлім. Сондықтан да ғалымның еңбектері жастар арасында кеңінен насихатталса дегім келеді. Осы еңбегінің арқасында Еуропа елдерін ғылымға, өнерге оятқан ислам мәдениеті екенін де айтып кеткен Ақаң болатын. Ұлы бабамыздың 1100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде Қазақстанда атап өту туралы шешімнің қабылдануы да Ақаң салған соны сүрлеудің, өлшеусіз еңбектің нәтижесі. Халықаралық конференция барысында әлем ғалымдары іліміне тәнті болып, Ақаң еліміз бен шетелдердегі әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқы ғылыми кеңесшісі болғандығы да жайдан-жай емес.
– Машани ілімі бүгінде ғылыми ортаға жақсы таныс болғанымен, осынау бай мұраның авторы жайында оқылымды дүниелер сирек. Осы орайда әл-Фараби зиратын тапқан сапары жайында айтып берсеңіз.
– Бұл сапар жайында Ақаңнан асып ештеңе айта алмаймыз. Саналы ғұмырын, бар арманын осы ілімге арнай отырып, одан бір нәтижелі іс шықса деді. Өзі жазып кеткендей, әл-Фараби артына зор мирас қалдырған. Оның ғылыми мирастары барлық адам баласының кейінгі ғылыми-рухани дамуына әсер етті. Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Сирияның астанасы Шам қаласына туристік топтың жасақталып жатқанын естіп, осы топқа ілігуге барын салды. Бірақ нәтижесіз іс болғаннан кейін, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Д.Қонаевтан көмек сұрай барғаны есімде. Кезінде Лениногорскіде шахтада бірге істеген екі тұлғаның таныстығы сонау 1942 жылдан басталғаны белгілі. Содан Д.Қонаев Араб еліне сапардан Ақжан Машанов қалып қоймасын деп тапсырма бергеннен кейін, Сирия қайдасың деп тартып отырды. Арманы осы еді ғой. Бұл Ақаң олжасының бастауына айналған нәтижелі болғанымен, ауыр сапар болды. Осы жолда Ақаң дүниежүзі мұрағаттары мен кітапханаларындағы әл-Фараби еңбектерін жинады. Бабамыздың мәңгілік мекені – Баб ас-Сағир зираты басына барғандағы ішкі сезімі, көңіл күйінен елге оралғаннан кейін де біраз уақыт арыла алмай жүрді. Осыдан кейін «Әл-Фараби және Абай» еңбегі жазылды. Сол сапарында Адамата мен Хауанамыздың Жер бетіне алғаш аяқ басқан жері, аты аңызға айналған Касун тауы, ондағы Адам Атаның ұлы Әбілге салынған күмбезін көреді. Сол сапар барысында адамзат өркениетінің ізі қалған Пальмира қаласын, Бейбарыс бабамыздың қамалын көру, Әмір Темірдің ізі қалған жерді басуының өзі ғылымдағы өміріне азық болды. Қиындығы қатар жүрген әр сапары ерлікпен пара-пар болатын. Өз естелігінде «Таңертең менің турист достарым тегіс «Шаһаризада» базарын аралауға кетті. Көлік айтылған уақытта емес, кеш бата келді. Күзетші бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл алшақтау жерде жатқан жұпыны, сырты цементпен сыланған екен. Күзетшінің айтуынша, оның басында бұрын белгі болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Айналасында тұрған қабірлердің де белгісі құлаған. Күзетші зираттың әл-Фарабидікі екеніне ешбір шүбә келтірмеңіз деді. Өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі. Әл-Фараби зиратын дереу суретке түсірдік, өйткені сол кезде күн батуға жақын еді. Адамдар неге ұмытшақ, неге ғапыл – өшпес мұра қалдырған дананы ұмытады? Отырарда қандай белгісіз болса, мұнда да дәл сондай, жоқтаусыз жетім бала сияқты. Көңілім біртүрлі бұзылып, назымды қойын дәптеріме түсірдім», деп айтқандары ғалым зерттеулерінің мазмұнын тереңдете түседі.
– Бабасы Машан бидің Абай хакімнің әкесі Құнанбаймен замандас, дос, сүйек жақын болғандығы туралы, Шәкәріммен таныстығы, сондай-ақ өзі өскен, оқыған рухани орта жайында әңгімелеуші ме еді?
– Ақаңның Қарқаралы өңірінде өмірге келгені, туған өлкесі жайындағы әрбір толғанысы ғылымға барып тірелетіні анық. Абайдың туғанына жүз жыл толуына орай жазған еңбегінен кейін хакім өмірін тану үшін біріншіден, әл-Фарабиді терең меңгеруім керек дегені бар. Бұл зерттеулеріне «Әл-Фараби және Абай» еңбегін арқау етті. Ақаңның үлкен атасы қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Масан кейіпкер (ноқаты қойылмай кеткендіктен бір әріптен қате кетіп, осылай жазылған) Құнанбай сұлтанның бас биі болған. Өз әкесі де заманының сауатты старшыны, болыстық билікке араласқан дәулетті кісі болыпты. 85 жасында дүниеден өткен атамызды ел арасында әлі күнге дейін құрметтейді. Үлкен енеміз Желкілдек те ақылды, дана кісі болған деседі. Анасы Ғайша көп жасап, 97 жасында дүниеден өткен. Құнанбай қажы мен Машан би жылда Қоянды жәрмеңкесінде бас қосатын көрінеді. Бірде жәрмеңкеге барған Ақаң Шәкәріммен де кездескен екен. Ақаңның әкесі Құранға жүйрік болған адам. Сол кезде қазақ даласындағы алғашқы «Дала уәлаяты», «Айқап» басылымдарын жаздырып оқиды екен. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен үйренсе, кейіннен, 1924 жылы Әлімхан Ермеков негізін қалаған Қарқаралыдағы педагогикалық техникумға түседі. Алаш қайраткерлерінен дәріс алады. Осындай ортаның зерделі өкілі бар саналы ғұмырын ұлтының келешегі жолындағы ғибратты іске арнады.
– «Менің ұстанған жолым шамам келгенше шындық іздеуден туындаған. Оны қайдан табасың? Оны Құранның аятынан табасың. Онда бүкіл ғалымның сыры бар, шындық. Ол – Ғалымның иесі», дейді ғалым. Ақжан Жақсыбекұлы неше жасынан бастап дінге ден қойған еді?
– Абайдың «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» дегені сол сөз Құран, – дейді Ақаң. Құранға қосымша, оған жалғас түсінік ретінде Пайғамбарымыз Расул Алланың өсиет сөздері бар. Оларды «Хадис» деп атайды дегені бар. Осы ілімді көкірегіне түйіп, тереңінен түсініп барып 50-ден асқанда намазға жығылды. Дін мен ғылымды қатар қоя отырып, сөздерді, оны құраушы әріптердің сандық мәнін қолдануда Абжәд есебі барлық есеп ғылымының, сол арқылы барлық табиғат ғылымының бастауы екендігінің бізге беймәлімдігін көрсетеді. Ғылыми ізденіс жолында алдымен табиғат дүниесін танудан бастау керек, дейді Ақаң. «Әл-Фарабидің «Табиғат – матбуғат» деген тамаша қағидасы бар. Бұл Матбуғат деген шындық кітап шығаратын баспа орны деген сөз. Басқаша айтқанда, адамға білім, ғылым беретін негізгі оқулық табиғат деген мағынада» дей келіп, алдымен адам өзін-өзі танудың өзі бір үлкен медресе. Бұл арада тіл білу, есеп білу – табиғат танудың басты шарттары» дегенінің философиялық мәні тереңге кетеді. Ақаң ғылымның жетістігі арқылы әл-Фараби ілімін ғылыми ислами негізде сабақтастыра білді. «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» сияқты көптеген еңбегі осының дәлеліндей.
– Кезінде ғалым діни көзқарасы мен мұсылмандық ұстанымы үшін қатаң сыналып, «Машани басына сәлде таққан молданы насихаттап жүр» деген айып тағылғаны белгілі.
– Кеңес тұсында партия мүшесінің намаз оқып, мешітке баруы қатаң сыналды. Үсті-үстіне тексеріп, аңду қойғаны да рас. Бірақ осыған қарамастан, намазын қаза қылмады. Жұма сайын мешітке барып намаз оқыды. Ол кезде профессордың мешітке барып намаз оқуы елді елең еткізген жағдай еді. «50 жасқа келгенде, шәкірт болып, имамдардың алдында тізе бүктім. Араб тілінде жазбасам да, әл-Фарабиді түсінетіндей дәрежеде тіл білуім керек», тіптен, қазақ ғалымдарының ата-баба жолымен жүргені дұрыс емес пе» деуінің өзі неге тұрады. Намазды үйде отырып-ақ оқи бермейсіз бе деп жаны ашығандар да табылды. Бірақ Алланың үйіне баруы қатаң сынға алына берді. Осыдан кейін партия билетін қайтармақ болып, Д.Қонаевтың қабылдауына барып, «Жасым болса келіп қалды. Мына билетті аман-есен кезімде қайтарайын», дегенінде Д.Ахметұлы оның сөзінің райын түсініп, ғалымға тиіспеңдер деп тапсырма берді. Осыдан кейін біраз уақыт тыныштық орнады. Бірақ арыз жазғандар мұнымен де тоқтамады ғой. Сонда институттың партия ұйымының хатшысына барып: «Машанов бәрібір тарихта қалады. Тарих сендерден сұрайды», деп айтып кеттім. Сол кезде менен партия ұйымының хатшысы «Үйде намаз оқи ма?», деп сұрады. Несін жасырамын, «Оқиды», деп жауап бердім. Хатшы «Мешітке әл-Фарабиді зерттеу үшін, соның аудармасы үшін бардым деп жазып берсінші. Бізден жоғары жақ соны талап етіп отыр», деді. Үйге келген соң Ақаңа болған жағдайды айтып, «Машанов баратын жеріне барып болған, енді мен барам», деп жауап бердім» дегенімде көзіне жас алып, маңдайымнан сүйіп, «Өлсем арманым жоқ. Қорғайтын адамым бар екен. Рахмет», деп хатшының айтқан сөздерін қағазға жазып, қолын қойып берді. Осыдан кейін олар Ақаңды мазаламады.
– Ақжан Жақсыбекұлының Меккеге барсам деген арманы болған екен. Алайда көзі тірісінде бұл сапардың сәті түспеді. Ғалымның арманы қандай еді?
– Меккеге барсам дегенді жиі айтып жүрді. Бірақ бұл тілегіне жете алмады ғой. Ақаң жетпей кеткен Меккеге 2017 жылы өзім барып, қасиетті парызымды өтеп, зиярат етіп қайттым. Бүгінде өз шаңырағында ғалымның мұрасына ие болар тұяқ та қалмады... Ұлы Аррат та, оның ұлы да қайтыс болды. Әлішері жақында көз жұмды. Ғабдолласы да бүгінде мәңгілік мекенінде. Үйдегі керек-жарақ бұйымдарды аталарының көзіндей көріп жүрсінші деп әулеттен тараған қыздарға еншілеп таратып бердім. Өз басым көзі тірісінде аталарымның да, Ақаңның да атын тура атамағанмын. Ақаң да маған құрметпен қарап, өмірінің соңына дейін Жәкіжан деп атап кетті. Ақаң туған халқының бар ауыртпалығын мойнына алып, бар қиындықты ай астында отырып өзіне тілеп алғандай көрінетін. Әр таңда ізгілік, қайыр, ісіне береке тілеп оянатын. Бар саналы өмірін ғылым жолына арнап, басқа дүниеге басын ауыртпады. Маңдай терімен тапқан қажырлы еңбегінің ақысын пайдалы іске жаратып, содан рақаттанды. Ақаң есепке жүйрік болатын. Осы уақытқа дейін партияға төлеген жарнама бір ұшақ келетін еді деп отырушы еді. Атаққа да құмартпады. 85 жасқа толған мерейтойында «Социалистік Еңбек Ері» атағын береміз деп еді, аяқсыз қалды. Араға 5 жыл салып Ұлттық Ғылым академиясының құрылтайшысы, ең алғашқы корреспондент-мүшесінің бірі ретінде «Халық қаһарманы» атағын береміз деп еді, ол да бұйырмады. Сөйтіп жүргенде көктемде Ақаң дүние салды. Парасаты биік тұлға бұл жалғаннан бұйырмаған атаққа бола қынжылып, жанын ауыртпады. Бірақ 1978 жылы Ақбастау-Қосмұрын алқабында алтын кенін тұңғыш ашқан ғалым ретінде алған өтеуіне қатты ренжігені бар. «Әл-Фарабиден бастап қаншама еңбектер жаздым. Ол менің қасиетті жұмысым. Ал алтынның жөні бөлек еді. Осы еңбегім лайықты бағасын ала ма деп жүрген едім. Егер шетелде болса, кен орнын ашқан адам миллионер болатын еді» деп ренжігенде, аяныштан басқа амалым қалмаған.
Ақаң ғылым жолында өз өмірін сарп еткен тұлға. Еңбек жолы өзі оқыған мектепте мұғалімдіктен бастап, сонау 1933 жылдары Семейдегі геологиялық техникумындағы дайындық курсын бітіргеннен кейін Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтының алғашқы студенттерінің бірі болып оқуға түсті. Мұны айтып отырғаным, Ақаң жас болса да ғылымға саналы түрде келіп, сол заманда ұлттық ғылым үшін сирек саланың тұтқасын ұстады. Оқи жүріп техникумдарда, курстарда сабақ берді. Аспирантурада білім алды. Осы жолда Ақаң ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын арқау етіп, зерттеді. Бұл тақырып сол кезде екінің біріне оңайға түспейтін тақырып болса керек. Осылайша, Ақаң бастаған зерттеудің жаңа әдісі еліміздің кен орындарында сынақтан өтті. Міне, осы табанды еңбегінің арқасында 1940 жылы геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын бастаған аспирант Ақжан Машанидің жаңа әдісі негізінде Ақбастау-Қосмұрын алтын кен орны ашылды. Осылайша, Ақаң еңбегі геология мен тау-кен саласында ғылыми жаңалық болып танылды. Ал 1946 жылы Ақаң Мәскеуде геология, механика және тау-кен ісі сияқты үш мамандық негізінде докторлық диссертациясын қорғап, жаңа ғылыми бағыт – геомеханиканың негізін қалады. Үлкен ғылыми жаңалық ашқан ғалымның еңбегінің өтеуі еліміздің келешегімен байланысты деп білемін. Десек те, ер қамын ойлайтын азаматтардың арқасында Алматыдағы «Таугүл» шағын ауданында, Қарқаралыда Ақаң атына көше берілген. Қарағандыда салынған үлкен мешіт Ақаң атымен аталады. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ұлы ұстазы әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өткенде, сол кездегі облыс әкімінің ұйғарымымен әл-Фараби атындағы сыйлық берілді. Әттең, бұл күнді Ақаң өзі көрмей кетті. Әйтпегенде Ақаңа бұл сыйлық үлкен рухани күш-қуат беретіні сөзсіз еді. Ақаң ғасырларға сапар шеккен даналықтың нышанындай туған ұлтының жүрегінен орын алар игі іс істеп, қазақ ғылымы үшін мәңгілік мұра қалдырып кетті.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»