Алаш қозғалысы мен оның жеңісті шыңы – Алашорда үкіметі хақында неше алуан зерттеулер, ғылыми еңбектер мен тарихи-танымдық шығармалар жарық көріп жатқаны белгілі. Солардың ішінен жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың он бөлімнен тұратын, үш томға жинақталған «Алашия» рисәләсі жайында бірер сөз айтпақпыз.
Қаламгердің бұл деректі-көркем, тарихи-танымдық туындысына қазақ азаттық қозғалысының тууы, даму барысы және қол жеткізген нәтижесі арқау болған. Кең көлемді дастан, эпопея типтес шығармада еліміздің империя отары ахуалындағы жай-күйі, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігі, жалпыреволюциялық қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар бастан кешкен ояну үдерісі, сөйтіп Алаш қозғалысының бодандықта өмір сүріп жатқан түркі-мұсылман халықтары қозғалысымен бірге өрістеуі барысында, ХІХ ғасырда жоғалтқан мемлекеттілігінің 1917 жылы қайта жаңғыруы баяндалады. Тарихы отарлық кезеңнің ақырғы мүшелін (1905 жылдан 1917 жылға дейінгі мерзімді) қамтитын, империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен астасқан Алаш қозғалысы сынды осы ерен де ерек құбылысты автор бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тəуелсіздігіміздің іргетасына балайды.
Кітаптың алғысөзінде автор рисəлəні құрайтын туындыларды қандай да бір əдеби жанрға жіктемей, əр шығарманы өзінше бір этюд, рисəлəнің бір бөлігі деп санайтынын атап өтеді. «Рисəлə тұңғыш рет өмірге, сол заманғы қолданылу ретіне сай, жолдау деген мағынамен келген, біртіндеп араб, парсы, түрк қарасөзінің өзіндік жанрының атауына айналған болатын», деп жазады ол. Осы атауды жанр ретінде жаңғырту ниетімен және өзінің ойына алған мақсатына қызмет етеді деген сеніммен топтамасын рисəлə деп атағанын, өйткені өзіне оның түпкі мағынасы ұнайтынын айтады.
«Алашия» рисəлəсі жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империядағы жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын жəне оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін жеке-жеке бөлімдерге жіктелген тарихи-танымдық он этюдтен тұрады. Алғашқы томға солардың үшеуі енген. «Аңсау» атты алғашқы бөлімінен бастап, еліміздің бостандық үшін жаңа тұрпатты күреске бет бұрғаны нақтылы тарихи деректер арқылы суреттеледі. Қазақ даласындағы маусымдық ірі сауда-саттық орындарының бірі – Қоянды жəрмеңкесінде 1905 жылы өткен халық жиыны іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің бастапқы ірі белесі болатын. Халық жиынына қатысқан, рисәләнің негізгі кейіпкерлерінің бірі – Еркіндік есімді жасамыс адам. Ол отаршыл өкімет қазақ елін душар еткен қиындықтарды қаршадайынан бастан кешіп келе жатқан қарт еді. Империяның қилы жолмен қазақ жеріне сұғына енуі елді ұлттық езгіге, əлеуметтік күйзеліске ұшыратты. Сол шақта Еркіндік ауыр тұрмыс ашындырған жұрт ішінен өкіметке қарсы қол бастап шығып, сонысы үшін каторгаға айдалған болатын. Каторгадан бірінші орыс революциясы оқиғалары кезінде қашып шығып, елге келген беті еді. Айдауда жүргенде Еркіндікті революция жаңа күреске жігерлендірген-тін, алайда оның тағы да жұртты көтерсем деген құлшынысын аймақтағы дәулеттілер құптамайды. Олар негізінен орыс оқуын тауысқан жастарға сенім білдіретін. Ал оқыған жігіттер үкіметке арнайы тілекхат жазуды қолға алған болатын. Қарт каторожник олардың ниетін ə дегенде қабыл алмай, біртіндеп қана бет бұрады. Бұған ереуіл кезінде жазалаушы жасақ қолынан қаза тапқан жауынгер серігінің ұлы, өзінің баласы іспетті Өтеміс есімді жас жігіт ықпал етеді. Ол жəрмеңкеге келе жатқан (Əлихан Бөкейхановтың жас кезін елестететін) оқымыстының əңгімесін тыңдау барысында, сол таңдағы азаттық қозғалысы жайында алғаш мағлұмат алған еді. Албырт бозбала жəрмеңкедегі күндерде аңсаулы өзгеріс рухына өзі бейімделіп қана қоймай, Еркіндік көкесін де соған тартады. Үкіметке петиция дайындау жəне оған көпшіліктің қол қоюы кезінде қарт көтерілісшінің оларды қолдағаны соншалық, патша үкіметіне жазылған ұжымдық хатты Қарқаралы поштасы империя астанасына жіберуге қабылдамай қойғанда, оны Дала өлкесінен тысқары, ішкі Ресей қалаларының біріне жеткізіп, поштаға салуды өз міндетіне алады.
Қазақ даласына отарлық дəуірдің қалай орныққанының тікелей куəгері Еркіндіктің жастайынан кеудесіне кек байланған болатын. Жеткіншек шағында отаршыл атты əскер құм ішіндегі ауылын шапқаны, олардың шаңырақты үй ортасына түсіріп ойрандағаны, желкілдеп өсіп келе жатқан тете əпкесін қылышын жалаңдатқан зұлымның қорлағаны ешқашан көкейінен кеткен емес. Сондағы əке-шешеден, туыстарынан айырып, өз тағдырын күрт өзгерткен нақты жауын ол ондаған жылдардан соң осы жəрмеңкеде көреді. Байырғы қаскүнем – түбіт мұрт əскери жігіт бұл кезде қалтаңдаған шалға айналған, ол осындағы үлкен ұлықтың əкесі екен. Еркіндік одан, өзінің жеке дұшпанынан өш алуға ниеттенеді. Алайда нағыз жеңіске жету үшін бұл аздық етер еді. Қарт соны түйсінеді. Дұшпанды шындап жеңу үшін күллі көзі ашық жұрт бірлесіп көтерілуге тиіс. Озбыр отаршыл өкіметпен ел болып күресу керек, бəрінен осы маңызды. Осындай ойға ұйыған қарт та, оның баласы сынды Өтеміс те сол жылғы жаз соңында тарихи тұлғалармен бірге Нижний Новгородқа барады. Ока өзені айдынында қалқыған пароход үстінде өткен мұсылмандар съезіне қатысады (бұл жайт «Тамыр» атты екінші бөлімде суреттеледі). Бұдан кейін, 1905 жылғы күздің соңғы айында оларды Қарқаралы өңіріндегі ел басқарудың республикалық режіміне бет бұрған оқиғалар ішінен көреміз. Ал қыс түсе олар Нілді кенішінде шетел капиталистеріне қарсы қазақ-орыс одағын құрып, күресуге бел буған жұмысшылар толқуына, жыл соңына қарай Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясын құрушылар құрылтайына қатысушылар ішінде жүреді. Бұлармен бірге тосын революциялық көзқарастағы Жасай атты оқыған жігіт бейнесі, оның билік өкілдерімен жəне империяшыл құрдастарымен, Оралда құрылмақ саяси партия белсенділерімен қақтығысы алғашқы орыс революциясы жылдарындағы жаңаша қалыптасуға бет алған ұлттық қозғалыс сипатын толықтыра түседі (бұлар «Айбат» бөлімінде әңгімеленген). Аталған бөлімдерде жалпыресейлік мұсылман қозғалысының күшеюі, қазақ қайраткерлерінің қатысуымен ашық əрекетке шығуы («Тамыр»), жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер үшін күресу барысында қазақ жерінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы көріністері қалай туғаны («Айбат») көрсетіледі. Рисәләнің бірінші томына енген осы үш бөлімде, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ даласының жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұраттастығын айқындап, күрес жолдарын белгілеуі, елдікті жаңғыртудағы болашақ саяси құрылым жобаларын түзуі сөз болса, келесі томдағы төрт бөлімде («Ақ бата», «Мұнара», «Сағым», «Тұмылдырық») халық өкілдерінің империядағы заң шығарушы мекемеге көзқарасы, артқан үміті, қазақ мұңының Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелердің Екінші Думада қаралуы, ақырында Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімеленеді. Соңғы томдағы үш бөлімге («Жекпе-жек», «Шабуыл», «Мәңгі бастау») ел мүддесін көздеген зиялылардың Он алтыншы жыл көтерілісіне орай империяның биік орындарындағы, Төртінші Думадағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты туған жаңа саяси мүмкіндіктерді пайдалану мақсатындағы іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, қозғалыстың квинтэссенциясы секілденген жұлдызды сәт – Қазақ Ордасының жалғасы іспетті Алаш Ордасының дүниеге келуі арқау болған.
Рисәләда орыс отарына айналған түркі халықтарының (қырымлы, татар, башқұрт, әзербайжан, өзбек, қазақ) озық өкілдері орыс мүддесіне адал қызмет ете жүріп, қаналған жұртының мұң-мұқтажын терең сезінгені, тиісінше, ұлттық қозғалыстың өркениетке сай өрбуіне елеулі үлес қосқаны айтылады. Солардың қатарында империяның орыс емес халықтарын басқару ісіне, Мемлекеттік думаға отар халықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарастырылуына атсалысқан генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шыңғысхан, түркі халықтарының тіл, діл, дін және істе бірлігі болуын көздейтін ағарту бағытында өте елеулі жұмыстар атқарған Ысмайыл Гаспринский бар және Алаш қозғалысының әр кезеңінде ел ішіндегі азаматтармен бірге әрекет ететін тарихи тұлғалар ішінен Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов, Сәлімгерей Жантөрин, Құтлұмұхамед Тевкелев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Седельников, Ахмет Бірімжанов, Ильяс Бораганский, Рашид Ибрагимов, Мұстафа Шоқаев, Жаһанша Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, сондай-ақ Ресей империясының ІІ Николай патша, премьер-министр Петр Столыпин, Төртінші Дума төрағасы Михаил Родзянко, Мемлекеттік дума мүшесі, «Еңбекшілдер» фракциясының төрағасы Александр Керенский секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерін де кездестіреміз.
«Алашия» рисəлəсі 1905 жылғы петиция науқанынан бастау алып, бірте-бірте дамыған қазақтың жаңа тұрпатты азаттық қозғалысы мен сол жолдағы маңызды оқиғаларды бейнелейтін Алаш дəуірнамасы іспетті. Трилогияның жекелеген бөлімдерінің бастапқы нұсқалары мен үзінділері әр кезде қағаз және электронды БАҚ беттерінде, әртүрлі кітаптарда жарияланған. Толық нұсқасы тұңғыш рет «Алашия» үштомдығы ретінде 2018 жылы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді. Аталған тарихи дастан біздің бүгінгі ойлы жастарымыздың отаншыл, мемлекетшіл болып өсуіне септесетініне сеніміміз кәміл.
Балжан ХАБДИНА