• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қараша, 2020

Стоматологиялық кабинет ашылды

540 рет
көрсетілді

Ақтау қалалық №2 емханада көптен күткен стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл – тұр­ғын­дар саны арта түскен облыс орталығындағы тіс емдеу кабинеттерінің қатарын толық­тыру­­дағы оң қадам.

Маңғыстау облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Ақтау қаласы бо­йын­ша барлығы 7 емхана бар, оның ішінде екеуі мемлекеттік болса, қалғаны – жекеменшік. Бұрын тұрғындар қаланың шет жағындағы облыстық стома­то­ло­гиялық орталыққа тіс дәрі­ге­рі­не баратын болса, енді тіс дәрі­ге­рінің қызметі №2 емханада да қол­жетімді болмақ.

Емхананың екінші қабатында орналасқан стоматологиялық кабинет кресломен жабдықталған және арнайы стоматологиялық қондырғысы бар. Науқастарға тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемі және мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру аясында, яғни екі пакет негізінде сапалы көмек алуына болады. Науқастарды тіс дәрігері және медбике қабылдайды, олар кез келген жедел көмек көрсете алады. Аталған емханада стоматолог кабинетінің ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да пациенттер санының артуы байқалады.

Кабинетке тіс дәрігері ретінде жұмысқа жоғары санатты дәрігер Шәміл Надир шақырылды. Ол алдымен 2002 жылы Ақтау «Мейірбике» медициналық кол­лед­жін «Тіс технигі» ма­ман­дығы бойынша бітіріп, 2007 жы­лы Марат Оспанов атын­да­ғы Батыс Қазақстан меди­ци­­налық университетінде жо­ғар­­ы білім алған. Еңбек жолын Қарақия аудандық емханасында тіс дәрігері ретінде бастаған Шәміл 12 жылдан бері тісі ауырғандардың жанынан табылып келеді. Емделушілердің ықылас-сенімі де төмен емес, тісі ауырғанда алдына қиналып кел­гендер, көп ұзамай алғысын айтып күліп кетіп жатады.

– Біз ғана емес, науқастар да сапалы медициналық көмектің қол­жетімділігін жақсарту үшін Ақтау қалалық №2 емханасының база­сында стоматологиялық каби­нет­тің өз жұмысын бастағанына қуанып жатқанын айтады. Біз өз алдымызға ең алдымен сапалы қызмет көрсетуді міндет етіп қой­дық. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолдау бар, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған, – дейді Ш.Надир.

Күніне 30-ға жуық адам тіс дәрі­геріне келіп, сапалы қызмет алуы­на болады. Науқастарға тіс ауруының диагнозы қойылып, біреулер тісін жұлдырса, енді біреулер медициналық тексеруден өтіп жатады. Кабинетте тегін стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгілерге, жүкті әйелдерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетіледі. Емханада мамандар әрбір адам тіс және пародонт ауруларының алдын алу үшін жылына 2 рет тіс дәрі­ге­рінің қарауынан өтуі тиіс еке­нін айтады. Сондай-ақ шұғыл сто­матологиялық көмек мемлекет есебінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көле­мі шеңберінде көрсетіледі. Екін­ші дүнижүзілік соғыс қаты­сушылары, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, «Ал­тын алқа», «Кү­міс алқа» ме­да­­лімен мара­пат­талған көпбалалы аналар, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеу­мет­тік мәні бар аурулармен және ай­на­ла­сындағыларға қауіп төн­ді­­ретін аурулармен ауыратын нау­­қастарға тегін көмек алуына ке­дергі жоқ.

Өздеріне жүктелген заңды талаптар мен міндеттерді бас­шы­лыққа алған кабинет тісі ауыр­ғандардың тікелей келіп, маза­ла­ған тісті «тәртіпке салатын» орнына айналуда.

 

Маңғыстау облысы