• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Қараша, 2020

Байден формуласы

187 рет
көрсетілді

Әлемде қараша айындағы басты оқиғаның бірі – АҚШ-тағы президенттік сайлау екені анық. Мұхиттың арғы бетіндегі дауыс беру кезінде Джо Байден жеңіске жетті. Енді ол алдағы қаңтардан бастап Ақ үйдің қожа­сына айналады. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы мәселе кеңінен талқыланады.

НАТО-ның Бас хатшысы лауазымын атқарған Хавьер Солана өз мақаласында Байденнің сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы әңгіме қозғайды. Оның пайымдауынша, Байденнің сайлауда жеңіске жетуі АҚШ үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін де жақсы жаңалық. Өйткені жаңа президент бұған дейін Трамп әкімшілігі кезінде жіберілген қателіктерді түзетіп, жаһандық мәселеге мол үлес қосады деп есептейді.

Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Билдт өз мақаласында Босниядағы мәселе төңірегінде ой қозғайды. Аталған елдегі қарулы қақтығысты аяқтау жөніндегі Дейтон келісіміне қол қойылған кезде мақала авторы келіссөздерге белсене араласқан болатын. Осылайша, К.Билдт өзінің бастан өткізген оқиғаларымен бөлісе отыра, бейбітшілікті сақтаудың маңызына тоқталады.

Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау ісіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетіп отыр.

 

МАДРИД – Халықаралық қатынасқа көшбасшылық пен тұлғалық қасиеттер қаншалықты әсер етеді деген пікірталас әлі бар. Бірақ кейінгі төрт жылда болған саяси оқиғалардан кейін тақта кімнің отырғаны маңызды екеніне ешкімде күдік қалмаған шығар. Әсіресе, АҚШ-та. Оған қоса, Гарвард университетінің профессоры Йозеф С.Ние дәлелдегендей, халықаралық қатынастар моральды түсініктен ада емес. Осыларды ескере келе, Джо Байденнің АҚШ-тағы келесі президент болып сайлануы әлем үшін жақсы жаңалық. 

Бұл оқиға Америка халқына тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Саяси позициясы айқын және диалог орнатуға дайын Байден ұзаққа созылған саяси карьерасын демократтар мен республикашылар арасында мәмілеге қол жеткізуге арнады. Прогресшілер оның икемділік ұстанымын әрдайым қолдай бермейтін, оған қоса оның карьерасында қателіктер де кезікті. Бірақ Байденнің икемділігі қателіктерінен сабақ алып, уақытқа бейімделуге мүмкіндік берді.

Мұның мысалы мынадан-ақ байқа­ла­ды. Ол Демократия партиясы­ның прай­меризі кезінде қызу пікір таластыр­ғанына қарамастан, Камала Харристі вице-президент ретінде таңдады. Хар­ристің өскелең ұрпақпен тиімді байланыс орната білуі Байден әкімшілігі үшін үлкен жетістік болмақ.

Прогресшілер Байденнің центристік беделі Америка халқы қажет ететін негізгі құрылымдық реформаларды қолайлы тәсілмен жүргізуге мүмкіндік беретінін де ескеруі тиіс. 1960 жылдары тағы бір центристік пікірдегі Демократиялық партия өкілі, президент Линдон В.Джонсон АҚШ тарихындағы ең ұзақ мерзімді әлеуметтік реформаны жүзеге асырды.

Байденнің мәселесі мынада. Джонсон­ға қарағанда ол Конгресте үлкен қар­сы­лыққа ұшырауы мүмкін. Демократтар 5 қаңтарда өтетін сайлаудың екінші ту­рында Джорджия штатында жеңіске жетуі қиын. Бұл Сенатты бақылауда ұс­­тау­да қиындық туғызады. Осы айда өт­кен дауыс беру нәтижесінде Өкілдер па­ла­тасы аз ғана басымдықпен жеңіске жетті.

Аталған мәселелерден бөлек, кейінгі жылдары демократтар мен республикашылар арасындағы идеологиялық айырмашылық артып, екі партиялы ынтымақтастық пен келісімге сызат түсірді. The Economist және YouGov жүргізген сауалнамаға сүйенсек, сайлау қорытындысын қабылдау негізінен қай партияға кіретініне байланысты екен. Қатысушылардың 57 пайызы Байден заңды жолмен жеңіске жетті деп есептесе, солардың 16 пайызы республикашыларды жақтайтындар.

Байден әкімшілігі халықаралық саясатта үлкен кедергіге тап болмайды, өйт­кені сыртқы саясатта АҚШ-тың ауқы­мы кең. Оған қоса, Байден карьера­сының басым бөлігінде бұл саланың басы-қасында болды. Бастапқыда Сенат­та, кейіннен 8 жыл бойы президент Барак Обама кезінде вице-президент қызметін атқарды.

Обама кабинетінің басқа мүшелері шетелдерде әскери күш қолданып, сыртқы істерге араласуды қызу қолдаса, Байден ұстамды болуға шақырды. Сол себепті  Обама оны жоғары бағала­ды. Сондықтан шығар, Обама әрдайым Байден­ді елдегі екінші тұлға, ал оны тағайын­дауын «өте тапқыр шешім» деп баға­лады. Сонымен қатар Байден өз пікі­рін дәлелдей білгенде, АҚШ 2011 жылы Ливиядағы оқиғаға араласпас еді. Әрі Обама да өз президенттігі кезіндегі ең үлкен қателігін жасамай, сол елдің үлкен дағдарысқа түсуіне жол бермес еді.

Байденнің сыртқы саясаттағы шешім­дері қателіксіз емес. 2002 жылы ол Ирак­тағы соғысты қолдап дауыс берді. Ал Обама шешімді қатаң сынға алып, соғысты «ақымақ әрекет» және «асы­­ғыс­тық» деп айыптады. Бірақ Бай­ден өз қателігін түсініп, өз әкімшілігі алдағы уақытта біржақты сыртқы саясат жүр­гізбейтінін ашық жеткізді.

Президенттікке сайланған азамат дип­ломатияны АҚШ-тың сыртқы сая­сат­тағы орталығы – Мемлекеттік департаментке қайта береді. Сондай-ақ көпжақты түсінікті қолдайды. Оның сыртқы саясаттағы алғашқы басты шешімі Париж келісіміне қайта қосылу мен АҚШ-тың Дүниежүзілік сауда ұйымы­нан шығуын тоқтату болмақ. Оған қоса, Байден 2015 жылғы Иранмен жасалған ядролық келісімді қайта қарауға әзір. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысты конструктивті пікір ұстанады.

Демократтар Трамп әкімшілігінің көптеген халықаралық міндеттерінен бас тартуын айыптап, оны қалпына келті­реді. Бірақ Байден кезінде саясат тілі басқа жаққа бұрылып кетпеуі керек. Сауалнамаларға сүйенсек, амери­ка­лық­тар АҚШ-тың дүниежүзілік бақылау­шы ретіндегі әрекетін қолдамай­ды, дегенмен олар үкіметінің ғаламдық мәсе­лелерді шешуге шынайы қатысқа­нын қалайды. Әлемнің басқа елдеріне де осы керек. АҚШ кейбіреулер айтқандай «ерекше ұлт» шығар, бірақ ол жалғыз емес.

Байден әкімшілігі кезінде АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс сақталады және Қытайдың жедел экономикалық өсуі де жалғасады. Трамптың прези­дент­тігі кезіндегі Қытай – АҚШ сауда со­ғысына қарамастан, Қытайда пан­де­мияға дейін жылдық өсім 6 пайыз­ды құрады. Халықаралық валюта қоры Қытай індетке қарамастан өсім сақ­талатын жалғыз ірі экономика деп есептейді. Байден бұл елмен ынтымақтас­тық жасаудың тиімді жолын табуы керек.

Бұл міндетті орындау үшін ол Еуропалық одаққа жүгінуі қажет. Ұйым Қытайға қатысты екіжақты көзқарас ұстанып, кей мәселеде келіспесе де, ортақ мүддесі бар екенін мойындады. ЕО мұндай тәсілді (жеңілдеу нұсқасын) трансатланттық қатынаста да қол­да­нып, стратегиялық автономияға салқын түсірместен Байден әкімшілігімен тығыз байланыс орната алады.

Байден президенттік науқаны кезінде «қалпына келтіруді жақсартамын» деп уәде бергенде, оның экономикалық жос­пары АҚШ-ты 2016 жылға қайтару емес, ұзақ уақыт бойы түйіні тарқамаған құрылымдық проблемаларды шешумен байланысты екенін баса айтқысы келді. Дәл осындай қисынды АҚШ-тың сыртқы саясатында қолданып, халық­аралық рөлін қайта құруы керек.

Мұндай әрекетті сәтті жүргізу Байден секілді жанашыр басшыны қажет етеді. Ол әрдайым күрделі мәселелерді шешу­дегі тапқырлығымен мақтана алады. Оны ұзақ уақыт бойы бағаламай келген еді. Енді олар Байденнің таңғалдыра алатынын мойындауға тиіс.

 

Хавьер СОЛАНА,

Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары деңгейлі өкілі, НАТО-ның Бас хатшысы, Испания сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған. Қазір EsadeGeo институтының президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org