Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы еліміздің білім беру жүйесіне ғана емес, ғылымның дамуына да елеулі ықпал етті. Көпшілік оқырманға, оның ішінде жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасай алған, айналдырған үш жылда отандық әдебиет пен өнер саласына үлкен бетбұрыс әкелген мазмұнды жоба енді қарқын ала бергенде, тоқтап қалуы мүмкін.
Мәдениетті байытудың дәнекері ретінде қоғам игілігіне қызмет етіп келе жатқан «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры келешек жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік ала алмай отыр. Бұл орайда қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы туған тіліміздің мүддесін қорғауға әрі қазақстандық жоғары мектеп пен ғылыми ортаның өсуіне, күшеюіне, терминологияны біріздендіруге айтарлықтай үлес қосқан жобаға тиісті қолдау қажеттігін айтады.
– Бұған дейін қазақ тарихында қысқа уақытта ғылыми аударма жасалған емес. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы басталғалы үш жылдан аса уақыт өтті. Қазір жалпы саны 77 оқулық дайындалып, әрқайсысы 10 000 данамен басылып, еліміздегі 132 ЖОО кітапханасына таратылды. Одан бөлек біз үшін мүлде жаңа салалар қазақ тілінде сөйледі деуге негіз бар. Мәселен, статистика, демография, микроэкономика, макроэкономика, ұйымдық мінез-құлық, жеке қаражат, сынды қазақ тілінде болмаған жаңа бағыттар ашылды, – дейді ол.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған ілкімді жобаның аясы әлдеқайда кең екендігін, қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама болғандығын алға тартқан Рауан Кенжеханұлы жобаның келешек тағдырына алаңдаулы екенін жеткіз- ді.
– 2021 жылы нақты іске асатын жобалар мен жоспарлар бойынша аударма бюросындағы мамандарға нақты міндеттеме ала алмай отырмын. Себебі осы бағытта жоспарға еніп, бюджетке салынып тұрған жоба жоқ. Сондықтан әріптестерді жинап, алдын ала ескертіп алдарынан өтіп жатырмын. Жобаға атсалысқан мамандар елдік шаруа екенін, білім үшін де, ғылым үшін де керек екенін сезіне отырып, жанашырлықпен атқардық. Бұл тарапта қоғамда түрлі пікір, өтініштер айтылып жатыр. Біздің ойымызша, жоба жалғасуы тиіс. Аударма тоқтайтын болса, білім беру әдістемесі мен мазмұнның басым бөлігі сырттан келе бастайды. Ондай жағдайда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуы туралы айту қиын, – дейді қордың атқарушы директоры.
Әлемдік балалар әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударып, мектеп кітапханаларын жаңарту қажет екендігін айтқан Рауан Кенжеханұлы заман талабына сәйкес түрлі бағыттар бойынша жаңа ұрпақтың маман ретінде қалыптасуына қажетті мазмұн қазақ тілінде молынан болуы тиіс екендігін, бұл ретте іргесі мықты аударма мектебі жұмыс істеуі өте маңызды екенін атап өтті. Осы орайда бір орталықтандырылған Ұлттық аударма бюросының жұмысы ғылым және білім саласы үшін маңызды қадам болғанын, ғылыми әдебиеттің аударылу процесі тоқтап қалмай, келесі кезеңде заманауи ғылыми теориялық базалары да қамтылса деген көпшілік пікірі бір арнада тоғысып отыр.
– Дамыған елдердің барлығы арнайы Аударма институттарын ұстайды, өйткені ол ғылым мен білімнің тамырына қан жүгіртіп отыратын ең керемет дүние. Барлығымыз білетіндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында гуманитарлық бағыттағы 100 үздік оқулық қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Бұл оқулықтар ЖОО-лардағы білім мен ғылымның мазмұнын жаңартуға пәрменді мүмкіндік берді. Осы аудармалар арқасында, қазақ жастары әлемнің ең үздік оқу орындарында оқытылатын заманауи мазмұнмен таныс болып, білімін жаңартуда. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстандағы ғылым саласының күрделі жағдайын біле отырып, ғылым және білім саласын жаңғырту үздіксіз және кешенді жүзеге асса дейміз, – дейді Абердин университетінің PhD докторанты (Шотландия), филология ғылымдарының кандидаты Гүлшат Бақытжанқызы.
Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжихан Нұрышеваның айтуынша, «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша философия оқулықтарын аудару ісі отандық философиядағы елеулі құбылысқа айналып отыр. Сондай-ақ философия пәні бойынша Дерек Джонстон, Реми Хесс, Энтони Кенни, Бертран Рассел сынды қазақ оқырманына мүлдем бейтаныс көптеген оқулықтар аударылып қана қоймай, білім беру, ғылыми ізденіс үдерістерінде кең қолданыс тапқан.
– Қоғамымыздың рухани жаңғыруына бұл оқулықтардың оң әсері туралы айтудың өзі артық. Жастар ғана емес, бүкіл қоғам жаңа гуманитарлық білімге ие болғаны сөзсіз. Біріншіден, осы жоба аясында аудармашылардың сапалы тобы қалыптасты және бұл бір күнде жүзеге асқан іс емес. Аудармашылар, ғылыми және әдеби редакторлар мектебі деңгейі заманауи талаптарға сай деуімізге болады. Екіншіден, философия, этика, эстетика, логика, психология, педагогика, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану бойынша ағылшын, неміс, француз, орыс тілінен аудару қажет шетелдік оқулықтар саны әлі көп. Сондықтан жалпы қоғам, әсіресе жастар үшін аса пайдалы бұл жоба әрі қарай жалғаса беруі тиіс деп ойлаймын, – дейді Гүлжихан Нұрышева.
Дәл осындай пікірді сабақтастыра ой айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы ортақ мақсат аясында топтасқан аудармашылар мен ғалымдардың, ЖОО мамандарынан тұратын, ғылыми әдебиеттерді аударуға машықтанған ұжым, кәсіби ортаның біліктілігі мен тәжірибесін іске асыруды, таңдаулы оқулықтарды аудару ісін жалғастыруды жөн деп біледі. Еліміздегі білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, өркениет жақтастары жаппай үн қосқан шақта көзқарасын батыл білдірген Сүлеймен Демирел университеті қауымдастырылған профессоры, медиа және кино зерттеуші Молдияр Ергебеков кітап аудару өндірісін мемлекет кешенді қамқорлығына ала отырып, мәдениет пен өнерге баулу жұмыстары қайта жаңғыруы тиіс екендігін айтады.
– Дұрыс ақпарат алу – адамның негізгі құқықтарының бірі. Елімізде ең көп зардап шегіп отырған азаматтарымыз – қазақ тілінде сөйлейтіндер. Әлемдік маңызы бар еңбектерге қазақ тілінде қол жеткізе алмаған бұл азаматтар орыс тілін немесе өзге де тілдерді білетін азаматтармен бәсекелестікте көштен кейін қалып қояды. Тілдің тіршілікте қалуы үшін оның қажетті болуын қамтамасыз ету керек. Оның бірден-бір жолы – озық ойлы дүниенің сол тілге аударылып, сол тілде сөйлейтін адамдарға жеткізу. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры небәрі үш жылдың ішінде 30 жыл бойы атқарылмай келген істерді атқарды. Үкімет «Қандай да материалдық табыс әкелмейтін жобаны қаржыландырдық, жолын аштық, ендігі жерде жекеменшік ұйымдар жалғастырсын» деп ойлайтын шығар?! Алайда бұл дәл қазіргі уақытта, дәл қазіргі жағдайда мүмкін емес, – дейді медиа және кино зерттеуші Молдияр Ергебеков.
Сан салалы мәдени өміріміздің алуан бағытында қызмет етіп жүрген ғалымдардың пікірін тұжырымдай келе, тaңдaулы oқулықтaрды ана тілімізге аудару қазақ тілін ғылым тiлiне айналдыру ғaнa eмec, қoғaмдaғы күрмeуi көп мәceлeлeрдi шeшудiң oңтaйлы әдici екенін көрсетіп отыр. Жастардың ғылыми ізденісіне кең жол ашып отырған Елбасының игі бастамасы қажетті жаңа білімдердің толассыз жұмыс істеуі үшін жалғасын табады деп үміттенеміз.