КСРО-ның кезінде Қарағанды үшінші көмір бассейні атанып, дүбірі жер жарып тұрды. Ол кезде шахтерден асырып жалақы алатын еңбеккер аз болды-ау одақта. Міне, осы көмірдің нарқы алтынмен бірдей болып тұрған замандағы кеншілер астанасында сол кездің өлшемімен алғанда небір ғажап құрылыстар бой көтерген. Сондай нысанның бірі ел аузында «Гармошка» атанып кеткен көпқабатты үй еді.
Қарағандының вокзалына жақындап қалғаныңызда сол жағыңызға көз салсаңыз, осы келісті үйді және оның төбесіндегі «Караганде образцовый порядок, высокую культуру» деген әрбір әрпінің өзі кісі бойынан асып кететін жазуды көресіз.
Біраз уақыттың шамасы болды, төбеден төніп тұрған осы жазу Қарағандыдағы қоғам белсенділерінің мазасын алып жүр. Бұдан біраз бұрын олар қаланың бұрынғы әкіміне жиылып барып, көзге шыққан сүйелдей болған әлгі жазудың орнына Әлихан Бөкейханның «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деген сөзін шегелеу керек деген ұсыныс та айтыпты. Бұл турасында осы істің басы-қасында жүрген заңгер Болат Сыздық әлеуметтік желіде былай деп жазды: «Таңдауға оннан астам нұсқа ұсындық. Аруақ сыйлаған, тұлғаларға тағзым еткен жұртпыз ғой, осы бір нұсқаны таңдағандай болғанбыз».
Жалпы, орыс тіліндегі бұл жазудың бұдан басқа да нұсқалары әлеуметтік желілерде талқыға жиі түсіп жүр. Әркім әртүрлі ұсыныс айтады. Мысалы, «Арқа ақшамы» газетінің редакторы, ақын Жанат Жаңқашұлы Фейсбук парақшасында бұл тақырыпқа арнайы пост жазып, мынадай пікір білдірді: «Мына үйлердің төбесіне «Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға» дегенді немесе басқа бір сөздерді қою керек. Қарағандының, жалпы Сарыарқаның нарқын, парқын айқындайтындай етіп». Ал қала және облыс әкімдерінің атына хатқа жазып жіберілген нұсқа жоғарыдағы Алаш көсемі айтқан антқа бергісіз сөз.
Қарағандының белсенді азаматтарын да түсінуге болады. Елде өзге ұлт өктемдігінің ызғары қатты сезілген екі қала болса, біреуі осы Қарағанды еді. Мұның шет жағасын студент кезімізде өзіміз де талай көріп, куәсі болғанбыз. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта тұсында «Икарус» деген ұзын автобус адамға лық толып тұрғанда, соның ішіндегі саусақпен санарлық жергілікті ұлттың өкілі болушы еді. Міне, сол кезде әлгі жерде қазақша сөйлеп қалсаң, басың бәлеге қалатын: жаныңдағылар көзі шегірейіп міндетті түрде зірк етіп, ескерту жасаушы еді. Қазір соның бәрі көрген түстей өте шықты ғой. Бірақ жүректе шемен қатқан, сызы қалған...
Иә, бүгінгі Қарағандының қордаланып қалған проблемасының бастан асатыны белгілі. Биыл облыс орталығындағы жөндеу жұмыстарына деп бюджеттен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 26 млрд теңге бөлінген екен. Мұнша мөлшердегі қаражат 146 жобаны жүзеге асыруға арналыпты. Алайда осыншама қаржы жұмсалған жұмыстардың оңды атқарылғанына қала тұрғындарының көңілі толмай отыр. Мұны таяуда өткен аппарат жиынында Қарағандының жаңадан тағайындалған әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та мойындады. «Атқарылған жұмыстың сапасы турасында барлық жерде шағымданып жатыр. Біріншіден, жұмыстардың бітіру мерзімін созып алдық, екіншіден, кіші архитектуралық нысандардың сапасы сын көтермейді: қазірдің өзінде олар сынып жатыр», деп қарамағындағы жауапты шенеуніктерді сынға алған болатын.
Әкімнің «Кіші архитектуралық нысан» деп отырғаны абаттандырылған аулаларда орнатылған ойын алаңдары мен спорттық құралдар, сәкілер, басқа да ұсақ-түйек дүниелер болса керек. Таң қалатын түгі жоқ, әрине сапасыз болған соң сынбағанда қайтсін...
Жалпы, айта берсе әңгіме көп, қаза берсе проблема да шұбатылып шыға береді. Саусақты бүгіп санар болсақ, Қарағандыдағы жолаушылар тасымалы саласындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр, күл-қоқысты сыртқа шығару ісінде де кемшілік жетіп-артылады. Таяуда қар жауғанда шаһардағы көп жолдардың аршылмай, тазаланбай қалуы да коммуналдық шаруашылық деңгейінің қандай дәрежеде екенінен хабар берді. Ал қаладағы құбырларының сырты дұрыстап қапталмағандықтан, қаншама жылудың далаға кетіп, жергілікті бюджеттің шығынға батып жатқанын кім есептеді десеңізші?! Мұның шығыны кімнің есебінен өтелмек?
Рас, үйдің төбесіндегі жазуды қазақшалап өзгерткеннен өміріміздің өркендеп кетпесі анық. Бірақ ол керек дүние, орнымен қозғалып отырған мәселе. Жоғарыда біз тізбелеп өткен проблемалардың жанында майда-шүйде мәселенің бірі болып көрінуі мүмкін. Десе де...
Қазір жалғыз Қарағанды ғана емес, бүкіл әлем коронавирус лаңының зардабын тартып отыр. Шағын және орта бизнеске шығын дегеніңіз қылбұрауды салып-ақ жатыр. Бұл дегеніңіз, жергілікті бюджеттің қабырғасын қайыстырады деген сөз. Яғни мұндай күрделі жағдайда біз бюджеттің қоржынындағы әрбір тиынды қатаң санап, есебімізге ықтиятты болуымыз керек шығар. Мәселен, қоғам белсенділері айтқандай, көп қабатты үйдің төбесіндегі жазуды өзгертетін болсақ, ол шаруаның өзі едәуір мөлшердегі қаржыны керек етер еді. Ал енді, «Қой да аман, қасқыр да тоқ» болсын дегіміз келсе, абзалы сол жазуды алып тастаған жөн бе деген де ой келеді. Бәленбай жылдан бері дәнекері босап, темірі тоза бастаған әріптерді металл сынықтарын жинайтын бекетке өткізіп, ақшасын бюджетке салса, ол да бір теңізге тамшы қосылғандай шарапатты іс болар ма еді...
Жырға айналған жазу жайындағы пікірін сұрап білгенімізде, Қарағандының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жауабы қысқа да нұсқа болды: «Аталған үй туралы әңгіме көп. Ретімен аудан да ауысады, көшелер де реттеледі». Бұл жерде қала басшысының аудан деп тұрғанын облыс орталығына қарасты Октябрь ауданы деп түсіндік. «Аузына май» дейміз, әрине.
Рас-ау, аз ғана сабыр қылған керек болып тұр. Күні ертең бұлт артынан жарқырап күн шыққанда, мәселенің бәрі осы жазуға тіреліп тұрған болса, оны да ың-шыңсыз біржақты етіп алатынымыз сөзсіз. Қаласында үлгілі тәртіп, жоғары мәдениет болғанын кім қаламайды дейсіз?!
ҚАРАҒАНДЫ