Жыл соңында АТР-дің қорытынды турнирі дәстүрлі түрде өтіп тұратынын жанкүйерлер жақсы біледі. Оған тек сол маусымда табысты өнер көрсетіп, рейтинг бойынша ең үздік сегіздікке енген теннисші ғана қатыса алады. Биылғы кіл мықты бас қосқан додада 24 жастағы ресейлік ойыншы Даниил Медведев озды.
Иә, Ресей өкілінің биылғы маусымда сәтті өнер көрсетіп, әлемнің төртінші ракеткасы дәрежесіне дейін көтерілгені рас. Бірақ «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде Даниил Медведев бірде-бір рет топ жарған емес. 2019 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінің финалына дейін жетті. Медведевтің спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткіші осы. Десек те Ұлыбританияның астанасындағы АТР-дің қорытынды турнирін ресейлік теннисші өте қарқынды өткізді. Ол топтық сайыстардың үшеуінде де күмәнсіз жеңіске жетті. Тарқатып айтсақ, сербиялық Новак Джокович (6:3, 6:3), германиялық Александр Зверев (6:3, 6:4) және аргентиналық Диего Шварцман (6:3, 6:3) сынды саңлақтарды сан соқтырды. Жартылай финалда атағы алысқа жайылған Испанияның мақтанышы Рафаэль Надальдан басым түсті – 6:7, 7:6, 6:3. Ақтық айқаста аустриялық Доминик Тимді тізе бүктірді – 4:6, 7:6, 6:4.
Өздеріңіз байқағандай, жартылай финалдық және финалдық бәсекені Медведев сәтсіз бастады. Екі ретте де ол бірінші сетте жеңіліс тапты. Бірақ соған бола оның жігері жасыған жоқ. Керісінше, кортқа қайраттанып, қуаттанып шықты. Екінші сеттерде ойын тай-брейкке дейін ұласты. Шиеленіске толы бұл бәсекелерді Даниил өз пайдасына шешті. Даңқты Надаль да, тегеурінді Тим де шешуші тұста Ресей теннисшісінің екіпініне шыдас бере алмады. Үшінші сетте қарсыластарына қарағанда әлдеқайда ширақ қимылдаған Медведев өзінің спорттық мансабындағы ең зор табысына қол жеткізді. Әсіресе оның соңғы 10-15 жылда шашаларына шаң жұқтырмай келе жатқан әлемнің 1-ші және 2-ракеткаларын ұтқанын атап айтқан артық емес.
Лондондағы жарыстың жүлде қоры биыл 5 млн 700 мың АҚШ долларын құрады. Соның 1 млн 564 мыңы бас жүлдені олжалаған Даниил Медведевке бұйырды. Тарқатып айтсақ, ол турнирге қатысқаны үшін 153 мың, топтық сайыстардағы әр жеңісі үшін 153 мыңнан, жартылай финалдағы жеңісі үшін 402 мың және финалдық сайыстағы жеңісі үшін 550 мың долларға иелік етті. Қалған ойыншылар да құралақан қалған жоқ. Олар да Тұманды Альбион елінен біраз олжамен оралды.
АТР-дің қорытынды турнирінің тарихына қысқаша тоқталсақ, бұл дода 1970 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Әр жылдары Токио, Париж, Барселона, Бостон, Мельбурн, Стокгольм, Хьюстон, Нью-Йорк, Майндегі Франкфурт, Ганновер, Лиссабон, Сидней және Шанхай сынды ірі шаһарларда айтулы жарыстың жалауы желбіреді. 2009 жылдан бері байрақты бәсеке Лондонда өтіп келеді. Ал 2021 жылдан бастап Италияның Турин қаласында ұйымдастырылатын болады.
Жыл соңында өтетін осы жарыста ең көп олжаға кенелген Роджер Федерер екені баршаға мәлім. 2003-2011 жылдар аралығында Швейцарияның саңлағы жеті мәрте топ жарды. ХХ ғасырдың сексенінші жылдары чехословакиялық Иван Лендл және тоқсаныншы жылдары америкалық Пит Сампрастың жасындай жарқылдағаны жанкүйерлердің жадында. Бүгінгі таңда Новак Джокович теңдессіз өнер көрсетуде. Атақтары алысқа жайылған айтулы азаматтар бес реттен теңдессіз деп танылды. Былтырғы жарыс грекиялық Стефанос Циципастың жеңісімен аяқталса, биыл Даниил Медведевтің мерейі үстем болды. Бұл – Ресей теннисшілерінің АТР-дің қорытынды турнирінде екінші мәрте топ жаруы. Алғаш рет осыдан 11 жыл бұрын, яғни 2009 жылы дәл осы атаққа Николай Давыденко қол жеткізген болатын.