Ел астанасында өткен алқалы жиында түбі бір бауырлас елдер Түркі интеграциясының архитекторы деп айрықша баға берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясаттағы беделі мен түркі әлеміне сіңірген еңбегі сөз болды.
Келелі жиынды Халықаралық Түркі академиясы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырып отыр. Ұлттық академиялық кітапханада жиналған қауым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын орнатудағы және өзара бауырластық байланыстың іргесін нығайтудағы зор еңбегін атап өтті. Шараның модераторы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі алқалы жиынның «Түркі әлемі және Елбасы феномені» деп аталуы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі әлемінің ортақ мақтанышына айналған тұғырлы тұлға екенін айшықтайтынын баса айтты.
Түркітілдес мемлекеттердің қоғам қайраткерлері, дипломаттары мен маңдайалды ғалымдары жиналған отырыста алғаш болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі Ақсақалдар кеңесінің тарихына тоқталды.
«Елбасымен бірге Түркітілдес мемлекеттер басшылары кеңесінің екі саммитіне делегация құрамында қатыстым. Бірінші саммит 1992 жылы Ыстанбұлда өтті. 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшылары кеңесінің IX саммитіне бардым. Сол басқосуда Елбасы бірқатар ұсыныс айтты. Соның бірі Түркі Ақсақалдар кеңесін құру идеясы болды. Сол жерде «Қазақстаннан Ақсақалдар кеңесінің мүшесі мына кісі болады» деп мені таныстырды. Екінші ұсынысы – Халықаралық Түркі академиясын құру бастамасы еді», деп еске алды Мырзатай Жолдасбеков.
Елбасының ерен еңбегін ұлықтап, жас ұрпаққа мирас ретінде қалатын игі бастамалардың ұйытқысы болып жүрген бірден-бір ұйым – Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде түркітілдес мемлекеттердің ынтымағын одан әрі нығайтудың маңыздылығын алға тартты.
«Бүгінгі жаһандану заманында түбі бір тарихымызды, ортақ рухани мұрамыз бен байтақ мәдениетімізді сақтап қана қоймай, әрі қарай дамыту, түркітілдес мемлекеттердің өзара ынтымағын нығайту айналамызда алпауыт елдер анталап тұрған аумалы-төкпелі кезеңде өте өзекті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркітілдес халықтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін дүйім елге көрсетіп, түркі тарихын, мәдениетін зерттеуге барынша пәрмен берді», деп атап өтті Ә.Рахымжанов.
Келелі кездесудің мәртебелі қонақтарының қатарында Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан, Моңғолия және Түрікменстан республикаларының елшілері де болды. Түркия Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бері жеткен жетістіктерін айрықша атап өтті.
«Қазақстан Тәуелсіздік алған аз уақыт ішінде ауыз толтырар жетістіктерге қол жеткізді. 30 жылға жуық уақыт көп болып көрінгенімен, елдің дамып, халықаралық аренада өзін дәлелдеуі үшін өте қысқа мерзім. Түркі әлемі туралы сөз болғанда одан да көп тарихи кезеңді қамтып, мыңжылдықтарға бойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көшбасшылығы кезінде дүние жүзіне қазақ ұлтының құндылықтарын ғана паш етіп қоймай, бүкіл түркі әлемінің мұрасын ерекше бағалайтынын дәлелдеді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің түркітілдес мемлекеттердің игілігі үшін атқарған ерен еңбегі баршамызға мәлім. Нұрсұлтан Назарбаев түркі жұртының мәдени-рухани құндылықтарын, тілін, ортақ тарихын жас ұрпаққа насихаттауда маңызды миссия атқарды», деді Түркияның Қазақстандағы елшісі.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің негізін қалап, түркі әлеміндегі бауырластық байланыстарды дамытуда өлшеусіз үлес қосқаны айқын. Осы еңбегі үшін Елбасы Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесіне ие болып, жоғары орденімен марапатталған-ды. Оның түркі әлеміндегі көшбасшы тұлғасын, атқарған қызметі мен ерен еңбегін баяндаған қатысушылар Елбасы феноменін осылайша айқындады. Түбі бір түркі елдерінің ғылымын өрге домалатып жүрген айтулы ғалымдар да Елбасына ықыласын білдірді. Алқалы басқосуда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұматаев, Әзербайжан Ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейли, Өзбекстан ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов, Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры Искандер Гилязов сөз алды.
Елбасының түркі әлеміне жасаған алғашқы қадамы – 1991 жылы Түркістанда Қазақ-түрік университетін ашу болған еді. Сол жоғары оқу орнының тұңғыш ректоры, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Елбасының түркі әлемінің білім, ғылым саласына қосқан үлесін баяндап берді.
«Елбасы 1991 жылы мені шақырып, Түркістанда жаңа оқу орнының ашылатынын хабарлады. Сонда Түркістанның түркі әлеміндегі орнын, сол жерде бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің жатқанын, үш ғасыр бойы астанамыз болғанын айтып, тарихы терең шаһарды жандандыру туралы шешімін жеткізді. Ол кезде Түркістанда ғылыми қызметтің негізі қаланбаған еді. Ташкент, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларынан ғалымдарды шақырттық. Барлығымыз Түркістанның келешегіне сеніп келдік. Бұл Елбасының Түркістан арқылы бүкіл түркі әлемін біріктіру идеясы еді», деді Мұрат Жұрынов.
Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап түркі интеграциясына аса мән беріп келе жатыр. Оның ішінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұматаев барша қазақстандықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтай келе, қазақ-қырғыз ынтымақтастығына баса назар аударды.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағыты жан-жақты ынтымақтастық пен жаһандық тұрақты дамуға бағытталғанын тарих көрсетіп отыр. Қырғыз халқы Елбасының екі ел арасында орнатқан стратегиялық серіктестігін жоғары бағалайды. Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау мәселесінде де екіжақты өзара іс-қимылды жолға қойдық. Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихы тереңде. Бізді ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, рухани құндылықтарымыз біріктіреді», деп атап өтті Мұрат Жұматаев.
Одан бөлек, Елбасының түркі әлемін біріктіру мен өзара байланысын нығайтудағы рөлін қуаттай түскен спикерлер түркітілдес мемлекеттердің жарқын болашағы мен интеграциясының одан әрі дами түсетініне бек сенетіндерін жеткізді.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен халықаралық жиында айтылған тұщымды пікірлер мен орамды ойлар легін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов түйіндеді.
«Түркі жұртының бағына тарихтың тар кезеңінде саясаттың аспанына Нұрсұлтан Назарбаевтың жұлдызы жарқырап көтерілді. Сол жылдардан бастап түркі бірлігі жаңаша сипат алды. Елбасының бітімгершілігі, ақылы, дипломатиясы, мәмілегерлігі мен беделінің биіктігіне талай даулы жағдайларда куә болдық. Бұл қасиеттері оның бірқатар халықаралық мәселенің шешімін табуына ықпал етті», деді С.Абдрахманов.
Елбасының Еуразия кеңістігінде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының нығаюына қосқан үлесі тарихи жоғары бағасын әлдеқашан алған-ды. Бүгінгі келелі жиында Елбасының түркі әлеміндегі айшықты орны тағы бір рет айқындалды.