• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қараша, 2020

Ауылдағы сервистік әкімдік

174 рет
көрсетілді

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарының орындалуын бақылауды жүзеге асыра отырып, Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев Қарғалы ауданы Қосестек ауылдық ок­ругінің «Сервистік әкімдігінің» қызметімен танысудан бастады.

«Сервистік» нысандағы технологияларды пайдалану тә­жірибе­сі сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы саясаттың бар­лық талаптарына жауап береді. Өйткені мұндай жұмыс үл­гісі жемқорлық тәуекелдерін жоя­ды және күнделікті жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Егер бұрын мемлекеттік қызмет­терді алушылар түрлі ғимарат табал­ды­рықтарын тоздыруға мәжбүр бо­лып, «тамыр-таныс­тардың» көмегіне жиі жүгінетін болса, қазіргі таңда мұндай қа­жеттіліктің жолы кесілді. Жаңа үл­гідегі «Сервистік әкімдік» жанында ауылдық округ әкімдігінің барлық қызметтері жұмыс істейді: «Қазпошта» бөлімшесі, учас­келік инспектор және бас­қалар.

Бұдан былай осы тәжірибе­нің үлгісінде ауылдардағы барлық әкім­діктер қызмет көрсетудің сер­вистік үлгісіне көшеді. Олар­­дың бас­­ты өлшемшарты – жұ­мыс­тың ашық­тығы мен қол­жетімділігін қам­­­­тамасыз ету, сон­дай-ақ азаматтар үшін қо­лайлы жағдай жасау. Сонымен қа­тар барлық мектеп директорлары да өз кабинеттерін бі­рін­ші қабатқа ауыстырды, ал ден­саулық сақтау нысандарының жар­тысы азаматтарды қабылдау үшін «Open Space» кабинеттерін ашты.

«Мен азаматтардың жай­лы­лы­ғы үшін барлық жаңашыл­дықтар шын мәнінде тиісті дең­гейде жұмыс істейтініне көз жет­кізу үшін өңірлер мен ауылдық округтерді өзім аралаймын. Бұдан басқа, жергілікті жерлердегі би­ліктің жауапкершілігі мен пара­саттылық деңгейін арт­ты­руға ауыл әкімдерін сайлаудың жаңа тәжірибесі ықпал ететін болады. Себебі сайлаушылардың се­німін ақтауға деген ұмтылыс олар үшін басты ынталандыру болмақ», – деді А.Шпекбаев.

Бұдан әрі бизнес саласында­ғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң­­наманың орындалу деңгейін анықтау мақсатында ол жел энергетикасы секторындағы «Eni» ха­лық­аралық компаниясының ең ірі инвестициясы салынған «Arm wind» ЖШС жел электр стансасы­на барды. Жобаға салынған инвестициялар көлемі шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды. Бірегей ны­санның қуаттылығы – 48 МВт, өңірді жыл сайын 198 ГВт/ сағ көлемінде электр энер­гиясымен қамтамасыз етуге мүм­кіндік бе­реді. Бұл көлем 20 мың тұр­­ғы­ны бар шағын қала үшін жет­кілікті. Бұдан басқа ЖЭС атмос­фераға кө­мір­қышқыл газы шы­ға­рын­дыла­ры­ның көлемін жылына 172 мың тоннаға қысқар­тады.

Қазіргі уақытта отандық биз­несті қолдау және қорғауды қам­­­тамасыз ету – елдің эконо­микалық дамуында маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, «Protecting Business and Investments» жобасы аясында Агенттік осы жел электр стан­сасын қамқорлығына алып, сы­байлас жемқорлыққа қарсы сү­йемелдеуін іске асыратын болады.

Сонымен қатар А.Шпекбаев сы­байлас жемқорлыққа қарсы сүйе­мелденетін нысан – «Ақтөбе»­ ӘКК» АҚ аралады. Кәсіп­орын Ақтөбе облысындағы экономикалық бел­сен­ділікті ынталандырады, оның ішін­де инвестиция тарту да бар. Бү­гінгі таңда жобалар қоржынында жал­пы сомасы 124,4 млрд теңгеге  жо­спарланған 88 жоба бар. Жалпы, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы сү­йе­мелдеу туралы келісім сома­сы 4,2 трлн теңге болатын 40 шетелдік және жергілікті инвес­тор қол қойды. Жыл басынан қол­ қойылған мұндай келісімдер са­ны – 10, ал сомасы –  28,1 млрд тең­ге.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызметтің басшысы биз­нес­ті қорғау жобасы аясында Агент­тіктің тағы бір жобасы – «Экоферма» ЖШС құлпы­най өсіретін жылыжайына табан тіреді. Оның технологиялары сәуірден мамырға дейін егін жинауға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың 11 айында мұн­да 20 тоннадан астам құл­пынай өсірілді.

 

АҚТӨБЕ