Әлқисса, сонау Еуропаның төрінде, Гаага қаласында 2014 жылдың 24 наурызында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық ІІІ саммитке қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қызғалдақтың және де 2016 жылы Жапонияға сапары барысында таныстырылған «Президент Назарбаев» атты хризантема гүлдерінің жаңа түрлері таныстырылғандығы қазақ елі тәуелсіздігінің абыройлы бір беттері болып, тарих жылнамасының санасында сайрап тұр.
Еуропаның «Президент Назарбаев» қызғалдағы мен Жапон елінің хризантема сынды қос сабақ гүлдері қазақ перзенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген тұтас дүниенің құрметі мен сыйы болғандығын қазақ елінің бүгінгі де, келер ұрпағының да білгені абзал.
Айта кететін бір жайт, кейін «Президент Назарбаев» хризантемасы «Мәртебелі» атағына ие болды. «Президент Назарбаев» хризантемасы сары түйнекті гүл екен. Ал сары хризантема Жапонияның символы болып саналады және император тағы мен осы ел азаматтарының ұлттық паспорттарын әшекейлейтін мемлекеттік гербін білдіреді және де хризантема гүліне бұған дейін бірде-бір мемлекет басшысының есімі берілмегендігін ескерген абзал.
Бұл қос сабақ гүл –Тұңғыш Президенттің әлемдік абыройы болып жер бетінде мәңгі құлпырып, жайнап тұрары да сөзсіз. Біз осы бір ойымызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде (12 маусым 2019 жыл) сөйлеген сөзіндегі «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз», деген пікірімен сабақтастыруды жөн санадық.
Және де биылғы 2020 жылдың 29 тамызында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған сессиясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтергендігін алға тарта сөйлеуді жөн санадық.
Әлемдік мәртебелі ұйымның өкілі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болғандығын да атап көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Telegram каналының хабары жариялаған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоның бұл мәлімдесі әбден орынды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған немесе Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігіне ие болған тұста, біздің еліміз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырған еді. Елбасының осы жойқын қарудан өз еркімен бас тартуы туралы шешім қабылдап, тұмсығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткізуі ең әуелі Қазақ елінің баянды болашағын ойлағандығы еді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылғы қырғи-қабақ соғыс дүниесіне жаңа дем бергендігі, сол дүниенің үміті мен сенімін оятқандығы кешегі Кеңес Одағын уысында ұстап тұрған Сталиннің 1947 жылдың тамызында қол қойған қаулысымен қазақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағының тұсында өзінің Жарлығымен жапқан кезінен бастау алар еді. Осы орайда айта кететін бір жайт сол, 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізгендігі адамзат тарихында қырғи-қабақ соғыстың басталуымен есте қалған болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» («Egemen Qazaqstan» газеті, 2 шілде, 2020 жыл) атты мақаласында: «Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді.Тұңғыш Президенттің тоқтамын халықаралық қауымдастық та оң қабылдады», дей келіп, Қазақстанның және оның Тұңғыш Президентінің бас-тамасын қуаттаған бірқатар мемлекет те ядролық полигондарын жауып, қолдау көрсетіп келе жатқандықтарын айтады, нақтылы мысалдар келтіреді. Мәселен, Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі, АҚШ аумағындағы Невада, француздардың Тынық мұхиттағы және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңдары жұмысын тоқтатты.
Қырық жыл бойы қырғын салған ядролық сынақтың ауыр зардабын, сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ баласы тартқан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз халқын ауыр қасіреттен біржолата құтқару үшін 1991 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан мен АҚШ кең ауқымды дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, Қазақстандағы ядролық арсеналдың тағдырына қатысты мәселе екі ел басшылары үшін алдыңғы қатарлы маңызға ие болды.
1991 жылдың 30 желтоқсанынан бастап Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты «Х-55» қанатты зымырандармен жарақтандырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бомбалаушы эскадроны бар, сондай-ақ 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») континентаралық баллистикалық зымырандары үшін әрқайсысының тротилдік баламасының қуаты 1040 ядролық оқтұмсықты құрайтын ядролық арсеналға ие болып қалған әлемдегі төртінші мемлекеттің бірі болатын-ды.
Қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің тарихи жолымыздың ең бір есте қалар тұсы тағы да мына бір жай болса керек-ті. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық шабуылдаушы қаруларға шектеу қою және қысқарту жөніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау міндеттемесін бекітті және ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тартқандығы да әлемдік тарих беттерінде қаттаулы тұр. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік тарихтағы адамзат баласының ядролық қарусыз дамуының жаңа кезеңін бастап берген саяси дара тұлға бола білді.
Тәуелсіздік тарихының абыройлы бір беті мынаны айтады: Қазақстан Парламенті әлемдік тарихқа «СНВ-1» деп енген келісімді 1992 жылдың 2 шілдесінде бір ратификациялап алды да, 1993 жылдың 14 қаңтарында еліміз химиялық қаруды қолдану, жинау, өндіру, жасап шығаруға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға да қол қойған болатын. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты Қазақстан Парламенті 1993 жылдың 13 желтоқсанында ратификацияласа, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың вице-президенті Альберт Гор Қазақстанда ядролық қауіптерді бірлесе қысқарту бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашатын Негіздемелік келісімге қол қойған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақпанында ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанның да қосылатындығы жайындағы ратификациялық құжаттарды Вашингтонда АҚШ-тың сол кездегі президенті Б.Клинтонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз еліміз ядролық қарудан бас тарту туралы және ядролық қаруды таратпау саласында әлемдегі көшбасшы мемлекет болып келеді.
Сол тұста, яғни 1994 жылы Қазақстандағы ядролық оқтұмсықтар саны 1400-ге жетіп қалған. Осы арада қазақ еліндегі тажал қаруының Франция, Ұлыбритания және Қытай сынды әлемнің үш бірдей қуатты мемлекетін қоса алғандағыдан да көп болғандығын айта кету керек.
Қазақстан Республикасы 1994 жылдың ақпанында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мүшесі болып кірді. 1996 жылдың 21 сәуірінде республика аумағынан 1216 дана ядролық қару-жарақты алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жылдың 30 мамырында Семей полигонына орнатылған соңғы ядролық сынақ заряды жойылды. Сөйтіп, ядролық сынақтардан жапа шеккен қазақ жері тажалды қарудан біржолата босатылып, халқымыздың көз жасын құрғату басталды.
1999 жылдың 5 тамызында Қазақстан Женевада Қарусыздану жөніндегі конференцияның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл әлем бойынша Қазақстанның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесін, ізгі қадамын, сауапты ісін мойындау еді.
Ағарып атар әрбір арайлы таңмен, қызарып батар әрбір шырайлы күнмен жаңарып тұрар сол кең дүниенің тіршілік тағдырын күн сайын қауіп пен қатерге ұрындыра берер Адамзаттың тартып келе жатқан қасіреті аз ба еді?! Міне, қазір де сол...
Тіпті адамзат баласы өз дамуының ең бір жауапты да қауіпті кезеңін бастан кешіріп отырған сыңайлы. Күні кеше ғана зор үміт артып, қайырын сұрап қарсы алған ХХІ ғасырымыз да адамзаттың тағдыры мен тіршілігін сынаққа салуын, тіпті, қажет десеңіз, сол сынақтың ең ауыр тезіне салып бағуын да қояр емес. Күні кеше басталғандай болып отырған сол ХХІ ғасырдың толық емес жиырма жылы мына мазасыз дүниенің мысын басар, тіпті ойға келмеген, тіпті ойлап та, болжай да алмаған сан алуан оқиғаларымен оқшауланып бара жатыр. Сол сан алуан оқиғалардың ең қауіптісі де, ең ауыры да қарулы қақтығыстардың үй іргесіне жақындай түсуі де адамзат баласының әлі де болса талай бір қансырап қалған небір соғыстар мен алапат қырғындардан сабақ ала алмай келе жатқандығын аңдатқандай болатын.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік қызметі кезінде осыны ойлады. Бүгінгі күні әлемді біртіндеп жайлап бара жатқан қарулы қақтығыстар мен түрлі дағдарыстардан алып шығуға шынайы адал көңілімен алаңдап, адамзаттың жалпы мүддесі үшін құр ғана алаңдап қоймай, сол Адамзаттың да, мемлекеттердің де бір-бірімен сенімді түрде өз дамуының ілгері жылжуына нақтылы үлес қоса білген де қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болғандығын әлем тарихы ешқашан жоққа шығара алмасы анық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер болумен қатар қырғи-қабақ соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді. Ертеңіне елеңдеп, болар күніне алаңдап отырған дүниенің үмітін оятты. Бір-бірімен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар сенімін оятты.
Адамзат мүддесі үшін қарусыздандыру мен ядролық қарусыз әлем құрудың осы бір аса қажетті тарихи шараның бастамашысы және оны батылдықпен жүзеге асырушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Міне, қазір де ендігі әлем ядролық қару-жарақты таратпаудың және қауіпсіздікті сейілтудің жаңа бір кезеңінде тұр. Бұл жайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз кезінде, яғни 2014 жылы Гаагада өткен жаһандық қауіпсіздік ІІІ саммиті қарсаңында жарияланып, Euractiv және Washington Times сынды әлемнің жетекші интерактивті саяси алаңдарында орналастырылған мақаласында: «Біз, ядролық сынақтардан көп зардап шеккен ел ретінде, дүние жүзі ядролық апат қатерінен барынша қорғалуы үшін өзіміздің айтарлықтай үлесімізді қостық. Қырғи-қабақ соғыс текетірес кезеңі келмеске кеткенімен, бүгінде алаңдаушылықтың өзге де себептері пайда болып отыр. Ядролық қарудың экстремистердің қолына түсу ықтималдығы да жоқ емес. Бүкіл әлем үшін террорлық топтардан шығатын қатер арта түсті. Олардың саны ғана емес, қатыгездіктері мен адам өміріне жүрдім-бардым қарау деңгейі де өсіп отыр», деп тыншымай отырған мына дүниенің алаң жайын тағы да әлем назарына жеткізе білген-ді.
Ендігі әлемде ядролық лаңкестік басталып кетпес пе екен? Елбасы осыны ойлаған болатын. Елбасы осыны ойлады да, халықаралық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігін тереңінен сезіне түсіп, дүние жүзінен алпыс шақты мемлекет басшылары қатысқан Гаагадағы жаһандық қауіпсіздік ІІІ саммитінде ең әуелі айналымда жүрген ядролық материалдардың санын одан әрі қысқартуға және оларды шашау шығармау, яғни таралып кетуіне жол бермеу шараларын күшейтуге, заманымыздың тағы бір сын-қатері «ядролық клуб» елдері аясы әзірге кеңейіп емес, бұған керісінше тежеліп отырғандығына да әлем назарын аудара білді.
Әлемде атом дәуірі басталған кезеңдерден бері ядролық технологиялардың дамуына кедергі жасамай, ядролық қару-жарақтың таралуын қалай болдырмау керек деген мәселенің жауабын адамзат әлі де таба алмай отырғандығы және де бар.
– Қазақстан аталған салада тамаша тәжірибеге ие, – деді Елбасы. – Семей полигонынан «мұраға қалған» элементтердің бірі плутоний мен жоғары байытылған уран болса, оларды атом бомбасын жасау үшін пайдалану қатері де жоқ емес еді. Қазақстанның, Ресей мен АҚШ-тың сарапшылары аталған материалдарды тауып, залалсыздандыру бойынша бұрын-соңды болмаған бағдарламаны жүзеге асырды. Ол он жылға созылды. Біз осындай сезімтал салада жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздік секілді жоғары мақсаттарға қол жеткізу үшін, тіпті ұлттық мүддемізді де құрбандыққа шалдық!
Гаагадағы саммитте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздікті күшейту үшін бірқатар нақты шара қабылдау ойын алға тартты. Әрине, Назарбаевтың сол ядролық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы осы шешімдерін жүзеге асыру үшін мемлекеттер мен басшылардың саяси ерік-жігері де керек болатын. Адамзат мүддесі жолындағы сол саяси да адами ерік пен жігерді тағы да алғаш болып Назарбаев танытты.
«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзінің бірде-бір қадамымен, іс-әрекетімен немесе тіпті бірде-бір сөзімен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеген мемлекеттің өнегесі болып табылады».
Мұны кезінде Елбасы айтты. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев өз елімді «Мәңгілік ел» етсем екен, туған халқымды ешкімге тәуелді етпесем екен, сол туған халқым ешкімнің алдында жанарын төмен салып, сағы сынбай тұрса екен деген өзінің қашанғы адал ой-ниетімен, кемел де кемеңгер саясатымен, болашақты болжай білер даналығымен, ең бастысы, барша адамзаттың ұлы мұраттары үшін жасап келеді.
Адамзат сол үшін де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа әлем гүлін сыйлады. Әлемнен алғыс алған Елбасы деп мақтан етеміз әрдайым!
Жабал Ерғалиев,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Көкшетау