Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орындары басшыларының халықаралық онлайн-кеңесі өтті. ЮНЕСКО қолдауымен құрылған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы мен ұлттық университет бірлесе ұйымдастырған шарада шекарасыз білім мәдениетін қолдауға бағытталған «Әл-Фараби – Абай» Еуразиялық университеттер желісі» құрылғанын сүйіншілеп айта кеткен ләзім.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдар аралығын Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялағаны әмбеге аян. Өмір сүру салты бір-бірімен мүлде қабыспайтын түрлі халықтарды мәдениеттер тоғысы арқылы біріктіруді көздеген жоба озық білім мен білікті адамзат игілігіне бағыттауды мақсат тұтты. Биыл ЮНЕСКО қолдауымен халықаралық деңгейде аталып өткен Әл-Фараби мен Абай мерейтойлары осыған дәлел. Ойшылдардың өркениеттің дамуына қосқан зор үлесін халықаралық қауымдастық жоғары бағалап, Абайдың кемел ойларын әлемнің көптеген ғалымдары адамша өмір сүрудің үлгі-өнегесі ретінде таныды.
Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде Еуразиялық университеттер желісін құру мақсаты ерекше өзектілікке ие болып отыр. Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, айтулы ақын Олжас Сүлейменовтің идеясынан туындаған бастама жетекші білім ошақтарын ортақ меже биігіне бірлесе жетуге жұмылдырмақ.
– Адамзат баласының алдынан күн сайын шешімі күрделі мәселелер көлденеңдеп шығып жатыр. Бұдан мұқалмай өту үшін рухани бірлік керек. Білім – адамды шырқау биікке көтеретін ұлы күш. Әлем жастары адами асыл-қасиеттердің нәрін мәдениеттер байланысы арқылы сіңіреді. Оларды ізгілікке бейілдендіру, бір-бірін құрметтеуге үйрету үшін ортақ алаң керек. Біздің негізге алып отырған мақсатымыз да осы, – дейді Олжас Сүлейменов.
Олжас Омарұлы тілге тиек еткендей, әрбір мемлекеттің келешегі саналатын студент жастардың бойына адамзаттың тұрақты дамуына бастайтын қайрат құйып, білім мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Университеттердің бірлесе жұмыс істеуі адамзат өркениетінің өрлеуіне үлес қосатын этикалық және азаматтық көзқарасы жоғары ұрпақ қалыптастырады деген шетелдік ғалымдар да, аталған ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Орталығы Алматыда орналасқан ғылым мен білімді дамыту институты жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдени сан алуандықты нығайтып, ортақ диалог орнатуға және планетарлық сананы тәрбиелеуге жаңа серпін бермек. Осыған байланысты онлайн жүздесуге қатысушылар Еуразиялық университеттер желісін адамзаттық деңгейдегі гуманистер Әл-Фараби және Абай атымен атауды қолдады.
Келелі кеңесте ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ЮНЕСКО-ның «Авиценна» кампустарының виртуалды желісінің үйлестірушісі Мохамед Тохар Милоуди, ММУ жанындағы Азия және Африка елдері институтының директоры Игорь Абулгазиев, ҚазҰПУ проректоры Ақтолқын Тұрлыханқызы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин және тағы басқа отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі.
Олжас Сүлейменов жетекшілік ететін Алматыдағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы музей құндылықтары мен тарихи-мәдени мұраны анықтау, толықтыру, зерттеу және насихаттау жұмыстарымен айналысады. Жаңа құрылған «Әл-Фараби – Абай» университеттер желісі» бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, төл мәдениетімізді әлемге танытуға үлес қосады деген сенімдеміз.