«Egemen Qazaqstan» газетінің осы жылғы 13 қазандағы санында жарияланған «Бестамақта жазылған беймәлім мақалада» (Авторы Нұрқанат Құлабай) Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге дейін белгісіз болып келген тағы бір мақаласы табылғанын, енді ақтөбелік өлкетанушылар №4 ауылды тапса ұлы ұстаз 1895 жылы қызмет еткен елді мекен белгілі болар еді дегенді оқығанда, түрте берсе түп негізі түркілікке апаратын әйгілі орыс ақыны Федор Тютчевтің белгілі «К.Б» өлеңіндегі «Тут не одно воспоминание, Тут жизнь заговорила вновь» деген сағыныш жолдары еске түсті. Ол осыдан отыз жыл бұрын тікелей өзім араласқан, айналысқан әңгіме болатын.
1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР-нің Жоғарғы соты, 28 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан Жұмабаевты және Жүсіпбек Аймауытовты педагогикалық және әдеби қызметтері жөніндегі тарихи шындықты толық көлемде қалпына келтіру қажет деп ұйғарды. Тілді тірілтудің ықыласы осының заңды жалғасы болып, республикалық (кейін халықаралық) «Қазақ тілі» қоғамы құрылғаны белгілі. Өзім оның сол алғашқы құрылтайына қатысып, елдің рухани саласындағы ой мен істе ерекше айқын із қалдырып, зиялы бөлігі түгел дерлік танып, құрметтеген Мұхтар Арынның қасында жүріп сол жылы «Қазақ тілінің» облыстық қоғамын құруға қатысқанмын. Өңірдегі сол тіл мәселесі төңірегінде жүргендігімнен болу керек, 1989 жылдың 30 желтоқсаны күні облыс басшылығынан, сірә облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Золотаревтің қолы болса керек, маған «бұл мәселені зерттеп, ұсыныс беруді және оны мүмкіндігінше тездетуді өтінген» тапсырма хатқа қоса, Алматы қаласында тұратын Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова-Байсалованың Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Золотарев пен облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Сағынтаевқа жолдаған екі беттік арызын алдым. Арызда Ахаңның қызы перзенттік ыстық мұң-ықыласпен әкенің өмір жолын баяндап, ақталғаннан кейін елдің әр жерінде саяси, мәдени көрнекті шаралар алып жатқанын, алайда неге екені белгісіз, алғашқы мұғалімдік қызметі Ақтөбе уезінде, қазіргі Мұғалжар, Октябрь ауданын жерінде басталған облыстың үнсіз қалғанына реніш білдіреді. «Ахаңның кітаптары шығып жатыр, зерттеу мақала-материалдары жиі көрінуде, республикалық «Қазақ тілі» қоғамынан 20-21 қазан күндері өткен құрылтайына қатысқан ақтөбеліктер ұстаздың кітаптарын алған болуы керек. Үнсіздіктің себебін түсіндіруді сұраймын, менің әкем ақтөбеліктерге неден жазықты болды екен...» деп жазылған арыз халықтың асыл ұлы, арманда кеткен әкенің қадірлі істері мен ардақты есімін асқақтату мұратын іздеген перзентінің көз жасымен жазылғандай екен. Түсінген, түйсінген қай қазаққа да Ахаң тек бір қызына ғана емес, бар қазаққа ортақ, қадірлі рухани әке. Тарихтан мәлім, Гомер грек атаулының баршасына да қадірлі болғандықтан, оны бізде туды деп тоғыз қаласы таласулы екен. Ұлы ұстазымызға таласу жоқ, әйтсе де егер мына арыздағы деректер расталса, ұлы тұлғаның ұлы жолының бастауы – Ақтөбе өңірі болып айқындалары анық.
Растығына біз, ХХ ғасырдың сексенінші жылдардағы ұрпағы көз жеткізе аламыз ба? Арада бір ғасырдай уақыт өтті, большевизм «жаңа дүние, жаңа адамдар жасау» ұранымен халықты табиғи жолынан бұрып, тарихын тәрк етті. Ахаңның алашы кеңестік жаңа буынға жат ағым ретінде түсіндіріліп, түсінігі бар аға буын оны сыбырмен айтумен тынған. Енді сол жүз жыл бұрынғы Батпақты болысы жадында жүрген жан кезіге ме? Оның үстіне Шолпан апаның жазуындағы Мұғалжар ауданының жұртшылығына ауыл, болыс туралы сұрау салғанымызда ол өңірді мүлдем білмейтін болып шықты. Содан кейін де іздеуді жалғастырып, әлдебір жерден, әлдебіреуден шығып қалар деген үмітпен облыстық газет арқылы бірнеше дүркін хабар таратқанбыз. Айтқандайын, көп ұзамай газет редакциясына Алға ауданынан екі адам қол қойып: «Біз көрдік, біз білеміз. Батпақты деген осы тұрған ауылымыздың ескі атауы. Ертеде мұнда мектептің болғаны рас. Оның мұғалімі Ахмет Байтұрсыновты көрдік» деген мазмұнда хат келіп тұр. Ол бір айтып жеткісіз қуанышты шақ болды.
Енді не тұрыс, сол кездегі Қазақ радиосының облыстағы тілшісі, өзі де ұлтжанды Сәбит Сүлейменов екеуміз 1990 жылғы қыркүйектің алғашқы күндері еді, алып-ұшып Алға ауданына тартып кеттік. Барсақ, күздің күні жиын-терімнің уақыты дегендей, ауданның бірінші басшысы болмағанымен, кейінгілердің бірі бар екен. «Біз ауданыңызға жақсы жаңалықпен келдік, аудан енді елдегі айтулы мекендердің қатарында аталды. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов мұғалімдік жолын осы жерде бастаған дей беріп едік, ауданның лауазымды қызметкері сөзімізді бөліп:
«Байтұрсын дейсіз бе, осында ертеректе етікші ме екен, бір шебер адам болыпты», деп шұбырта жөнелгесін тоқтатып, кімнің кім екенін түсіндіруге тура келген. Біз, әрине оның білмегеніне іштей қынжылғанымызбен ренжи қоймадық. Қайтесің, қазақтың қалың қауымы егемендікке елдік санада осылай қаусап жеткенін не жасыратыны бар. Біз қазір Сәбит екеуміз Ахаңды білсек, рухани саладағы қызметке біртабан жақын бұқаралық ақпаратта жүріп, әр жерде көрген-білгендігімізді ептеп есте сақтағандардың қатарында шығармыз. Ұмыта қойғанымыз жоқ, коммунистік партия басқарған өкімет жетпіс жыл бойы байтақ державаның халықтарын бір ғана большевизмнің жолына салып айдағанына жүргізді, айтқанына көндірді. Бәріміз де сол жолдан шыққанбыз, бір-бірімізге күлетін ештеңеміз жоқ, енді ес кірсе де игі.
Сонымен, іздегеніміз Ахаң мұғалімдігін бастаған мектеп болған жер, ауданнан он шақты шақырымдағы Қарағаш селолық округінің орталығы – Самбай ауылына келдік. Осы арада айта кетуді сұранып тұрған бір пікірді елдің бас газеті «Егемен Қазақстан» арқылы еске сала кетудің реті келіп тұр. Біздің сол келген жерімізде ертеде отарлау саясатының ескі Ресейдегі өз тілінде де түсінігі шамалы, жалпы славяндық ұғымдағы «волость», «уезд» атаулары қаптап кеткені белгілі. Ал қазір бүкіл Қазақстанның ауылдық жерлердегі шағын әкімшілік-территориялық бөліністері жаппай неге «селолық округтер» делінеді. Ақ империяныкі әлгі, ал мынау қызылдықтан кетуі тиіс деу емес, егер халықаралық қолданыста қалыптасқан тұрақты термин болса, өзгертпесе де болар еді, құлаққа жақпайтын, көңілге жатпайтын, тастай естілетін бөтендікпен өңменінен итеріп тұрғандай сөздер.Тіл ғылымымыздың басында тұрған Ахаң есімі Қарағаш селолық округімен емес, әндей естілетін Қарағаш дейтін ауылмен байланыста айтылса, қандай жарасымды болар еді дегіміз келеді.
Десек те, демесек те Самбай аталған қоныстың мектебіне жеттік. Күз мұнда да күз – қыркүйектің алғашқы күндері болғанмен мектепте оқушылар жоқ, мұғалімдер де көрінбейді – бәрі де шаруашылыққа көмек беру үшін терімге кеткен. Мектептің кеңсесінен екі әйел мұғалім кезікті. Ауылға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сирек келетін болса керек, келсе де іздеп, түртіп жүрмін дегендей бұл жерге жағымы жоқ жағдайларға байланысты келсе керек. Екі әйел біздің облыстық газеттен, республикалық радиодан деп таныстырғанымызға сезіктенгендей болды. Соны байқап, бірден жылы қарап «сізге үлкен қуаныш әкелдік, мектебіңіз енді бүкіл елімізге мәлім болады, Ахмет Байтұрсынов мұғалімдік жолын тап осы жерден бастаған екен, ағарту саласының қызметкерлерісіңдер, Ахаңды білесіздер ғой» деп едік, біреуі үнсіз қалды, екіншісі «бізде Кеңес Одағының Батырлары суреттері берілген альбом бар еді, соның ішінде болар», деп іздестіре бастады. Біз оған «іздемей-ақ қойыңыз, Ахаң ол альбомда жоқ, ол тарихта, енді әр есті қазақтың жүрегінен табылады» деп, ұлы ұстазды таныстыра бастадық...
Ауылда облыстық газет редакциясына хат жазып, хабарлаған жоғарыда айтылған екі қарияны тауып, әңгімелестік. Қариялар айтқан әңгімелер бөлек баяндаудың тақырыбы, кезінде газетте жарияланған. Араға отыз жыл түсіп кеткен соң олардың есімдері еске түспей тұр, алайда іздеген адам газеттен табады. Ал мектепте кезіккен әлгі екі әйел-мұғалімдердің есімдері де, қандай қызметте екендері де әдейі айтылмай тұр. Жоғарыда айтылғандай, егемендікке біз бәріміз де осындай болып келгенбіз. Әліге бірігу үстіндегі жұртымыздың Ахмет Байтұрсынов, бүкіл алаштық арыстарымыз мақсат етіп, жете алмай кеткен арманын артындағы ұрпақтары бірін-бірі түртпектемей, бірі бірінің қадірін қалдырмай азаматтық ақыл, жігермен игі іске жұмылса... жұмыла алса, Ахаң айтатындай, Иншалла, ұлы ұстаздың аруағы риза болар еді-ау...
Егер біз ұлтымыздың ұлы перзентінің кіршіксіз өмір жолын шамамыз жетіп бағдарлауға тырыссақ, Ахаңа қатысты болған қандай істе де ұлылыққа тән мән-мағына барына көз жеткізуге тиіспіз. Ахаң Батпақтыға оның болысы Ахметкерей Қосуақовтың шақыруымен келді делінеді. Бірақ жазбаларда болыстың жеке басы туралы мәлімет жоқтың қасы. Оның бір себебі, мүмкін негізгі себебі Кеңес өкіметі жылдарында жұртымыздың кем дегенде, алмасқан үш ұрпағы санасында «болыс», «бай», «би» сөздерінің әлеуметтік жағынан іріген, саяси жағынан патша әкімшілігінің кертартпа ұғымдары ретінде сіңірілгені белгілі. Олардың әрине, келіспеген жақтарының көп болуы рас, болыстық басқарудың мәні ұлы даладағы негізгі аңсар – біртұтас қазақ елі болудың табиғи жолын ұлтымызға жат ресейлік қисынмен зорлықпен бұрмалады. Дегенмен кейінгі тарихында төрелік биліктерге біршама мойынсұнып қалған жұртымыз елдің беталысы барысында сұлтандық биліктің әлсіреуімен байланысты болыстыққа қазақтың өз ішінен шыққан, қабілетті деп танылғандарды сайлауға пәрмен берген 1868 жылғы «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» елді ру-руға бөліп, сайлауды сатып алудың, пара берудің Екатерина екіншінің заманынан келе жатқан ресейлік қитұрқы тәсілмен елді бөлшектеуге көшті.
Торғай облысында 1872-1891 жылдар аралығында екі болысты басқарған, шекті тілеу руының биі Мырзағұл Шыманұлының да елі үшін азаматтықпен атқарған елеулі істері еленбей, болыс жаман дақпыртының тасасында қалып бара жатқаны өкінішті. Азаматтықтың бір белгісі – азаматты тани білуінде. Сол Торғай облысына қарасты Қабырға болысына екі рет сайланып, үшіншісінде патша әкімшілігі тудырған әлгідей пара, сату мен сатылу қитұрқы әрекеттері кедергі болған Ораз Тетеұлын өңірдегі патша әкімшілігінің келісімінсіз, тоқсан үйлі түтінімен болыстық территориясына көшіріп алған Мырзағұл еді. Ол – бөлек айтар тақырып, елдіктің бір сындарлы мысалы ретінде тағылымдық әңгіме. Тек айтыла кететіні сол, Мырзағұлдың қамқорлауымен көшіп келген Ораз Тетеұлы Алаш қозғалысындағы көрнекті тұлғаның бірі болатын. Ол жалпықазақтық екінші съезге бара жатқан жолда 1917 жылы қайтыс болғанда Әлихан Бөкейханов съез жұмысын Ораз ақсақалға дұға бағыштауымен бастаған. Сол кездегі Торғай облысындағы 19 болыстықтың көлемі жағынан үлкені, елдегі ұлт-азаттық күрес жағынан күрделі өңірді 25 жыл басқарған Ахметкерей Қосуақов та әлгі аталған жалпықазақтық екінші съезге делегат болып қатысқан алашшыл көрнекті қайраткер. Ахаңды мұғалімдік қызметке шақырған Қосуақов та Орынбордағы үш жылдық гимназияны бітіріп, ілкіде Ақтөбе губерниясында тілмаштық қызмет атқарып барып болыстыққа сайланған. Ахаңды мұғалімдікке шақырса шақырған шығар, алайда ұлы ұстаздың «толық адамдық сирек жаратылысы», «келудің» тегін еместігін сезіндіретіндей ой салады. Ондай ойдың бір ұштығын Ахметкерей Қосуақовтың алашшыл қайраткерлікке көтерілуі де аңғартқандай. Ахаң мұғалімдікке келгенде 22 жаста екен. Бұл алаштық арыстардың көпшілігінің саяси кемелділікпен пісіп жетілген кезеңі. Ендеше, болашақ ұлы ұстаз мұнда жас буынды мектеп арқылы жарқын өмір барына үйрету, ұғындыруымен бірге, отарлаудың бұғауында азапты ғұмыр кешуімен келе жатқан жұртына азаптан құтылып, іргелі ел болудың ынтымақ, табанды күрестер арқылы келетін жылдарын аңғартып көрсетуге деген ниетпен де келген деп айту сұранып тұрған секілді.
Ал өңір болса солтүстігінде Ресей отаршылдығына, оңтүстігінде хандықтардың озбырлық-зорлығына қарсы кемі бір ғасыр бойы үздіксіз шайқасып келген, көп жерде жеңіліс тапса да күреске деген жігері жасымағандардың эпицентрі болатын. Ұлт тарихы мақтаныш ететін Сырым батыр бастаған жорықтар, отаршылдық арамза пиғылды жүзеге асырмау үшін Ресейдің жыртқыштыққа араны ашылған жағдайда туыстас түбі бір көршілес түркі жұртын біріктірудің амалын ойластырған Арынғазы ханды Калугаға апарып өлтірерде, хан нақ осы жерден кеткен, «Өмірден өткенде аяқтарымды солтүстікке қаратып қойыңдар, өлсем де Ресейді бері жібермей тіреп жатайын» деп, біз ұсақталған бүгінгі ұрпақ түсіне бермеуіміз мүмкін, тарихи өсиет айтып кеткен тамалық Есет батырдың, әйгілі Бәсенұлы Көтібардың кесенелері Ахаң мұғалімдікке келгенде Батпақты аталған, бүгінде Алға ауданының шағын территориясында. Осындағы Суықсуда отаршылдыққа қарсы күрестің батыры Есет Көтібарұлы көрсеткен ерлік орыс революционері, жазушы, философ Александр Герценді де бейжай қалдырмай қоштауына ие болған. Тарихшыларымыз назар аудармай жүрген, алайда елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі озбырлықтарға қарсы қатал қарулы күрес жүргізген Мұңайтпасұлы Әзберген басқарған жер де нақ осы маңай. Облыс орталығы – Ақтөбе қаласының 1869 жылы бекініс ретінде осы Әзберген Мұңайтпасовтың көтерілісінен қорғану үшін салынғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді.
Ахмет Байтұрсынұлы сөз жоқ, өңірде әліге ізі суымаған осы жағдайлардың бәрін ескеріп келді, күні кеше ғана өтті дейтіндей сол шайқастарды көрген, тікелей қатысқандардың бірқатары әлі бар еді, көрмеген көпшілігі кектеніп өсіп келе жатқан буын болатын. Оларға сол кернеген кекті жігерлендіретін тұлға керек-ті. Егер ұлы ұстаздың ауылдық мектепке келуіне осы қырынан да қарамасақ өмірде ұсақ бір ісі болмаған кемеңгерімізді «қызмет, тек жұмыс қамымен» келтіріп, жай қатарға қосуымыз әбден мүмкін...
Ұлы ұстаздың ілкі қызмет еткен жерін анықтау қажеттігі туралы облыстық басшылықтан хат түскеннен кейін Ахаңның қызы Шолпан апамен ұдайы байланыста болдым, қазір қолымда апаның маған жолдаған үш хаты сақтаулы, соңғы рет 1993 жылы мамыр айында, облыс делегациясы құрамында Ордабасыдағы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының президенттері, Ресейдегі Кемер облысының губернаторы Аман Төлеевтің қатысуымен өткен мерекелі жиында жүздесіп, әңгімелескенбіз. Апаның сондағы арманы даңқты әкенің шығармаларын түгендеп жария етіп, елдің белгілі ағартушылық, ғылыми, мәдени нысандарына есімін берудің әңгімесі еді. Елде бұл мәселе жөнінен елде сараңдық жоқ шығар деймін, сонда да үлкен-кішілігіне қарамай Ахаңның тікелей ізі қалған орындарының есімімен аталуы ондай орындарға елеулі жауапкершілік жүктесе керек. Жоғарыда айтылған Қарағаш ауылдық орта мектебінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы болуы – кемеңгердің өмірі мен ісіне тікелей қатысы жоқ бола тұрса да оның құрметпен, сүйіспеншілікпен қойылған өзге де көптеген атаулардан өзгешелігі – тікелей ізі қалғандығы айрықша жауапкершілік жүктеуі тиіс.
Елдің көрнектілігін, көркемдігін, біртуар тұлғаларын қадірлеу жөніндегі үгіттеу мен насихат орынды жүргізілсе олардың бүгінгі санаға да, ертеңгі өскінге де моральдық, адамгершілік жағынан берері көп. Тас түскен жеріне ауыр, атау, әрине Қарағаш мектебіне салмақ секілді, алайда ол ризалықпен қалап алатын салмақ. Шынына келгенде, Ахаңның қызметті бастаған орны – Қарағаш, тек сол ауылдың, ауданнан, тіптен облыстың ғана емес, тұтас қазақ елінің ұдайы есінде жүруі керек орын. Ал оны ауыл, аудан, облыс, елдің ағарту, ғылым, білім саласы қалай қабылдап, қалай ұғынады, бұл Ахмет Байтұрсынұлы армандаған, сол жолда өмірін сарп етіп, жанын пида қылған мақсат – егемен қазақ елінің санасына тәуелді.
Идош АСҚАР
Ақтөбе