• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Желтоқсан, 2020

Тарихты таразылаған туынды

458 рет
көрсетілді

Алматыда «Жадыңнан өш­пес» деп аталған ұжымдық монографияның таныстырылымы өтті. Кеңес заманындағы қолдан жасалған қиындықтар, алып империяның езгісіне түсіп, табанына жаншылған ха­лықтардың тағдыр-талайын арқау еткен туынды талай жайдан сыр аңдатады.

1930-1940 жылдары Қазақстанда болған сталиндік қуғын-сүргін тарихы, естеліктер мен қазіргі қоғам­ның сталинизм туралы ұғымын сара­лаған монографияға тарихшы­лар Жұлдызбек Әбілхожин, Ми­хаил Акулов, Зәуреш Сақ­таға­но­­ва, зерттеуші журналист Ека­­те­ри­­на Кузнецова, жазушы Юрий Сере­брянский, мәдениет­тану­шы­лар Александра Цай, Ма­ри­ни­ка Ба­баназарова, Гүлдана Са­фаро­ва және суретші Әсел Қадыр­ханова­лардың еңбектері енген.

Жинақ «Тарих», «Зерде», «Өнер» және «Көрме» деп аталатын бөлім­дер­ден тұрады. Ав­торлар ауыл ша­руа­­шылығын ұжым­­дастыру, ин­­дус­трияландыру, мәж­бүрлеп жер аудару, жаппай қуғын-сүргін және еңбекпен тү­зеу лагерьлері кезін­дегі зор­лық-зомбылық, азап пен жоқ­шы­лықтың халық жадында қа­лай таңбаланғанын баяндайды. Ха­лық­тың рухани жарақатын өнер құ­рал­дары арқылы көрсетуге талпынады.

Кітапқа кіріспе жазған Британ ғалымы Катриона Келли, бұл еңбек­тің артықшылығы әртүрлі этникалық топты зерттейтін сан тарау дәстүрден қуат алған ғалым­дардың ортақ диалогында деп ба­ғалаған.

– Жинақта репрессия механизм­дерінің даңғойлығы барынша ашық көрсетілген. Тарихи дерттің таби­ғатын түсіне отырып, Еуропа мен Еуразияның аймақтарында туын­даған, ұлттық мақсаттар үшін азап шегуді ақтаған «естелік соғыс­тарынан» аулақ бола аламыз. Саяси қу­ғын-сүргіннің жағымды жақтарын ғана атап, қалғанын жоққа шығару ұлт­қа жасалған қиянат. Қазақстанда тек жер ауып кел­гендер ғана емес, жергілікті тұрғындар да жазықсыз репрессияға ұшырады. Бүгінгі күнге дейін Алматы қаласында танымал және жақсы сақталған аудан бар, ол бастапқыда НКВД шенеуніктеріне арнап салынған. Өткенге салауат айтып, жарқын жетістіктерге қол созу үшін жас ұрпақ өзінің тарихын танып, туған халқына жасалған өк­темдікті білуі керек. Бұл оларды қанаттандырады әрі жігерлі болуға жетелейді, – дейді Катриона Келли.

Жинақтың екінші бөлімі Қазақ­станға депортацияланған поляктар мен корейлер туралы баяндалса, «Өнер» бөлімінде ҚарЛагтың сурет­шілері жайлы кеңінен айтылады. Ал қоры­тынды бөлімде сол дәуірдің үнін дәл бедерлеген көрме материалдары ұсынылып, тақырыпты аша түскен.

Алматы музейінде 28 қараша мен 22 желтоқсан аралығында «Жадыңнан өшпес» ұжымдық моно­графиясындағы зерттеу­лер­ бойынша көрме ашылды. Жо­ба Сорос-Қазақстан қорының «Адам құқықтары» жөніндегі бағдар­лама­сының қолдауымен жүзеге асқан.

 

АЛМАТЫ