• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 05 Желтоқсан, 2020

Павлодар кітапханасының балалар әдебиеті бөліміне күрделі жөндеу жүргізілді

279 рет
көрсетілді

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімі (Луначарский көшесі, 9/2 үй) күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа қайта берілді. Қайта жаңартылған кітапханаға өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов арнайы келіп, атқарылған жұмысқа оң баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілді. 1969 жылдан бері жөнделмеген ғимарат алғаш рет заманауи стандартқа сәйкестендіріліп отыр.

– Мемлекет кітапханалар мен басқа да әлеуметтік нысандардың жағдайына үлкен көңіл бөліп келеді. Балалар оқу орталығының Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылуы – айтулы оқиға. Жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылғаны көзге бірден көрініп тұр. Пандемия аяқталған соң бұл жерде балалар алаңсыз білім алатын болады. Жұмысты тез әрі тиянақты атқарған мердігер компанияға ризашылық білдіремін, – деді Әбілқайыр Сқақов.

Айта кетерлігі, облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөліміне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, балалар әдебиетінің көрінекті өкілі, жерлесіміз Сүлеймен Баязитовтың есімі берілді.

– Әкем балаларды қатты жақсы көретін. Сондықтан болар оның шығармашылығында балалар әдебиеті үлкен орын алды. Бүгін осы орталықты аралап шығып, керемет әсер алдым. Осы жерде балалар алаңсыз білім алса деймін. Бұл тек кітап оқуға арналған орын емес, жеткіншектерді отансүйгіштікке, патриотизмге, әдебиет әлеміне тәрбиелейтін рухани орда боларына сенемін. Әкемнің еңбегін елеп-ескеріп, құрмет тұтқан жандарға мың алғыс, – дейді жазушының ұлы Мұхит.

Елу жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген нысанда жас жеткіншектердің білім алуына, уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Кітапханның қызмет көрсету жүйесі бірнеше аймаққа бөлінген. Мәселен,  «Білімпаз» аймағында абонемент пен оқу залы бар. Бұл жерде оқырмандар үшін үйге кітап алуға немесе оқу залында отырып кітап, газет-журналдар оқуға мүмкіндік бар. «Балдырған» оқу аймағында мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық ойындар аймағы шоғырланған. «Өркен» ұлттық шығармашылық аймағында балалардың оқуға деген қызығушылығын ұлттық салт-дәстүрлер арқылы дамытуға, шығармашылыққа баулуға басымдық берілмек. Аталған аймақта Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы мен кітапхана ұжымы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. «IT-Бала» медиа аймағы жас оқырмандарды компьютерлік сауаттылыққа баулу, ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға арналған. «Зерде» интеллектуалдық аймағында түрлі тақырыптардағы  семинарлар, конференциялар, презентациялар, тренингтер, ойын-сауық шаралары өтетін болады. Заманауи техникалар арқылы жас оқырмандарға әр түрлі жанрдағы бейнефильмдер көрсетіліп, жастардың таным көкжиегін кеңейтуге ден қойылмақ.

– Мен 6-сыныпта оқимын. Орталықтың жаңартылып қайта ашылғанын әлеуметтік желі арқылы біліп, қуанып отырмын. Кітапхананың іші жарқырап тұр. Кітап оқудан шаршаған сәтте бой сергітетін ойын алаңдарын да көріп қалдым. Өз басым карантиндік шектеулердің аяқталғанын асыға күтемін. Кітапхана мен достарымды сағындым,– дейді жас оқырман Айзат Әлфараби.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова балалар әдебиеті бөлімінде 86 мыңнан астам кітап қоры бар екенін атап өтті. Кітапхана қоры үнемі жаңа кітаптармен толықтырылып тұрады. Жыл сайын орта есеппен 5 мыңнан астам жас оқырман осында келіп, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алады. Іші жарық әрі жылы кітапхана толықтай заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Жаңартылған нысан балалар үшін қызмет көрсетуге сақадай сай.