• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Желтоқсан, 2020

Келешек кеңею жобасы

719 рет
көрсетілді

Елімізде шетел инвесторларын қызықтыратын өңірдің бірі – Атырау. Инвес­тор­лар әсіресе мұнай-газ өнеркәсібіне көбірек бет бұрып отыр. Мұны қой­науында тұнып жатқан 3,2 млрд тонна «қара алтынымен» әлемге танылған «Теңіз» кенішінде инвестициялық жобалардың іске асырылуынан байқаймыз. Соңғы жылдары мұнда келешек кеңею жобасы қолға алынды.

Әрине қомақты инвестиция иге­рілсе ғана игілігін ел көреді. Осы тұр­ғы­дан айтқанда, төрткүл дүниедегі мұнай алпауыт­тары көз тіккен кен орнындағы келешек кеңею жобасына 45 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. «Теңіз­шевройл» ЖШС басшыларының мәліметінше, аталған жоба іске қосылғанда кен орнынан мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғаяды. 2023 жылы іске қосылатын жобаға 300-ге жуық қазақ­стандық компания мердігерлікке тартылды. Бүгінде бұл жобада отандық 27 мың маман жұмыс істеп жүр.

Қазір «Теңізшевройл» мұнай өндірумен бірге келешек кеңею жобасына баса мән беріп отыр. Өткен аптада жобаға қажетті 408 модульді жеткізудің үш жылдық бағ­дарламасы сәтті аяқталды.

– «Теңіз» кен орнына модульдерді тасы­малдаудың аяқталуы – қазақ­стан­дық компаниялардың теңіз логис­ти­ка­сы мен металл конструкцияларын өнді­ру саласындағы бәсекеге қабілет­тілігі дәлелденген орасан зор жетістік. Нарық­тық шарттардың күр­де­лілігіне, панде­мияның теріс әсері мен теңіз логистикасы операция­лары­ның ғаламдық ауқымына қарамас­тан серіктес­теріміздің үмітін ақта­дық. Жобаны одан әрі сәтті жалғастыру үшін ел Үкіметімен, жер­гі­лікті атқару­шы орган­дармен, іскерлік бағыт­тағы серік­т­естерімізбен  ынты­мақ­тас­тық­ты жал­ғастыра береміз, – дейді «Теңіз­шевройл» ЖШС-нің бас директоры Имер Боннер.

Оның айтуынша, барлық модуль жос­парға сәйкес уақытында жеткізілді. Бұл енді кен орнындағы орнату, өзге де құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастыруға жол ашылды. Өйткені келешек кеңею жобасы – Қазақстан үшін маңызды жоба. Жобаны жүзеге асыру біліктілігі жоғары жұмыс күшін, халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы енгізілген технологияларды, сондай-ақ жаңғыртылған инфрақұрылымды қалыптастырады.

Аталған жоба іске асырыла баста­ғаннан бері қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 10,3 миллиардтан астам АҚШ дол­лары жұмсалды. Қазір жобада жұ­мыс істейтіндердің шамамен 91 пайы­зын қазақстандық мамандар құрап отыр. «Теңізшевройл» инженерлік, мате­риал­дық-техникалық, өндірістік қыз­меттерді көрсетуге қазақстандық ком­панияларды жұмылдыруда. Келе­шек кеңею жобасына қатысу үшін 2 350-ден астам қазақстандық компания алдын ала іріктеліп алыныпты. Олардың 1 281-і алдын ала біліктіліктен өтіп, нә­ти­жесінде қазақстандық компаниялар­мен 630-дан астам келісімшарт жасалды.

Ал әрқайсысы 500-ден 1 800 тон­наға жететін модульдер Қазақ­станда, Оң­түстік Корея мен Италияда дайындалып, Ресейдің ішкі су жолы жү­йесі арқылы Кас­пий теңізінің Прорва түбегіндегі жүк тү­сіру термина­лына тасымалданыпты. Бар­лық модуль­дік жүктің жалпы сал­мағы 280 мың метрикалық тоннаны құ­рады. Қазақ­стандық Еrsai, KCOI компа­ниялары Маңғыстау облысында халық­аралық стандарттарға сәйкес 75 құрас­тырмалы модульдік эстакада мен 10 қа­шықтан бақылау блогының құрылысын аяқтап, техникалық әлеуеті мен кәсібилігін дәлелдеді.

Жұмыстың үдемелі кезінде 120-дан астам кеме пайдаланылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылып, кейбірі осы жоба үшін арнайы өзгертілді. Қазақстандық «КазТеңізТрансФлот» компаниясы Каспий теңізіндегі тасымалды жүзеге асырды. Кемелер Қазақстан мен басқа нүктелер арасында 140 мың шақырымнан астам қашықты жүзіп өтті. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі – «Теңіз» кен орны маңындағы Прорва түбегі. Мұнда модульдік жүкті қабылдау, одан әрі тасымалдау үшін салынған жаңа бағыт түзілді. Прорва түбегінде ұзындығы 71 шақырымды құрайтын теңізге кіру арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жол бар.

Осындай ірі жобаны іске асыру­ға кіріскен «Теңізшевройл» ЖШС бас дирек­торының орынбасары Айбек Крам­баевтың мәліметіне сүйенсек, шетелдік мамандар құрамы бұрын­ғыдан азая бастады. Соның есебінен қазақстандық мамандардың саны өсіп келеді. Олардың үлесі былтыр желтоқсанда 82% болса, биыл жыл соңына дейін 88%-ға жетеді. Бұл орайда әрине отандық кадрлардың білік­тілігіне баса назар аударылып отыр. Мәселен, 2007 жылдан бері 198 қазақстандық қыз­меткер шетел­діктерді алмастырыпты. Оның ішінде негізгі техникалық лауа­зым­ға 87, ал басшылық лауазымға көтерілген 111 отандасымыз бар. Бұдан басқа тағы­лым­­дамадан өту үшін халықаралық және жер­гілікті тағайындаулардағы қазақ­стан­дық қызметкерлердің үлесі 10 адамға көбейіп отыр. Қазақстандық қызмет­керлер Филиппин, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания сияқты ел­дерге жіберілді. Сондай-ақ 2 мың­нан астам қызметкер білік­тілікті арттыру бағдарламаларына қа­тысты.

 

Атырау облысы