Түнде Ерағам, кәдімгі көсемсөздің серкесі, әсем жырдың еркесі ерен ақын Еркеш Ибраһим түсіме енді. Көкше тауларының батысқа қарай созылып, Жекебаяқ даласымен ұласатын тұсындағы бір сілемі – Ақан тауының етегінде қарашаның жел үйірген жеңіл қары үкідей желпілдеген биікке қызықтай қарап тұр екен деймін. Кенет жотадан зулап келе жатқан қолшана жанынан өте бере бұлт ете түсіп, үстіндегі бала екі-үш аунап тұрып, төмен құлдилай жөнелген шанада жұмысы жоқ, құлағанына қысылғандай ыржиып ақынға қарады. «Байқасаң еді, бәтір, бір жерің ауырып қалған жоқ па?! – деп елжірей түсіп, – бірақ бәріміз де белестен асқанда осылай бір-бір құлап тұрғанбыз..., – деп күліп жіберді. Сол дауыстан оянып кеттім. Апырай, қараша ақынның өмір есігін ашқан айы еді ғой, соны ұмытып кеттіңдер-ау деп жүр ме ұлы рухы жарықтықтың. Иә, жанары от шашып жарқылдап ортамызда жүрсе, тоқсанға келгенін тойлап жатар едік қой деп ұзақ ойға шомып, қайтып көз іле алмадым.
Ақын ағаның түсіме Ақан тауының етегінде тұрғаны енуі де тегін емес секілді. Бұл – оның кіндік қаны тамған киелі өңірдегі ата-бабаларының бағзыдан бергі құт-мекені. Еркештің ұлы атасы, Кенесары – Наурызбайдың сенімді серіктерінің бірі, Қарауылдың Қылдысынан шыққан көзсіз батыр, қолмерген, Нысанбай жыраудың атақты дастанында есімі Иман, Жәуке, Төлебайлармен қатар аталатын Ер Кенжебай өмір бақи өзі аттас айдын шалқар айна көл жұлығын сипап жатқан осы Ақан тауының төңірегін мекендеген. Балалары да атақоныстан табан аудармай, көгілдір көлдің жағасында, жасыл ормандардың саясында, манар таудың аясында өмір кешкен. Батыр мыңғыртып мал жинамаған, дөңгелек қана дәулет иесі болған деседі. Балалары да сол ауқымнан аспаса керек. Өмірі енші бөліспеген Кенжебайдың үш ұлы Тәуірбай, Бердібай, Тілеубердің меншігінде елу-алпыс қой, қырық-отыз ірі қара, екі-үш жүз қой-ешкі болған. Соның өзі кешегі қызыл белсенділердің көзіне сүйелдей қөрініп, «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» саясатымен ағайынды үшеуін үшінші деңгейдегі бай-кулак тобына жатқызып, бар малын ортаға түсіріп, атақонысын өзгертуге үкім шығарды. Отаршылдарға қарсы күреске қатысты деп патша ұлықтары бір қудалап, дүмділердің ұрпағы деп кеңес белсенділері және соңына түскен Кенжебай әулеті амалсыздан орыс селоларын сағалап, босып кетті.
Ақыры Тәуірбайдан туған Ебікен (азан шақырып қойған аты – Ибраһим) отызыншы жылдардағы алапат аштықтың алдында таудың түстік беткейіндегі қылды ағайындарын тауып, Төлебай ауылына көшіп келді. Осында отызыншы жылдың қараша айында екінші ұлы Еркеш дүниеге келді. Қуғын-сүргіннен қорқып, қашып-пысып, көшіп-қонып жүргенде айықпас сырқатқа шалдыққан жас ана Әлпеш аңсаған ұлын ауыздандыра алмай өмірден өтті.
«Жетім қалған лақты көрсем тітірейді жүрегім, Мен де сондай ана сүтін ембегеннің бірі едім» дейтіні содан ақынның.
Өлең-жырға құмар, әсіресе қазақ әдебиетінің қызыл сұңқары Сәкен Сейфулиннің «Ерке-Бұлан» деп қол қоятын шығармаларын қызыға оқитын Ебікен ақын болар ма екен деген игі тілекпен ұлына Еркебұлан деп ат қойған еді. Кейін ағайын-туғандары еркелетіп Еркеш атап кетті. Қазақта жақсы көрген балаларды даралап, атын өзінше өзгертіп алатын дағды бар еді. Еркештің жалғыз ағасы Бекқожаны жұрт «Бекеш» атайды. Ибраһимнің өзі Ебікен атанып күллі құжаттарға сол есіммен енді емес пе. Жалпы, бұл жаман да дәстүр емес. Жақын тартудың, жақсы көрудің, бауырмалдықтың бедерлі бір белгісі. Осы бауырмалдық Еркештің де жетімдіктің не екенін білмей еркін, ерке, бұла болып өсуінің бастау көзі болды. Жыландыдағы жетіжылдық мектепте оқығанда да, Атбасардағы мектеп-интернатта орта білім алғанда да ол кеудесін асқақ ұстап, үздік оқып, дос-жарандарынан, құрбы-құрдастарынан оқ бойы алда жүрді. Оның ақындық қабілеті орта мектепте жүргенде-ақ байқалды. Қазақ университетінде қанаттанды. Баспасөз саласындағы қиын да құрметті қызметінде құлашын кең жайып еліне елеулі, халқына қалаулы қаламгер етті.
Ақынның тұсына жете бере асау тайдай бұлт етіп, аунап түсіп, иесін тастап кететін қолшананың да түске кіруі жайдан-жай емес ау, сірә. Еркештің тырнақалды туындыларының бірі – осы оқиға суреттелетін «Қолшана» ақынды зыр етіп Жыр сарайының қақпасынан өткізіп жіберген ақжолтай өлең. Ол журналда жарияланған бетте-ақ аса көрнекті қоғам қайраткері, қазақ әдебиеті мен өнерінің жанүзер жанашыры, зердесі зерек білімдар сыншы Ілияс Омаровтың назарына ілініп, лайықты бағасын алды. «Бас-аяғы төрт ауыз өлеңде сырғанақпен бірге кеткен, аударылып артта қалған балалық, алда күтіп тұрған үміт пен күдік ақынның ой ағысын аңғартып, философиялық терең мағынасымен уақыт пен өмірдің ұшқыр қимылын аңғартады. Жазылуы қарапайым, бірақ сұлу» деп жас ақынға ақ жол тілеп, сәт сапар айтады ақылман аға. Демек, «Қолшана» ақын үшін сырлы сазды жыр сандығын ашып берген алтын кілт сынды.
Асылы, Еркеш Ибраһим жарауы келіскен жүйріктей жыр бәйгесіне еркін қосылып, бірден көзге түсіп, оқырманнан оң бағасын алған және орынды алған ақын. Тұңғыш жыр жинағы жарыққа шыққанда «Лениншіл жас» ақ тілеулі алғысөзбен кітапқа енген бес-алты өлеңді жарнама ретінде жарияласа, он алты облыстық қазақ газеттері түгел дерлік жағымды пікір айтып, жылы лебіз білдіргені күні бүгінге дейін есімде. Солардың көбін өз көзімнен өткеріп, сүйсіне оқығанымды ұмытқаным жоқ әлі. Өйткені сол елу сегізінші жылы институттан кейін бір жылдай ауыл мұғалімі болған мен Ерекеңнің қам-қарекеті мен абырой-беделінің арқасында облыстық газетке әдеби қызметкер болып кіріп және ақынның өзі басқаратын мәдениет бөлімінде істеген едім. Еркештің «Қарлығаш» жинағындай жабыла жаппай пікір жазылған жыр кітабын кейін көрген де, естіген де жоқпын.
Сарыарқаның киелі топырағынан жаралып, көкорай шалғынын жөргек қып, сабат самалын сіміріп, күміс көлдеріне сүңгіп өскен Еркешті даланың дара жаршысы десе де артық болмас. Қыр перзенті атанған халықта даланы жырға қоспаған ақын аз да шығар. Алайда Еркештей даланы егіле, төгіле жырлаған самалындай есілтіп, борандай бұрқыратып, нөсеріндей төпелетіп жиі жазған және жүйелі жазған ақын кемде-кем.
Дала деген немене? Самал жел ме?!
Жел деген не? Көктемнен жетер дем бе,
Осыларды шынымен сүйе алмасам,
Шіркін жүрек жүргені бекер менде, – дейді ақын ағынан ақтарылып.
Жыл мезгілінің төрт тоқсанында түрліше түлеп, дала дидары оның жырларында тотының қанатындай жүз құбылып, құлпырып тұрады. Қыста күміс қардан көрпе жамылып, ұйқыға кеткен аруға ұқсаса, көктемде қара барқыт қамзол киген гүл ерінді қыздай бұлғаңдайды, жазда қызыл-жасыл көйлегі көлбеңдеп күлкісі тау суындай сыңғырлаған келіншекті елестетсе, күзде алтын дән уыстан береке шашқан саркідір бәйбішеге айналып, елге ырыс-құт әкеледі. Сол бейнелерді көз алдыңа келтіргенде өзің де осы қырдың бір тетігіне жарап, болат түренмен боразда бұрымын өрген диқан, кең жайлауда қой жайып, қозы жамыратқан шопан, тебінге жылқы салып, асаудың құлағында ойнаған жылқышы, қырда ақ шаңқан қала тұрғызған құрылысшы болып кеткің келеді.
Ол осы даланың даңғайыр иесі мен киесі сынды Социалистік Еңбек Ерлері белді де беделді қайраткер Баян Жанғаловтың, даңқты диқан Тұрлыбек Әбілпейісовтің, құт қонған қойшы Мәнтай Әлкебаевтың, автопойыз авторы Ғазиз Нұғымановтың бедерлі бейнелерін сомдап, көзі тірісінде-ақ өлеңмен ескерткіш орнатты.
Әрине, Арқаның алтын алқасы – Кербез Көкше болмаса, бұл даланың да қу мекиен құла түз болып қалары ақиқат. «Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше, ризамын бар ғұмырым Көкшемде өтсе» деп Мағжан мен Сәкендей саңлақтар бастаған талай ақын жырлаған. Бірақ солардың Көкшені дәл Еркештей қастерлеп, құлай сүйіп, құлшына жыр еткені шамалы. Ол өзін, «Қызғыш» атты өлеңінде айтқандай, Көкшенің жаратқаннан кейінгі жалғыз иесіндей көрді. Және Көкшенің шырқау биігімен шектелмей, оның құрамдас құндылықтарын тұтас қамтып, жеке-жеке жыр етеді. Оларды оқып отырғанда Оқжетпестің ұшар басындағы піл тас қозғалып, орнынан тұрғалы жатқандай көрінеді. «Биші қайыңдағы» күміс көл тартылғанда айдынында билеп жүрген ақ балтыр қыздар жағада қалып қойып, бұрала біткен қайыңға айналуы ғажайып бір тылсым дүниеге жетелейді. Айнала ақ толқынның ортасында тұрған «Жұмбақтас» бір жағынан қарасаң су сарынымен шаптыққан кәрі кемпірге ұқсаса, енді бір жағынан байқасаң шашын жел желпіген арудай жүзі жайнап, күнге қарап сық-сық күлетін сияқты. Не керек, әйтеуір бір ертегі әлемінде жүргендей боласың.
Бурабайда ақ бояумен жартасқа,
Жазылған бір алғыстар бар марғасқа:
«Емделуге әйелдерін жіберген,
Жүз рахмет алыстағы жолдасқа».
Сол жартаста көл үстінде түнерген,
Бикештер де үздірмейді күдерден:
«Көп рахмет келіншек пен қыздарға, –
Деп жазыпты, жігіттерін жіберген».
Тоқ баламен ойнай алмай аш бала,
Мұңлы көзден сіркірейді жас қана,
Сонау сөздің кім болса да салмағын,
Көтере алмас,
Көтерер тек тас қана.
Әсіре бояу әшекейсіз осынау қарапайым жолдарға қанша қалың ой, қаншалық зіл салмақ жатыр десеңізші. Шындық қорғасыннан да ауыр, өттен де ащы. Демалыста болғанымызда санталай оқыған сөздер ғой бұл. Алайда оның астарында ашы да ауыр шындық жатқанын кім елеген. Зердесі зерлі ақын тәлім алар ой туғызып отыр.
Атажұрттың айтулы жерлерін, өзен-көлдерін, тарихи орындарын, танымал тұлғаларын жырлаудың санаулы шеберлерінің бірі де Еркеш. Қазақтың Қаратауы мен Алатауының, Алтайы мен Ұлытауының, Қарқаралысы мен Баянауылының бейнесін бар болмыс-бітімімен бедерлеп, сырлы сөзбен сом суретін санаға сіңірді. Есіле аққан Есіл, созылып жатқан Нұра, мұхитқа құяр Ертіс, жеті өзенді Жетісу да қаламынан қағыс қалған жоқ. Бір ғажабы, қай жерді жырласа да оны тарихи тұлғаларымен астастырып, бедерін айшықтап, беделін аспандата түседі. Сырымбетті ғалым Шоқан, Қоскөлді сері Ақан, Бурабайды сал Біржан, Жалғызтауды Үкілі Ыбырай арқылы кемелдендіріп, еңсесін көтеріп отырады. Сөйтіп туған жердің ғана емес, ұлы бабаларының да тұтас бейнесін жасап, тұғырын бекіте, биіктете түсуге күш салады. Тастарына табанын тілдіріп, балалықтың бал күндерін өткізген Ақан мен Айыртау, Ақсораң мен Имантау жайындағы жырлары өзінше бір сағыныш сорабы.
Туған жерін аялаған бұл қазақ,
Айдар тағып, ат қойыпты тым ғажап.
Жарты аспандай шалқып жатқан даласын,
Қорғау үшін шексе-дағы қилы азап.
Туған жердің әрбір аты, атауы,
Оған деген мейірімнің отауы.
Өзен-көлім – махаббатым мәңгілік,
Туған далам – Махаббаттың отаны.
Міне, бұл бәрімізге ортақ ақ ниет, адал пікір. Әттең, осы туған жер тақырыбы бүгінде сәннен шығып, өлең өрнегіне ілінбей жүргені өкінішті.
Көгілдір Көкше, көгілдір шәйі пердеңді аш,
Қасқая түсші Оқжетпесім менің нар маңғаз,
Ұйқыда жатқан оян сен, Жекебатыр,
Тас болып қатқан ақ бурам тұрып маң-маң бас, деп туған тауының баурайын түгел дүр көтеретін Көкшетаудың Еркеші, көркем сөздің серкесі ата-мекеніндегі меншікті тілші қызметін он екі жыл мінсіз атқарып, өмірінің соңғы он жылында сол «СҚ»-ның (Егемен Қазақстан) Қарағанды облысындағы өкілетті өкілі болып істеді. Қазақ қаламгерлерінің арасында алғашқылардың бірі боп КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған Еркеш ағаның жаңа орында тың тынысы ашылғандай, шабыты шамырқана түсті.
«Түсіп кеттім шахтаға,
Түбінде барар жер ғой деп,
Түнекті түрген қап-қара,
Жеңген де мендей ер ғой деп»
беріп кеткен ол жеті қат жер тамырын соқтырып жатқан құрыш қолды кеншілерді көріп, өндіріс ошақтарының жүрегін іркіліссіз соқтырып, жұрттың үй-жайын жылытып тұрған «тасты отқа айналдырар» көмір осылардың маңдай терімен табылатынына көз жеткізді.
Аспаны қызыл арай таң алдындай арайлап тұрған Магниткаға да барып, Мартен пешінің аузында ақ жалынмен алысып, болат балқытып, құрыш құйып жүрген қазақ жігіттерін көріп, еңбегіне тәнті болды. Күні кеше ауылда ат құлағында ойнап жүрген жастардың бүгінде алау отты ауыздықтап, алапат жалынмен жұлқысып жүрген өжеттігін айтсайшы. Солардың осынау ерлік еңбегін жалпақ жұртқа жедел жеткізу үшін ол қаламын көсілте сілтеп, өлеңді де, очеркті де өндірте жазды. Әлбетте, ақынға қара сөзден өлең оңай емес пе, негізінен оларды жырға арқау етті. Бұрын түрлі тақырыпта тоғыз поэма жазған ол кеншілер жайында дастанға бергісіз «Алау», «Оттың тууы», «Болат судай тасиды» тәрізді толғаулар туғызып, «Аңыз аға» атты диалог-дастан жазып, аз жылда өндіріс тақырыбында үш кітап шығарып, ілгеріде жарық көрген оншақты жыр жинағын жаңа туындылармен толықтырды. Осы арада Социалистік Еңбек ері Алтынбек Дәрібаевпен ашық-жарқын әңгіме түрінде өлеңмен жазылған «Аңыз аға» еңбегіне аз-кем тоқтай кеткен артық болмас. Онда Алтынбектің аузымен айтылатын мынандай жолдар бар:
Арғын мен жеке жырла Төлегенді,
Сөз қозғау бастық жайлы керек енді.
Еңбекқор сонау біздің Нұрсұлтандай,
Көргем жоқ бұл өңірде ерен ерді.
Ол келді... жалғыз келмей отыз келді,
Отыз келді... дүбірлетіп отыз белді,
Отыздың отызы да отыз жалын,
Үрледі отыз отқа отыз желді.
Ол келді отыз дүркін еселі боп,
Отыздың мұртсыз ғана көсемі боп,
Отызы отыз түрлі өнер төгіп,
Отызы отыз түрлі көшелі боп.
Ол істі горновойдан бастап еді,
Өнерін төгіп-төгіп тастап еді,
Көндіріп от барысын дегеніне,
Ойпыр-ай, ақ жалынды жасқап еді.
Білді ол күйерін де, жанарын да,
Ерекше жалын ойнап жанарында,
Партия солдаты боп кете барды,
Жалынның оты алаулап талабында.
Бұл бүгінде ұлт көшбасшысы болып, отыз жыл бойы елді ұрыс-керіссіз, ың-шыңсыз соны соқпақпен нұрлы болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымызды табаны күректей қырық төрт жыл бұрын алғаш жырға қосқан біздің Еркеш Ибраһим екенін қазір екінің бірі біле де бермейтін шығар. Мұны дарынды тұлғаның кемеңгерлігі дейміз бе, көрегендігі дейміз бе – қайсысы болса да шындықтан шалғай кетпес, сірә. Оған мына жолдар да айғақ болады.
Жүрегімнің жылынып отыменен,
Ішімде де екінші жатыр әлем.
Ішімде де бар менің, бір сиқыр нұр,
Балқып жүре береді ақық өлең.
Досым, мұны дұрыс-ақ түсінгенің,
Ұшқанын да соңыра құсым менің,
Сынық ине өмірден әкетпеспін,
Тек ішімде кетеді ау ішімдегім.
Сақи тартқан, салиқалы ақыл иесі сарабдал ақынның ішінде көп дүние, құнды да бұлды дүние кеткені анық. Оны отыз жыл бір терінің пұшпағын бірге илескен мен жақсы білемін. Ұзын жолдың үстінде танысып, әдебиет айдынында табысып, баспасөз деген биік мінберде бірімізге-біріміз кезек-мезек бастық болып, балаң жігіт күнімізден бірге істеп, ағалы-інілідей болып кеткен едік. Ешқашан әй-шәй дескен, жүз шайысқан жеріміз жоқ. Ол – ақылшы аға, мен – ілтипатты іні болдық. Отау тігіп, шаңырақ құруымның да басы-қасында өзі жүрді. Содан бастап отбасымызбен алғаусыз араласып, балаларымыз бірге өсті. Ол мені өмір-бақи Сарбас демей, ата-анам еркелеткендей Саркен деп кетті. Алматыға жұмыс бабымен және өз шаруасымен келген сайын Жазушылар одағында болып, баспаларды аралап, қаламдастармен бірер күн дуылдасып әбден шаршағанда біздің үйге келіп бір-ақ тыныстап, жағасы жайлау боп жатар еді.
Ең соңғы рет сексен алтыншы жылдың мамырында меншікті тілшілердің жиынына келгенде, бойын ырду-дырдуан аулақ салғысы келді ме, әріптестеріне жоламай бірден біздікіне түсті. Қазылып қатты жүдеген екен. Жан-жары Ақылдан қапияда көз жазып, кәмелетке толмай, отау құрып үлгермеген үш баланың қам-қарекеті, отанасыз қалған отбасының тауқыметі өз мойнына түсіп, күнкөріс күйбеңі діңкелетіп, денсаулығына қатты әсер еткені белгілі. Кейінгі кезде жастай жабысқан бүйрек дерті қайта меңдеп, ауруы асқынып, әлсін-әлі ауруханаға түсіп, жиі жатып қап жүрген-ді. Осы жолы жұмысын тапсырып, қызметтен кетуге бел байлап келіпті. «Мә, мынаны ертең редакторатта жұртқа өзің оқып бер. Ақырына дейін оқуға менің демім жетпейді» деп өтінішін маған ұсынды. Үш бетке маржандай мөлдіретіп өлеңмен өзі жазған қолжазбаны көңілім бұзылып, әрең оқып шықтым да: «Ереке, қатардан кетіп қайтесіз? Қуып, қудалап жатқан әзір ешкім жоқ. Жұмысыңыз да қалпынша» деп едім, «Ортақ іске көлеңке түспеуі керек, мен бәрібір бұрынғыдай бола алмаймын. Оның үстіне күллі тілшілердің жұмысына жауап беретін саған «ағасын ауырса да ұстап отыр» деген сөз ермесін» деп бір-ақ қайырды.
Ертеңіне ертелетіп машинкаға он-он бес дана ғып бастырдым да, алқа мүшелері мен көңіл жетер жігіттерге бір-бірден үлестіріп, жиналыстың басында көзім буланып, үнім булығып өлең-өтінішті жиналғандарға оқып бердім. Әріптестеріміз күрсініп, кейбірі көзіне жас алды. «СҚ»-ға өтініш» деп жазылған он жеті шумақ өлеңнің мына бір үзіндісі-ақ көп жайды аңғартар:
Бәйтерегім,
Мәуелеген еменім!
Қайда жүрсем жатсынбаған сен едің.
Өзің болып саңқылдады дауысым.
Өзің болып тамылжыды өлеңім.
Өзің болып жақсылармен жанастым,
Талай күртік қарды күреп жол аштым,
Бір түн бойы жаттым қардың астында,
Ақ боранда екі күндей адастым.
Солай саған хабар беріп жотадан,
Сөйтіп менің шығып жатты мақалам.
Өлеңдер де туды боран астында,
Очерк те туды аязда қақаған...
Енді шырқап шыға алмаймын шығанға,
Ере алмаймын мынау ұлы ұранға,
Дауысың бар, өздерің жоқ сықылды,
Екі көзім қадалады тұманға.
Артық-кемім болса менің, кешіңдер,
Үзеңгіден аяғымды шешіңдер,
О, туғандар, осылайша бір тілші,
Бәйтеректей омырылды дерсіңдер,
... Омырылды дерсіңдер».
Иә, отты жырдың Оқжетпесі, серке сөздің Еркөкшесі осылай омырылып, ерен ақын Еркеш Ибраһим ұжымымен қош айтысқан еді. Араға бес ай салып пәни жалғанмен де қоштасты. Соған дейін қатарда ұстауға болатын еді-ау. Оған бірақ өзінен гөрі ортақ мүддені жоғары қоятын ірі тұлғаның өзі көнбеді. Біз тұрғыластардың тәлімі де, тәрбиесі де осы ғой.
Сарбас АҚТАЕВ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері