Қарағандылық өнертапқыш Павел Ивачевтің «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мобильді баспалдақ көтергіші» жобасы «Мен жастарға сенемін!» атты республикалық байқауда үздік шықты.
Павелдің басына бұл идея осыдан үш жыл бұрын Қарағанды медициналық университетінде оқып жүрген кезінде келген екен. Ал жобаны жұртқа көрсетудің мүмкіндігі Қарағандыда алғаш рет өткен мейкатон өнертапқыштар байқауында туындапты.
– Мен байқауға қатысушы команданың капитаны болдым. Конкурс талаптарына сай, әр командаға нидноуэр – көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі адам бекітілді. Біздің қарамағымызға бесінші қабатта тұратын, арбаға таңылған бойжеткен тиді. Ал бес қабатты үйлердің жеделсатымен жабдықталмайтыны белгілі. Содан үш күннің ішінде мобильді көтергіштің прототипін жасап шығардық. Ол баспалдақпен жүріп қана қоймайды, сонымен қатар ауыр жүкті де көтере алады, – дейді Павел Ивачев.
Міне, осылайша аталған байқау дәл осы бағытта әзірлемелер даярлауға мықты серпін берген болатын. Павел өзінің пікірлестерімен бірге бірнеше прототиптер жасап шығарды. Олардың кейбіреулері жүзеге сәтті асырылды да. Түптеп келгенде осының бәрі қарағандылық өнертапқышты өзінің еңбек қызметін ерекше адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған инновациялық технологиялармен байланыстыруға итермеледі.
Қазіргі таңда ол досы және жұмыс бойынша әріптесі Тимур Коробейниковпен бірге Қазақстан аумағында өз өндірісінің сапалы және бағасы бойынша қолжетімді өнімін сатуды қолға алған.
– Біздің елімізде мұндай өндіріс жоқ. Оңалту жабдықтарының үлкен тізімін жасауды жоспарлап отырмыз. Біз вертикализаторларды, балалар мен ересектерге әртүрлі арнайы костюмдер шығарамыз, – дейді Павел.
Қарағандылық іскер жастар елімізде оңалту өнімдерін өндіруге арналған материалдар мен жинақтауыштар жоқ болғандықтан, оларды Қытай мен Ресейден тапсырыс беріп алдырады.
Таяуда Павел Ивачев пен Тимур Коробейников Қарағанды облысы әкімінің гранттарын тапсыру байқауының жеңімпаздары атанып, олардың әрқайсына кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамыту үшін 1 миллион теңгеден берілді.
ҚАРАҒАНДЫ