Премьер-министрдің орынбасары басшылық ететін Үкіметтік комиссия Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына барды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, ұшақ апаты болған жерде 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 АМО (Апаттар медицина орталығы) бригадасы жұмыс істеді. Облыстық көпсалалы ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық, сондай-ақ 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды.
Жалпы, ауруханаларға 29 зардап шеккен адам жеткізілді. Оның ішінде Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам түсті. Олардың 13-і Әзербайжан, 9-ы Ресей, 3-еуі Қырғызстан азаматтары. Үш адамның жеке басы анықталып жатыр. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасында екі кәмелетке толмаған бала бар.
Барлық науқастар толық көлемде медициналық көмекпен қамтылған.
Қанат Бозымбаев жауапты тұлғаларға сапалы емдеу мен тиісті күтімді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Ақтауға елдің жетекші ғылыми медициналық орталықтарынан реаниматологтар, травматологтар, хирургтер, комбустиологтар және басқа да жоғары білікті мамандар тобы келгенін хабарлады.
Одан кейін Қанат Бозымбаев Әзербайжаннан келген үкіметтік делегациямен кездесті. Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрі Камаледдин Гейдаровпен және Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәби оғлы Нәбиовпен келіссөздер жүргізді.
Әзербайжан үкіметтік делегациясының өкілдері көрсетілген көмек үшін Қазақстан халқына алғыс білдірді.
Маңғыстау облысы