Әдетте, оған ұқсас адамдар туралы «өзін өзі жасаған адам» дейді. Бізді өмір сүруге итермелейтін және ынталандыратын сәттілікке толы сәттердің тарихы дәл осыған негізделген.
Алғысөз орнына
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Фарит Галимов өзінің алғашқы еңбек жолын Петропавл құрылыс материалдары зауытында бетоншы болып бастаған еді. Қазір, әрине, 19 жастағы жігіттің зияны көп қауіпті өндірісте жұмыс істегенде не ойлап, нені армандағанын білу қиын болар. Сол кездегі әдебиет пен баспасөзде басылатын қарапайым жұмыс адамының ауыртпашылықтан тұратын есіл еңбегі қаншалықты қиын болса, соншалықты оның көп нәрсеге қол жеткізуді армандайтыны табиғи құбылыс еді. Солай болуы заңды да.
1968 жылы университетті «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітіріп, дипломын алып, жұмысқа кірісіп кеткен ұстазыммен кейінірек таныстым. Еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастаған ол өзінің еңбекқорлығының арқасында кез келген құрылыс алаңының «өз адамы» болды. Жұмысшылар мен инженерлердің жанын жақсы түсіне білді. Аянбай еңбек етіп, әбден шыңдалған оның жігері басшылық лауазымдарға жол ашты. Петропавл мен Көкшетаудың құрылыс трестерінде 30 жыл бойы инженер болып, кейін басқарма бастығы лауазымына дейін көтерілді. Сөйтіп, «Көкшетау құрылыс» трестінің басшысы болды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында ҚазКСР Құрылыс жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды. Одан кейін «Қазақстанқұрылыс» концерніне басшылық етті. Әрі қарай Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрінің бірінші орынбасары, сол кездегі Ақмола қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Парламент Сенатының депутаты, «Қазақстан темір жолы» АҚ Президентінің кеңесшісі болып еңбегін сіңірді.
Президенттің тапсырмасы
Фарит Хабибрахманұлының ең басты қызметі – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Орталық мемлекеттік органдарды Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тапсырмасын орындау болды. Ол қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссияны 1996 жылғы қарашадан бастап басқарды.
Фарит Хабибрахманұлының айтуынша, астананы көшіру жөніндегі мегажобаны алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің отырысында баяндаған.
– Екі жылдан кейін еліміздің бас қаласы жаңа елордаға көшті. Астананы орталыққа көшіру туралы идея – Елбасы тарапынан ой елегінен өтіп, әбден пісіп-жетілген дүние еді. Нұр- сұлтан Әбішұлы Тәуелсіздікті жариялаудың маңыздылығына жете мән берді. Тәуелсіз Қазақстанда жаңа астана болуға тиіс еді. Бұл ұмытылмас саяси сәт болды: жаңа ел – жаңа астана. Елге жаңа астана таңдауға себеп болған сәттің бірі – сол кездегі астана мәртебесіне ие болған Алматы қаласының орналасқан жері елдің шетінде болуы еді. Әдетте, барлық астаналар елдің орталығында орналасады. Содан барып тұрғындардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауына ыңғайлы логистика құрылады. Бұл тұста экономика да жеңіске жетті деуге болады: Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Өскемен – барлығы Астанаға жақын орналасады, демек, бас қала ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік аймақтың орталығында болады, – деп еске алады мерейтой иесі.
Астананы көшіру: жүре үйрендік
1994 жыл – астананы қалай ауыстыру керектігін әлі ешкім жете түсінбеген уақыт. Фарит Хабибрахманұлының пікірінше, мемлекеттік органдарды көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылуы – сәтті шешім болды.
– Бізде тәжірибе де, ақша да болған жоқ. Ақшаға қатысты мәселе туындағанда, үнсіз тыныштық орнайтын. Сол кездер әлі есіңде болар, – деп сұрап қояды мерейтой иесі сөз арасында. – Ал бізге бір мезгілде мыңдаған мәселені шешуге тура келді. Адамдар – қағаз, кірпіш емес, тірі жандар. Сөйлейді, ойлайды, сұрақ қояды дегендей. Олардың қойған сұрақтары да орынды еді. Қайда тұрамыз, әйелдерге қалай жұмыс тауып береміз, балалар қайда оқиды? – деген сияқты. Алматыдан қоныс аударып келгендердің арасында бұл шешіммен келіспегендер де болды. Көшу мәселесін ауыр қабылдады. Осы жерде ұйымдастырушылық мәселелермен бірге халықтың көңіл-күйіне қатысты психологиялық түйткілдерді де шешуге тура келді.
Болат артериялар
2009 жылы Ф.Галимов «Қазақстан темір жолы» АҚ президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол қызметте 2018 жылға дейін еңбек етті. Арқалық – Шұбаркөл, Жезқазған – Бейнеу, Алтынкөл – Жетіген темір жолдарының құрылысына белсене араласты.
– Арқалық – Шұбаркөл мен Жезқазған – Бейнеу теміржол желілерін салуды кеңес заманында қолға алу керек болған еді. Себебі республиканың батысы мен шығысын тікелей байланыстыратын жолдар болған жоқ. Негізгі мәселе жобаның қымбаттығында болды. Оның құны 4 миллиард долларға бағаланды. Бұл жолдар қанша жерден қажет болса да, егемендігін жаңа алған, қанаты қатаймаған жас елде шешім табуға тиіс одан да маңызды мәселелер болды. Сөйтіп, уақыты жеткенде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы қаңтарда өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауында жаңа темір жолдарды салу қажеттігін айтып, маңыздылығына тоқталды. Осы Жолдау – ірі теміржол жобаларын іске асыруға бастамашы болды, – деп еске алады Фарит Хабибрахманұлы.
Тамаша инженерлік шешімдер
Осы мақаланы дайындау барысында Фарит Хабибрахманұлын сипаттайтын тағы бір сәт есіме түсті. Жетігеннен Алтынкөлге дейін ұзақтығы 300 шақырымға созылатын жол учаскесінде Іле өзені ағып жатыр. Ф.Галимовтің бастамасымен құрылыстың екі сәулелі сызбасы ұсынылды. Яғни өзеннің екі жағалауынан жол салу керек болды. Бірақ жүк вагондарын, маневрлік локомотивтерді өзеннің арғы жағына қалай шығарамыз? Онда темір жол жоқ. Сол кезде Фарит Хабибрахманұлы командамен бірге жаңа жоспар құрды: жүк вагондары мен маневрлік локомотивтер корпустар мен доңғалақ жұптарына бөлшектеліп, тральдармен жол бойымен екінші жағаға тасымалданды. Уақытша темір жол төселіп, вагондар мен локомотивтер жиналып, темір жол құрылысы басталды да кетті. Идея бойынша өзенге ұзындығы бір шақырымдық көпір салынғанға дейін және оның құрылысын күтпеу үшін өзеннің арғы жағында жол салыну керек болды. Бұл тамаша инженерлік шешім екі жылдың ішінде темір жол салуға кететін уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді.
Осы магистральдардың құрылысы жүрген аумақ – шөлейтті жерлер еді. Аймақта, елді мекендерде су жоқ кез. Бірақ Өзен стансасынан (Жаңаөзен қаласы) Түркіменстанға дейін теміржол салу кезінде құрылысшыларды одан да күрделі жағдайлар күтіп тұрды.
– Біз өте қиын жағдайда жұмыс істедік. Жазда +60 градус ыстық. Ұн іспетті ұсақ шаң, тіпті жабық терезелер арқылы машина ішіне кіріп дем алудың өзі қиынға соқты. Жоспарлау таңғы 6-да басталады. Өйткені сағат 9-да ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Ал таңғы 6-да температура 30 градусты көрсетеді. Күн райының осы бір құбылысы бізді түнде жұмыс істеуге мәжбүр етті. Өйткені күндіз 60 градус ыстықта жұмыс істеу мүмкін болмады, – деп еске алады Ф.Галимов.
Фарит Галимов бұл жобалардан жиған тәжірибесін кейін «Нұрлы жол» вокзалы мен «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайының халықаралық терминалын тұрғызған кезде және ЭКСПО-ға дайындық барысында қолдана білді.
Соңғы сөздің орнына
Бірнеше күннен кейін Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Фарит Хабибрахманұлының жемісті еңбегінің де осы айтулы оқиғада өз үлесі бар. Біз, оның шәкірттері бір мерейтоймен шектелмей, алдағы уақыттарда өз естеліктерімізді айтып еске алу үшін мықты денсаулық, қажымас қайрат және мүмкіндігінше ұзақ жылдар бойы саптан табыла білсек деп тілейміз.
Роман СКЛЯР,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары