Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Палата төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы: халықаралық-құқықтық базаны имплементациялау» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесуде халықаралық міндеттемелерді іске асыру және жалпыға бірдей мойындалған ережелер мен стандарттарды Қазақстанның құқықтық жүйесіне енгізу мәселелері қаралды.
Халықаралық міндеттемелерді заң шығару процесімен және құқық қолдану практикасымен үйлестіру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
«Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қазіргі заманғы халықаралық қатынастарға тығыз байланысты болған- дықтын биылғы наурыз айында қабылданған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында халықаралық-құқықтық нормаларды имплементациялаудың маңызы арта түсіп отыр. Тұжырымдама мақсатының бірі – Қазақстан азаматтарының іс жүзіндегі мүдделерін мемлекеттің сыртқы саясатының алдыңғы шебіне көтеру болып табылады, ал сыртқы саясатты дамытудың құжатта көрсетілген мазмұны «адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы сындарлы және тең құқықты ынтымақтастықты нығайтуды» қамтиды», деді Асқар Шәкіров.
Адамзат тап болып отырған қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен осыған байланысты халықаралық-құқықтық тетіктерді жетілдіру қажеттігі талқылау нысанасына айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект – XXI ғасырдың басты технологиясы» халықаралық онлайн-конференциясы барысында болашақта жасанды интеллект технологияларын адам мен оның құқықтарына зиян келтірмеу туралы меморандум жасау мүмкіндігін жоққа шығармады. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа дәуірдің табысты болуы біз жаңа технологияға енгізетін адамгершілік деңгейіне байланысты болады.
Төраға орынбасары бұл тұрғыда азаматтардың өз құқықтары туралы білімін және олардың жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау мәдениетін арттыру ерекше маңызға ие болатынын атап өтті.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді кездесудің күн тәртібіне сәйкес атқарылған істердің ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етті. Мәселен, халықаралық шарттардың мемлекеттік тізілімінде 4093 халықаралық шарт тіркелген болса, олардың 3000-ға жуығы қолданыста болып отыр. Қазіргі уақытта оларды орындалуы жөнінде жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет атына ұсынымдар қабылданды.