Желтоқсан жете салысымен жұрт жаңа жылды тойлауға желпінеді. Биыл қалай болары белгісіз, бірақ Өскеменнің көшелерін әлем-жәлем әсемдеуге 40 миллион теңге бөлінген.
Халыққа мерекелік көңіл күй сыйлау үшін қазынадан миллиондап қаржы қарастырылғанымен, орталық алаңға үшінші жыл қатарынан жасанды шырша орнатылады. Дұрыс, әрине. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бала-шағаны мәз ету үшін үйді-үйге де жасанды шырша қойған жөн шығар. Алайда Жаңа жыл жақындағанда орман-тоғайлардағы жайқалып өскен жасыл шыршалар қырқылады.
Биыл 30 қарашада Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мемлекеттік орман қоры аумағында жаңа жыл қарсаңында қылқанжапырақты ағаштарды қорғауды күшейту туралы бұйрығы шыққан. Соған сәйкес, орманды жерде қылқанжапырақты ағашты кесуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Шыршаны тек орманды алқаптарды күтіп-баптау үшін және арнайы жаңа жылдық плантацияларда өссе ғана кесуге рұқсат. Сондай-ақ жасыл шырша мәдени іс-шаралар өткізу үшін ұйымдар мен мекемелерге облыс әкімдігінің өтініштері негізінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсаты бойынша ғана босатылады. Ал тұрғындарға арнайы ыдыстағы тірі шыршаларды ғана сатуға рұқсат етіледі.
Шығыста шыршаны заңсыз кесуден қорғау үшін 1 желтоқсаннан бастап орман алқаптарына апаратын негізгі жолдарда бақылау бекеттері ұйымдастырылады, арнайы мобильді топтар құрылады.
Ескерте кетерлігі, қылқанжапырақты ағашты заңсыз кескені үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 381-1-бабына және Қылмыстық кодекстің 340-бабына сәйкес хаттама толтырылып, заң бұзған азаматқа 600 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Шығыс Қазақстан облысы