Ұлттық музей мен Жапония елінің Нара қаласындағы Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты арасындағы бекітілген академиялық алмасу және ынтымақтастық туралы келісім аясында «Металл бұйымдарды консервациялық өңдеу» тақырыбында халықаралық онлайн-семинар өтті.
Семинардың мақсаты – археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған металл бұйымдарды консервациялық өңдеу жұмысы барысын талқылау, сондай-ақ осы салада халықаралық деңгейде тәжірибе мен білім алмасу.
Шара барысында қатысушылар консервациялық өңдеу және қалпына келтіру жұмыстарының ерекшеліктерін зерттеуге, сонымен қатар осы сала бойынша мамандарды тәрбиелеуге арналған «Археологиялық металды консервациялық өңдеу» әдістемелік құралын басты талқыға салды.
Бұл еңбекті консервациялық өңдеу және қалпына келтіру бойынша мамандардың тағылымдама бағдарламасынан өтуі кезінде қолдану мақсатында Нара қаласындағы Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты жанындағы Мәдени мұраны сақтау жөніндегі халықаралық ынтымақтастық орталығы құрастырған.
Аталған жұмыста қазіргі Жапонияда консервациялық өңдеу кезінде жиі қолданылатын консервациялық өңдеу және қалпына келтіру әдістері бойынша ең тиімді тетіктер көрсетілген. Сондықтан бұл әдістемелік нұсқаулық белгілі бір әдіс бойынша анықтама кітапшасы түрінде емес, негізгі және бастапқы білім алу үшін қосымша хрестоматия ретінде шығарылған. Өйткені әртүрлі техникаларды үйрену арқылы жұмыста ең қолайлы әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Яғни кез келген техниканың қолдану үрдісін зерттеу және оны түсіну арқылы өзге де елдердің осы салада кезіккен мәселелерін шешуге мүмкіндік туындайды.
Сондай-ақ онлайн-семинарда «Археологиялық металды консервациялық өңдеу» тақырыбында еркін пікірталас алаңы ұйымдастырылып, сала мамандары өзекті мәселелерді талқылап, өңірлік және халықаралық деңгейде консервациялық өңдеу және қалпына келтіру жұмыстарын дамытуда қолданған тың идеяларымен бөлісті.
Семинарға белгілі қазақстандық және жапондық реставраторлар мен археолог-ғалымдар қатысты.
Жиын қортындысында қатысушылар құрамы алдағы жылы да дәл осы тақырып төңірегінде кездесу ұйымдастыруға уәделесіп тарқасты.