Өмір салтымыздағы, қоғамдық санадағы сілкініс пен жаңа құндылықтарға деген ұмтылыс тәуелсіздік жылдарында ерекше байқалды, сондай-ақ еліміздің интеллектуалдық іргетасы да аралықта қаланды. Бұл туралы тарихи деректер Президент Архивінің құжат қоймаларында сақтаулы.
Бұл құжаттарда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қабылданған шешімдер, бағдарламалар, жиналыстардың стенограммалары, хаттамалары, мемлекет даму жолдарын анықтауға байланысты қоғам қайраткерлерінің әртүрлі көзқарастары, ұсыныстары, қарапайым қазақстандықтардың хаттары, Президент атына жолдаған ой-пікірлер және басқа да саясат, экономика, қоғам дамуына байланысты ақпараттар қамтылған. Олардың арасында Қазақстанның болашағы туралы іргелі идеялар, сонау тоқсаныншы жылдары көпшілікке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білдірген ойлары, көзқарастары, ұсыныстары ерекше орын алады.
Бүгінде бұл құжаттармен танысып жұмыс істейтін зерттеушілердің саны күннен күнге артып келеді. Бұған тарихшылардың жоғары сұранысы – заңды құбылыс. Жылдар өткен сайын мемлекет құрудың тарихи сабағы болашақ үшін бағдар болатыны айғақ.
Архивтік құжаттар Елбасының тоқсаныншы жылдары түзген Қазақстанның болашағы жайлы саяси тұғырнамасын бейнелейді, экономиканы өтпелі кезеңнен шығарудың бағыт-бағдарын анықтағанын, халықаралық қатынастар саласындағы ұстанымы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздегенін анық көрсетеді. Тұңғыш Президенттің мұндай саяси-идеологиялық ізденісін, азаматтық-имани толғанысын, ғылыми ұсыныстарын Тәуелсіздік идеясы мәртебесінде қабылдаған абзал.
Уақыт өте келе Н.Назарбаевтың іргелі идеялары нақты нәтижелер мен мемлекеттік жобаларға, стратегиялық даму бағдарламаларына, ашық азаматтық қоғам құруға рухани серпін берген «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив – 2025» бағдарламаларына айналды. Осы жылы жарық көрген «Абай аманаты» мақаласында да Елбасы тарихи сабақтастықтың сақталуы мемлекеттік дамудың маңызды бағдары болу керек екенін баса айтты.
Н.Назарбаев еліміз өз тәуелсіздігін енді ғана жария еткен тұста, саясаттағы стратегиялық мақсат үшін мықты президенттік республика құру қажеттілігі туралы көзқарасын алға тартты. Демек, президенттік билік институтын толық қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының екі Конституциясын қабылдауға тура келді. 1993 жылғы Конституция Президентті ел ішіндегі және халықаралық қатынастардағы Республика өкілі ретінде бекемдеп, Жоғарғы Кеңесті Қазақстан Республикасының ең жоғарғы өкілді органы деп жариялады. Кейінгі оқиғалар – Жоғарғы Кеңестің екі мәрте тарқатылуы, жергілікті кеңестердің өзін-өзі тарқатуы, заң шығарушы және атқарушы билік органдарының үйлесімді жұмыс ырғағын таппауы – бәрі Президент болжамының: мықты президенттік республика құру қажет дегенінің дұрыстығын қуаттады. «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің дамуы президенттік басқаруды іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етумен қатар жүретін болады. Республика Президенті Мемлекет басшысы ретінде тиімді басшылық жүргізу үшін барлық қажетті тұтқаларға ие болуы керек. Үкіметті басқара отырып, ол жоғары атқарушы биліктің жұмысымен байланысты мәселелерді шешіп, Үкіметте кадрлық тағайындауларды жүргізіп, Үкімет пен оның мүшелерінің жауапкершілігін белгілейді», деген Елбасының 1992 жылы айтқан пайымы үш жылдан кейін жаңа Конституциямызда орын алды.
Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық идеологиясын ХХ ғасырдың басында демократиялық жолға қою мәселесін Алаш зиялылары жарияласа, ол өзінің саяси формасын тек ХХ ғасырдың аяғында ғана тауып, оның Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық жоспарлауымен іске асырылғаны белгілі.
Жәмилә ӘБДІҚАДЫРОВА,
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры