• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Желтоқсан, 2020

Тайжан тартқан сырнай

870 рет
көрсетілді

Жезқазғандағы тарихи-архео­ло­гиялық музейдегі құнды жәдігердің бірі –ақын, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Тай­жан Қалмағанбетовтің сырнайы. Музыкалық аспапты мұражайға 2017 жылы Тайжан ақын­ның немересі Темірхан Қалма­ғанбетов «Тарихта өз атыңды қал­дыр» акциясы аясында ұйым­дасты­рылған іс-шара барысында өткізіпті.

– Сырнай 1912 жылдың сәуір айын­да Орынбор губерниясындағы Троицк қаласында тұрған Александр Иванович деген шебердің қолынан шыққан екен. Аспаптың түсі қоңыр. Негізгі сүйегі ағаштан жасалған. Гүл бейнесіндегі өрнекпен безендірілген, – дейді музейдің аға ғылыми қызметкері А.Жанбосынова.

Тайжан Қалмағанбетовке ақындық, сазгерлік әрі орындаушылық қасиеттер қатар дарыған: өнерпаз домбырада шебер ойнаған, қобызды да құйқылжытқан. Ал сырнай тартуды Көкшедегі нағашы жұрты – Үкілі Ыбырайдың ауылына барып жүргенінде үйреніпті.

Еске салар болсақ, Тайжан поэ­зиясын қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықов ғылыми тұрғыда зерттегендердің бірі болды. Қайраткер тұлға 2004 жылы жарыққа шыққан «Сақ-сақ күлсін сырнайым» жинағында өнерпаз ақын туындыларын кеңінен қамтыды. Сол жылы «Ақын Тайжан» атты лирикалық поэмасы енгізілген «Ақын Тайжан» атты екінші жинағы жарық көрді.

 

Қарағанды облысы