• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Желтоқсан, 2020

Шетел нарығындағы Қазақстан банктері еншілес ұйымдарын қалай дамытуда?

229 рет
көрсетілді

Жуырда «Еуразиялық банк» Ресейдегі еншілес ұйымының сатылатынын хабарлады. Оған сол елдің «Совкомбанкі» «құда» түскен. Тараптар мәміле құжаттарын әзірлеп, келісімді мақұлдау үстінде. Аталған жаңалыққа назарымыз ауғандаақ «Не үшін сатып жатыр?» деген сұрақ санамызға оралды. «Пандемияның әсері болар» деп іштей жорамал да жасадық. Сөйтсек...

 

Сөйтсек, Ресейдегі еншілес ұйым­ды сату «Еуразиялық банктің» стратегиялық жоспар­ла­рының бірі екен. Мұны банктің басқарма төрағасы Валентин Морозов айтты.

«Біз Қазақстанда және Орта­лық Азия елдерінде бизнесті одан әрі дамытуға бейілдіміз. Ендігі жерде Ресей нарығына сол елдегі серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қа­тысатын боламыз», деп нақ­тылады ол.

Белгілі болғандай, «Еура­зиялық банк» Ресейдегі енші­лес құрылымын 2010 жылдың сәуірінде ашқан екен. Ашты дегенде, «Банк Тройка Диалог» қаржы ұйымын сатып алған. Соның негізінде еншілес компания өмірге келген. «Кур­сив» басылымының жазуынша, мәміле құны 22,075 млн долларды және 100 пайыздық акция үшін 150 мың рубльді құраған.

Қазақстандық банктің Ре­сейдегі еншілес ұйымы әуелде Мәскеуде ғана жұмыс істепті. Кейін Новосібір, Челябі және Омбы өңірлерінен бөлімшелер ашылған. 2019 жылдың соңында қаржы институтының активі 14 млрд теңгені, ал несие қоржыны 700 млн теңгені құраған. Банк өткен жылды 1,8 млрд теңге көлеміндегі шығынмен аяқтапты.

Бұл ретте «Еуразиялық банк» көрші елдегі құрылымын қосым­ша эмиссиялар арқылы бірнеше рет қаржыландырған. Мәселен, 2015 жылы оның капиталы 500 млн рубльге ұлғайтылса, 2017 жылы «Еуразиялық банк» 7 жылға 3 млн доллар көлемінде реттелетін қарыз берген. Ақыры биыл сатып тынды.

Жалпы, шетелден еншілес ұйы­мын ашқан қазақстандық қар­жы институттарының қата­рында «Еуразиялық банктен» бөлек, «Halyk Bank», «АТФ Банк» және «Jýsan» банкі бар. Соңғы екеуі бір-бір еншілес ұйымды ұстап отыр. Ал «Halyk Bank»-тың шетелдегі құрылымдарының саны – бесеу. Бұл ретте Ресей мен Тәжікстандағы екі ұйым кезіндегі «Қазком» банктен мұра болып қалғанын атап өту керек.

Біздің банктер өздерінің ен­шілес ұйымдарын Грузия мен Ресейден, Қырғызстан мен Өзбек­станнан, сондай-ақ Тәжік­станнан ашқан. Сонымен қатар Беларусь пен Украинада екі банк бар. Соңғы екеуі белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі. Бұлар кезіндегі «БТА Банк»-тен қалған компаниялар екен. 2015 жылы «БТА Банк» ерік­ті түрде банктік лицензия­сын кері қайтарғаны белгілі. Ал ұйым өз атауын сақтап, ба­ланс­та қалған активтерін бас­­қара берді. Беларусь пен Ук­раи­на­­дағы компаниялар алдағы уақытта қазақстандық тамырынан біржола ажырауы мүмкін. Себебі К.Рақышев Украинадағы құ­ры­лымын осы жылдың соңы­на дейін сатуды жоспарлап отыр­ғанын хабарлады. Келер жылы Беларусь еліндегі ұйым да сатылмақ.

Шетелдегі еншілес банктер­дің ең үлкені – Қырғызстандағы «Оптима Банк». Ол «АТФ Банк­ке» тиесілі. 2019 жылдың со­ңын­дағы дерек бойынша «Оп­тима Банктің» 97,1 пайыз­дық үлесі қазақстандық банк­тің еншісіне қарайды. Ол Қыр­ғызстанның банк сек­торындағы көшбасшы ұйым­дардың бірі.

Өткен жылдың қорытын­дысына сәйкес, банк актив, кредит және депозит көлемі бойынша үздік атанған. Атап айтқанда, оның Қырғызстанның банк нарығындағы үлесі 14,7 пайызға тең. Елдегі жалпы кредиттің 16,5 пайызын осы банк беріп отыр. Депозиттердің 14,4 пайызы «Оптима Банкте» сақталған. Былтыр банктің таза табысы 5,9 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы секторындағы жиынтық нәтиженің 27 пайызына тең.

Banker.kz салалық пор­талы­ның жазуынша, «Halyk Bank»-тің Қырғызстандағы еншілес ұйымы актив көлемі жағынан «Оптима Банктен» төрт есе кіші екен. Несие қор­жыны да 3,5 есе кіші. Соған қара­мас­тан «Halyk Bank»-тің құры­лымы былтыр оң динами­ка көрсеткен. Активі 36 пайызға, несие қор­жыны 33 пайызға өскен. Былтыр бұл банктің таза табысы 619,4 млн теңгені құрады.

Еске сала кетейік, бір кездері Қыр­ғызстан нарығында «БТА Банк» пен «Қазкомның» да енші­лес банктері жұмыс істеген болатын.

Ресейде қазақстандық банк­тердің үш еншілес ұйымы бар. Оның бірі «Еуразиялық банкке» тиесілі. Ол туралы жоғарыда айттық. Ал сол үш ұйымның ішіндегі ең үлкені – «Плюс Банк». Ол «Jýsan» банкіне тиесілі.

«Плюс Банктың» негізі Омбы қаласында қаланған. Қазір Ресей­­дің алты өңірінде 12 бө­лім­шесі бар. Banki.ru сайты­ның деректеріне сүйенсек, был­тыр «Плюс Банк» актив көле­мі бойынша Ресейдегі 440 банк­тің ішінен 117-ші орынға, не­сие қоржынының көлемі жағы­нан 48-ші орынға, депозит көле­мі бойынша 68-ші орынға жайғас­қан. Банктің негізгі өнімдері – автонесие, ипотека, карталық бизнес. «Плюс Банктің» жылдық есебінде 2019 жылғы таза табыс көлемі 408 млн рубль деп көрсетілген. Ол дегеніміз шамамен 2,4 млрд теңгеге тең.

Ресейдегі еншілес ұйым­дар­дың бірі «Halyk Bank»-ке тие­сі­лі. Оған 2004 жылы челябілік «Хлебный» банкінің 77 пайыздық үлесін 165 млн теңгеге сатып алу арқылы қол жеткізілген. Ке­йін үлесін 100 пайызға арттырып, атауын «НБК Банк» деп өз­герт­кен. Сондай-ақ «Halyk Bank» «Қазкомнан» мұра боп қал­ған «Москоммерцбанкке» де ие бол­ды. 2018 жылы «НБК Банк» «Мос­ком­мерц­банкке» қосылды. 2019 жыл­дың соңында «Halyk Bank»-тің ен­шілес құры­лымының активі 122 млрд теңгені, несие қоржыны 67 млрд теңгені, меншікті капиталы 23 млрд теңгені құрады. Былтыр 580 млн теңге көлеміндегі таза табысқа ие болыпты.

«Halyk Bank» Грузия нары­ғына да жол салды. Дәл осы елде жаңадан компания ашты. Ешкім­нен ештеңе сатып алған жоқ. Осылайша, 2008 жылы «Халық Банк Грузия» АҚ өмірге келді. Оның жарғылық капиталы – 2,5 млрд теңге. Өткен жылдың соңында банктің активі 71 млрд теңгені, несие қоржыны 58 млрд теңгені, меншікті капиталы 16,6 млрд теңгені құрады. Былтыр таза табысы – 1,5 млрд теңге.

«Halyk Bank»-тің Тәжік­стан­дағы құрылымы – «Қаз­комнан» қалған мұра. «Қаз­ком­мерц­банк Тәжікстан» жабық акцио­нер­лік қоғамы 2008 жылдың қаңтарында банк лицензиясын алған. 2019 жыл­дың шілдесінде институт атауы «Халық Банк Тәжік­стан» деп өзгертілді. Был­тыр­ғы жылдың соңында банктің ак­тиві 21,5 млрд теңгеге, несие қор­жыны 2,2 млрд теңгеге, мен­шікті капиталы 4,4 млрд теңгеге тең болды. Өткен жылы банк 483 млн теңге таза табыс тапқан.

Қазақстандық банктердің бертін ашылған құрылымы – Өзбекстанда жұмыс істейтін «Tenge Bank». Ол да «Halyk Bank»-тің меншігі. Соңғы деректерге сүйенсек, «Tenge Bank»-тің активі 14,8 млрд теңгеге, несие қоржыны 5,5 млрд теңгеге, меншікті капиталы 4,6 млрд теңгеге тең. Банк өткен жылды 123 млн теңге көлеміндегі шығынмен аяқтаған.