Биыл Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрылғанына 85 жыл толды. Ғасырға таяған бедерлі жылдар белесінде талай музыка саңлақтарын қанаттандырған өнер ошағы көрерменін әсем ән, күмбірлі күй, сиқырлы сазбен әлдилеп келеді. Атаулы датаға орай Алматыда алғаш рет қысқы «PHILHARMONIC NEW YEAR FEST» фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Әлемдік классикалық музыканың һәм ұлы қазақ өнерінің рухани қара шаңырағына айналған Жамбыл атындағы филармонияның мерейтойын атап өтуге Мәдениет және спорт министрлігі айрықша маңыз беріп отыр. Өнер ұжымын мерейлі межесімен құттықтауға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың ыстық лебізін жеткізіп, саланы дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар өнер майталмандарын Министрліктің ведомствалық наградаларымен марапаттады.
– Филармонияның 85 жылдық мерекесі аясында өтіп жатқан жаңа жылдық фестивальдың мәні ерек. Тұңғыш рет шымылдығын түрген шараның ғұмыры ұзақ болғай! Тоғыз күн бойы қазақстандық музыкалық өнерді дамытуға бағытталған фестиваль аясында әлемге әйгілі филармония ұжымдарының концерттері өткізілмек. Аталған фестиваль дәстүрге айналып, филармония өнерпаздарының есімдерін ел есінде қалдыруға септігін тигізері анық. Бүгінде егемендігіміздің мерекесін біз іргесі берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы түгел, аты әлемге танылған ел ретінде қарсы алып отырмыз. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының 85 жылдық мерейтойы аясында салтанат құрған бүгінгі шара соның бір көрінісі. Әлем дамуының қазіргідей күрделі кезеңінде келешекке нық сеніммен керуен тартқан туған еліміздің жан-жақты өркендеуі және халқымыздың мәдени тұрғыдан дамуы жолында аталған ұжымның сіңірген еңбегі зор, – дейді Ақтоты Райымқұлова.
Марапаттау рәсімі Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жаңа жыл қарсаңындағы мерейтойлық фестиваль өнерсүйер қауымға ғажайып көңіл күй мен шаттық сезім сыйламақ. Ведомства басшысы тілге тиек еткендей, 85 жыл ішінде осы ұжымда еңбек еткен ұлы есімдерді ұлықтап, музыка өнерінің озық үлгілерін насихаттау арқылы аталған фестивалды жыл сайынғы дәстүрге айналдыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында Мәдениет және спорт министрі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет мұражайының 85 жылдық мерейтойына қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттарды табыстады. Салтанатты жиында Қазақстанның көркем сурет өнері тізбесінің 3-ші томының тұсауы кесілді. Одан бөлек, тамыры тереңде жатқан мұражайдың тарихынан сыр шертетін фотокөрме ұйымдастырылды.
«Қазақстан бейнелеу өнері дегенде ең алдымен Қастеев мұражайы көз алдымызға келеді. Қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші әрі ұлы дарынның есімімен аталған музей – ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын, нығайтатын мұражай десек қателеспейміз. Ұлттық өнердің мәйегі, жауһары осында жатыр», дейді Қазақстанның өнер сыншылары гильдиясының төрағасы Иманбек Ефрат.
Тағы да бір сүйіншілеп айтар жаңалық, Тәуелсіздік күні қарсаңында ұлт руханиятының қара шаңырағына баланатын Алматыдағы бес бірдей өнер ошағына ұлттық мәртебе берілді. Президент Жарлығы бойынша М.Әуезов атындағы драма театры мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, сондай-ақ М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен «ҚР Ұлттық кітапханасы» мекемелері «Ұлттық» мәртебеге ие болды.
АЛМАТЫ