Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вегетациялық кезеңде су ресурстарын пайдалану мәселелері қаралды. Бұл мәселе жайында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.
Су арналары цифрландырылады
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев соңғы жылдары өзен ағынының нақты ресурстары жылына 90-100 текше шақырымды құрағанын мәлімдеді. Оның 51 текше шақырымға жуығы жергілікті ағын, ал қалғаны Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын судың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына 15, өнеркәсіпке 6 және коммуналдық шаруашылыққа 1 текше шақырымнан тиесілі. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар 3 текше шақырымды құрайды. Сонымен қатар экологиялық жүйелерді қолдау үшін шамамен 50 км3 қажет. «Соңғы үш жылда Қазақстан су азаятын циклға кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 км3 құрады. Бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен 20%-ға аз. Айта кету керек, республика бойынша пайдаланылатын судың 97%-ы оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Республика бойынша пайдаланылған судың нақты көлемі 13,3 км3 құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1 км3 артық», деді М.Мырзағалиев.
Биылғы вегетациялық кезең тұрақты өтті. Дегенмен өте шиеленісті болды. Алматы облысында қар жамылғысы өткен жылдармен салыстырғанда 35%-ға аз болды. Іле өзенінің ағындылығы екі-үш есеге азайды. Ал суармалы жерлердің ауданы 2019 жылмен салыстырғанда 11%-ға ұлғайды. Аталған факторларға қарамастан, жалпы вегетация сәтті өтті деп айтуға болады. «Облыста күріш егу алаңы 10 мың гектар немесе жалпы суармалы алаңның 2%-ын құрайды. Бұл ретте күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың 10%-ы немесе жылына 350 млн м3 су жұмсалады. Осыған байланысты күріш егісін қысқарту қажет деп санаймыз. Осы арқылы үнемделген судың есебінен ылғалды аз қажет ететін дақылдардың 40 мың гектарын суару мүмкіндігі пайда болар еді», деді министр.
Жамбыл облысында 2020 жылы су көлемі орташа көпжылдық деректерден 15-20%-ға төмен болды. Трансшекаралық өзендерде су бөлу бойынша туындаған қиындықтарға қарамастан, облыста вегетациялық кезең тұрақты өтті. Болжанғандай судың азаю циклын ескере отырып, біртіндеп ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек.
Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағыны 2020 жылы 15%-ға және оның негізгі ресурсы болып табылатын Тоқтоғұл суқоймасының (Қырғызстан) көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд м3 аз болды. Осыған қарамастан, суармалы суды жеткіліксіз беру фактілері тіркелген жоқ. Мақтаарал ауданында 4 мың гектар жерде күріш өсірілген. Егер де осыны қысқартқан жағдайда, 158 млн м3 су үнемделеді. Үнемделген судың есебінен 13 мың гектар ылғалды аз қажет ететін дақылдарды суаруға болады.
Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлердің ауданы 251 мың гектарды құрайды. Бұл елдің жалпы суармалы алаңының 16%-ы болады. Осылай бола тұра, облыс жалпы республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43%-ын немесе 4 км3 суды қолданды. Жалпы облыс бойынша ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды. «Сонымен қатар күріш егістігінің ауданы 90 мың гектар құрағанын атап өткім келеді. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына сәйкес егіс алаңы 75 мың гектардан аспауы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2025 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуді тапсырды», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Министрліктің есебіне сәйкес, су тұтынудың ағымдағы үрдісі сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 км3 құрауы мүмкін. Осыған байланысты қазірдің өзінде су тұтынуды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет. Біріншіден, су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында азайту қажет. Бұл 1 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Екінші – кемінде 750 мың гектар алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін немесе 2,2 км3 суды үнемдеуге жол ашады. Үшінші – ұзындығы 6 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистральдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 км3 су үнемделеді. Осы қажеттіліктерге алдағы 5 жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалатын болады. Төртінші, 10 жыл ішінде 3,6 км3 көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. Ол 70 елді мекен және 137 мың адам үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді. 394 мың гектар жаңа суармалы жер игеріліп, ол су көзімен қамтамасыз етіледі. Осылайша ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Министр Түркістан облысы Мақтаарал ауданында биыл «К-19» магистральды каналы цифрландырылғанын айтты. Алғашқы қанатқақты жоба сәтті жүзеге асты. Каналды цифрландыру арқылы судың 45%-на дейін артық шығындалатыны анықталды. Алынған тәжірибені ескере отырып, таяудағы 5 жыл ішінде елдің барлық негізгі каналдары цифрланатын болады.
Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров атап өткендей, 2020 жылы суармалы жерлердегі егіс алаңы 1,4 млн гектарды құрады. Оның 1,1 млн гектардан астамы немесе 79%-ы ауыл шаруашылығы дақылдарын жер бетімен суару тәсілімен суарылады. 104 мың гектары, негізінен күріш алқаптары жаппай су жаю әдісімен суарылады, ал егіс алаңының 200 мың гектары немесе 13,5%-ына ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылады.
Статистика деректері бойынша суармалы жерлердегі негізгі үлес бидай мен арпа сияқты дақылдарға, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдарға тиесілі. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің арасында жасалған меморандумдар шеңберінде суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ рентабельділігі жоғары балама дақылдардың (көкөніс-бақша, азықтық, майлы дақылдар) алаңдарын ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Министр хабарлағандай, ағымдағы жылы мақта өсіру алаңы 126 мың гектарды құрады, бұл 2017 жылғы деңгейден 8,6 мың гектарға аз. Күріш алаңы бойынша болмашы төмендеу байқалады. Министрдің айтуынша, меморандумдардың көрсеткіштеріне қол жеткізілмеудің негізгі себебі меморандумның ұсынымдық сипатқа ие екендігінде, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына жатпайтынында.
Суды тиімді пайдалану – маңызды міндет
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер-Министр атап өткендей, Қазақстанда су тұтынудың 65%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Еліміздің жерүсті суларының жартысына жуығы (44,9 км³) көршілес елдер – ҚХР, РФ, Өзбекстан, Қырғызстан аумағынан келеді. Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында реттелген.
Биылғы желтоқсан айында Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөнінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Бағдарламаларда су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконструкциялау шаралары да көзделген. Сумен қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді, ол су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды есепке алу мен су бөлуді цифрландыруды көздейді.
Аталған іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. «Агроөнеркәсіптік секторды сапалы әрі кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», деді А.Мамин. Үкімет басшысы еліміздің су шаруашылығының барлық негізгі нысандарына Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы К-19 магистральдық арнасын цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаны тарату қажет екенін, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш жоспардан артық егілгенін айтты. «Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы, Экология, Сауда министрліктеріне ішкі қажеттіліктер мен егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша алға қойылған міндеттерді ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар егісін ауыстыру мәселесін әкімдермен пысықтауды тапсырды. Аталған жұмыстың нәтижелері АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, трансшекаралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша шекаралас мемлекеттердің салалық ведомстволарымен жұмысты күшейту міндеттелді. Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, су шаруашылығы нысандарын салу мен реконструкциялау жобаларын іске асыру, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары мен суды есептеудің цифрлы жүйелерін енгізу жөніндегі жұмысты одан әрі жүзеге асыру тапсырылды.
Заң жобаларының сапасына министрлер жауапты
Сондай-ақ Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының орындалу барысы және 2021 жылға арналған Жоспар жобасы қаралды. Бұл жайында Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасап, Үкіметтің 2020 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары толық орындалғанын – 22 заң жобасы әзірленгенін хабарлады.
2021 жылға арналған жоспар 25 заң жобасын әзірлеуді көздейді, оның ішінде 6 заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындайды. Бұл сайлау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және биржалық сауданы дамыту мәселелері жөніндегі заң жобалары. 2021 жылдың жоспарына геодезия, биологиялық қауіпсіздік, әскери полиция және қоғамдық бақылау мәселелері бойынша 4 жаңа заң жобасы енгізілді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Үкімет регламентіне әзірлеуші органдардың бірінші басшыларының заң жобаларын әзірлеу мен ұсынудың сапасы, уақытында берілуі үшін дербес жауапкершілігі туралы тиісті түзетулер енгізілді.
«Министрлер заң жобаларының сапалы дайындалуын және оның Үкімет пен Парламентке уақтылы ұсынылуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет», деді А.Мамин мәселені түйіндей келе.