• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2020

Шымкент қаласының әкімі қаладағы этномәдени бірлестіктерінің басшыларымен кездесті

454 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары және қалалық этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесу жиыны өтті.

Қаладағы мемлекеттік этносаясаттың жүргізілу барысымен танысып, қатысушылардың ұсыныс, пікірлерін тыңдаған шаһар басшысы алдағы кезеңдерде қаланың өсіп-өркендеу жолындағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратынын жеткізді.

–Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының бастамасымен құрылған болатын. Осы уақытқа дейін ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болып келді. Елде қандай қиын жағдай орын алмасын этнос өкілдері бірге атсалысып келеді. Мемлекеттік тілді дамыту және оны ары қарай жаңғырту жолында бірлесе жұмыс атқарамыз, -деді қала әкімі.

Кездесуде қаладағы этносаралық ахуал және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов баяндады.

–Пандемия ахуалындағы шектеулерді ескере отырып, жұмыс ауқымын онлайн-форматта жүргізуге басымдық берілді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында қоғамдық диалог алаңдары құрылды. Сонымен қатар, карантин кезеңінде этнос өкілдерінің қатысуымен «Абай оқулары» эстафетасы, «Әл-Фараби тағылымы» танымдық акциясы, «Мен Туыммен мақтанамын» челленджі, «Қаламның тарихи орындары» онлайн-саяхаты, «Мемлекеттік тіл – тұғырым» вебинары, «Елбасы жолымен» танымдық экспедициясы, «Тәуелсіздік табыстары» лекциялары ұйымдастырылды, - деді Е.Байқонақов.

Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының қарамағында 16 этномәдени бірлестігі жұмыс жасайды. Қаладағы орта арнаулы оқу орындарында 29 «Достық» клубы ашылған. Сонымен қатар, миллионды шаһардың ұлттық құрамында қазақтар 66,7%, өзбек 17,7%, орыс 9,1%, өзге этностар 6,5 пайызды құрап отыр. Қалада жыл сайын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі мен мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтеді.