Адамзат баласын алапат індетпен арпалыстырып қойған сүреңсіз жыл да қабырғамызды қайыстырып барып тәмамдалғалы тұр. Ресми мәліметке үңілсек, осы күнге дейін елімізде 197 мың адам вирус жұқтырып, соның тек 172 мыңы ғана айыға алды. Өкінішке қарай, кеселдің кесірінен 2 686 отандасымыз келместің кемесіне мініпті. Өмірден озғандарды ойға алған сайын еліміздегі онсыз да демін ішке тартып тұрған демографиялық ахуалға алаңдайтын болдық...
Оның үстіне, Қазақстанда он жылда бір өткізілетін Ұлттық халық санағы да биылғы індетке дөп келген-ді. Биыл емес-ау, ел азаматтары әуелде былтыр түгенделуі керек еді. Алайда түрлі себептерге байланысты кейінге шегерілген-ді. Енді коронавирустың кесірінен Ұлттық халық санағы тағы бір жылға шегерілді.
Ұлттық санақ демекші, Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметтерге де көз жүгірткен артық болмас еді. Себебі, еліміздегі тап қазіргі демографиялық ахуалдың жай-күйі нақ осы бюроның келтірген мәліметтерінде көрініс тапқан. Мәселен, биылғы 1 қарашадағы есеп бойынша Қазақстан халқының саны 18 833 133 адамды құрап отыр. Соның 11 109 798-і қала тұрғындары болса, 7 723 335-і ауыл азаматтары көрінеді. Адами капиталымыздың ең көп үлесі Алматы (2 073 458 адам) және Түркістан (2 039 861) облыстарына тиесілі.
Статистика саласының мамандарының айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйекте халықтың табиғи өсімі қайтыс болғандар санының көбеюіне байланысты өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,7 мың адамға немесе 5,8%-ға азайды. Қарастырылып отырған кезінде қайтыс болғандар саны 124,7 мың адамды құрады.
Өткен жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда биыл қайтыс болғандардың саны 24,6 мың адамға немесе 24,6%-ға көп. Өлім коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 8,88-ді құрады.
Адамдардың өмірден озуының негізгі себептері де белгілі болып отыр. Мәселен, қан айналымы жүйесі аурулары – 22,1%, тыныс алу органдары аурулары – 15,6%, ісіктер – 9,3%, ас қорыту аурулары – 7,6% және жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану – 6,4%-ды құрап отыр. Ең аяныштысы сол, 1 жасқа толмай шетінеп кеткен нәрестелердің де саны келтірілген. Мәселен, биыл өмірі ерте үзілген балалардың саны – 2 448 (өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 44 өлімге немесе 1,8%-ға азайғаны байқалады). Нәресте өлімі 1 000 тірі туғандарға шаққанда 7,80-ді құрайды.
Демографиялық ахуалға әсер ететін бірден-бір фактор – отандастарымыздың отбасы құрып, шаңырақ көтеруге деген құлшынысы саналады. Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйекте елімізде 87,6 мың неке тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімінде тіркелген неке санынан 16,4 мыңға немесе 15,7%-ға азайғанын байқатады. Осылайша, неке тіркеудің жалпы коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 6,24-ті құрап отыр. Бір өкініштісі сол, негізгі мәселе неке санының азайғандығында болып отырған жоқ, тым көп ажырасып жатқандарында болып тұр. Тоғыз айдың ішінде елімізде 17,3 мың неке бұзу туралы акті тіркелді. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 1,23-ті құрады.
АХАТ мәліметтері бойынша биылғы қаңтар-қыркүйекте 313,9 мың сәби дүниеге келіпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы мерзімінде туған балалардың санынан 12,9 адамға немесе 4,3%-ға көп. Ал туудың жалпы коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 22,36-ны құрап отыр.
Биылғы 31 қаңтарда Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауылының тұрғыны Жанар Анарбаева дүниеге Адина, Медина және Үсен есімді үшемді әкеліп, шаңырағын шаттыққа бөлеген болатын. Әрине, дүниеге сәби әкелу – әр ана үшін бақыт.
Арада бір апта өтер-өтпесте дәл осындай қуанышты Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданына қарасты Дінмұхамед Қонаев ауылының тұрғындары тойлады. Құрманалиевтердің шаңырағында дүние есігін ашқан үшемге Аман, Есен, Жүрсін деген ерекше есімдер берілді. Ақпан айында Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында тұратын Ләззат Қаланова да Ғалымжан, Рахымжан және Мейіржанды бауырына басты.
Сәулелі сәттер сәуірде де толастап қалған жоқ. Алматы облысына қарасты Ескелді ауданының Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылында тұратын Иманғабыловтар әулеті бақытқа бөленіп, шаңыраққа үшем келді. Бұған дейін өмірге екі бала әкеліп үлгерген 33 жастағы Маржан Иманғабылова осылайша көп балалы ана атанып шыға келді.
Сәуірмен сабақтасқан мамыражай мамырда Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда да үшем дүниеге келіп, оларға Айғаным, Айғант, Асылым есімдері беріліпті. Бір қызығы, бұл ауылда бұған дейін 23 егіз бала өмірге келген көрінеді.
Осы жылы өмір есігін ашқан үшемдер туралы әлі де айта беруге болар еді. Алайда оларды түгелдеп шығуды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Айтпағымыз – Қазақстанның болашағы баянды, келешегі кемел болуы үшін де елдегі демографиялық ахуалды бір сәтке болсын қаперімізден шығарып алмауымыз керек. Әсіресе, мемлекет алдағы уақытта халықтың табиғи өсіміне мән берген жөн болар еді. Өйткені ұлттың қауіпсіздігі тоғызыншы территориядағы халықтың демографиясымен астасып жатыр.