Адамзатты әбігерге салған індетпен күрес жалғасуда. Жыл соңында әлемнің әр түкпірінде коронавирусқа қарсы тиімді вакцина табылғаны туралы хабарлар тарай бастады. Екпелердің қаншалықты қауіпсіз екенін толық айту мүмкін болмағанымен, оны салдырмауға да амал жоқ сияқты.
Коронавирусқа жаппай иммунитет қалыптастыру үшін де халықтың көбі вакцина қабылдауы шарт. Басында көпшілігімізде індет жұқтырып, емделіп шықсақ жеткілікті деген де пікір болып еді. Алайда мамандар індетті барлығы жұқтыруы керек деп еркіне жіберу қауіпті ғана емес, медицина қызметкерлерінің этикалық ұстанымына қайшы деген еді. Бүгінде әлемнің әр бұрышында жаппай вакциналау басталды деген хабарлар көбейді. Көп елдер отандық ғалымдардың өнімдерін еге бастаған. Мәселен, Үндістан барлық клиникалық тесттен сәтті өткен AstraZeneca Oxford вакцинасымен қатар, отандық Covaxin вакцинасына да рұқсат берген. Алайда денсаулық сақтау саласының мамандары екпенің тиімділігін әрі қауіпсіздігін көрсететін еш дәлелдің жоғын айтып дабыл қағуда. Әлеуметтік желіде де осыған байланысты келіспеушіліктер көбейді. Үндістан басымдық берілген 300 миллион адамды тамыз айына дейін вакциналауды жоспарлап отыр. Қазір елде вирус жұқтырғандардың саны 10 миллионнан асты. Бұл АҚШ-тан кейінгі екінші жоғары жағымсыз көрсеткіш. 150 мыңға жуық науқас қайтыс болған. Індет желтоқсан айында қатты өрши түскен. Көбі әлеуметтік қашықтық сақталмаған базарларды кінәлап отыр. Мамандар жағдай тұрақтанғандай болғанымен, халықтың әрі қарай да бейқам жүруі індеттің қайта таралуына сеп болуы мүмкін деп отыр.
Жалпы, әлемде жаппай вакциналауды бастап кеткен елдердің қатары күн санап артып келеді. Әзірге клиникалық сынақта тиімді деген бірнеше вакцинаның саудасы жүріп тұр. Олардың қатарында 95% тиімді деп танылған АҚШ пен Германия компанияларының ортақ өнімі Pfizer-BioNTech вакцинасы, тағы бір америкалық вакцина Moderna, ресейлік Sputnik V, қытайлық Sinopharm және басынан бастап үздіктер қатарында болған AstraZeneca Oxford вакциналары бар. Вакциналауды рұқсат еткен елдер қатары да көп. Аргентина, Бельгия, Канада, Чили, Хорватия, Кипр, Чехия, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Грекия, Венгрия, Израиль, Италия, Кувейт, Мексика, Польша, Катар, Румыния, Ресей, Сауд Арабиясы, Сербия, Словакия, Испания, Швейцария, БАӘ, Ұлыбритания, АҚШ және Беларусь елдерінде COVID-19-ға қарсы вакциналау басталып кетті. Бұл елдердің көбі әзірге тиімді деп танылған АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей ғалымдары өндірген вакцинаға сенім артып отыр.
Былтырғы жылдың соңғы күні Қытай Sinopharm компаниясының өнімін халыққа қолдануға рұқсат беріп үлгерді. Одан бөлек бұл вакцинаны сатып алғысы келетіндер де табыла кетті. Қытай өзге елдермен салыстырғанда соңғылардың бірі болып рұқсат берді. Дегенмен Қытайдың кейбір қалаларында толығымен тексерістен өтпеген вакциналардың халыққа салынып жатқаны туралы хабарлар тараған еді. Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн COVID-19-ға қарсы Қытай вакцинасына рұқсат берген елдердің алғашқысы болды. Қытайда бұдан өзге тағы жеті вакцина сынақтан өтіп жатыр.
Үкіметтер, ұйымдар мен жеке компаниялардың 2021 жылға дейін коронавирусқа қарсы тиімді вакцина ойлап табу үшін миллиардтаған доллар қаржы жұмсағаны жасырын емес. Кей үкіметтер үшін бұл нағыз вакцина бәйгесіне айналды деуге де болады. Кей өнімдердің, елдердің этикалық әрекеттері сынға қалып жатты. Әсіресе, Батыс ғалымдары алға суырылып шыққан Ресей өнімінің тиімділігіне күмән келтіріп, сынақ нәтижелері ашық емес деген айып тақты. Мұның барлығы өнімдердің адамзат игілігі үшін емес, саяси не экономикалық астары бар болуы мүмкін деген күмән ұялатты. Одан бұл вакциналардың адам өміріне қауіп төндірмесіне кім кепіл деген заңды сұрақ пайда болады. Десе де адамзаттың күнделікті тіршілігін толығымен өзгертіп, жаһандық дағдарыс тудырған пандемиямен күресте ғалымдардың қауіпті өнім жасамасына сенейік. Одан бөлек вирустың мутацияланған түрі пайда болды деген хабар Ұлыбританиядан келді. Вирустардың табиғатта өзгеріп, мутацияға ұшырауы қалыпты жағдай дейді мамандар. Тек оны бақылап, зерттеп отыру қажет. Сол себепті де індеттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін жұмыс істеу маңызды. Бұл орайда негізгі үміт – вакцинада.