– Енді бізге жаңаша ойлау керек. Адамдардың көпшілігі пандемия кетіп, бұрынғы күндерге қайта оралатындығына сенеді. Алайда ол өмір бұрынғыдай болмайды – бір нәрсе міндетті түрде өзгереді. Сондықтан біз қазіргі жағдайға бейімделе отырып, дәстүрлі желіге сандық элемент қосамыз, барлық танымал платформаларды байланыстырамыз. Мысалы, әлі де талай адам өз тауарларын әлеуметтік желілерде қалай сатуға болатынын түсінбейді. Сіз мейлі кәсіпкер, мейлі үй шаруасында болсаңыз да, бәрібір табыс табуыңыз керек, – дейді Алматыда бірінші рет жаңа форматта өткен «Әдемі Бизнес Азия» фестивалінің ұйымдастырушылары.
Сонымен онлайн+офлайн фестивалінің көрмесіне танылғаны да, танылмағаны да бар, кескіндеме, мүсін, киіз тақта және қазақтың ежелгі біз кесте жанрларында іріктелген тоғыз суретші – Есімғали Жұманов, Лилия Позднякова, Дәуренбек Бекназаров, Алмас Нұрғожаев, Дина Буксикова, Ерсайын Жапақ, Гүлжанат Қабижанова, Георгий Ли, Зейнелхан Мұхамеджанның туындылары қойылған.
Тікелей транслацияланған көрменің ашылуында өнер адамдары елдегі шығармашылық кластерінің алдында тұрған түйткілдерді алға тартып, әлемдік өнер нарығына қосылу қажеттілігін айтады. Ол үшін қазір Батыспен бәсекелестікке төтеп бере алатын жоғары білім беру жүйесін жетілдіру қажет. «Егер біз шығармашылық адамдары елде қалсын десек, бұл салаға көп көңіл бөлуіміз керек», дейді суретшілер.
Қазірдің өзінде қазақстандық қылқалам шеберлері шетелде сұранысқа ие. Пандемияға дейін Қазақстанның 200-ден астам суретшісі Солтүстік Кипрде ірі меценат әрі коллекционер Суат бей Гюнсельдің шақыруымен жұмыс істеп, түркі елдерінің қазіргі заманғы өнер мұражайының қорларын байытуға қызмет еткен. Оның ішінде 68 суретші мадақ-марапатпен оралыпты. Осылайша, көне тоқыма техникасын жаңғыртқан Зейнелхан Мұхамеджан 2020 жылы Кипрде өткен Халықаралық суретшілер симпозиумының күміс жүлдегері, Алмас Нұрғожаев күміс лауреаты атанған.
Біз өнердің құнын бағалайтын өз білгірлеріміз бен коллекционерлерімізді өсіруіміз керек. Мәдениет пен шығармашылыққа деген қызығушылықтың жалпы деңгейін көтеруіміз қажет.
Егер көркемөнер нарығы дұрыс дамитын болса, онда кескіндеменің өзі бюджетке пайдалы бола алады. Мәселен, қазір Қатар мемлекеті алтынмен және облигациялармен бірге өнерді ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырып сатып алуда. Қазақстанда әзірше «сыйлық», «тәбәрік» өнері басым: картиналар арзан ақшаға сатып алынып, сыйға тартылады. Алайда арнайы сертификаттар мен сараптамасыз мұндай өнер туындысының инвестициялық тартымдылығы нөлге тең.
Кездесу барысында біздің суретшілер: «Егер сізде белгілі автордың кенептері болса да, оны сату үшін сараптамаға көп ақша жұмсауға тура келеді және оны Қазақстанда жасамайды», дейді.
Өнер делдалы, өнертанушы, Mondial Art халықаралық академиясы қазылар алқасының мүшесі Дина Дуспулова да (Франция) өнер нарығындағы баға туралы сөз қозғады. Бүгінгі таңда ең үздік қазақстандық шеберлердің бағаларының шегі әлемдегі баға жүйесі бойынша $10 мыңнан аспайды – бұл әлемдік аукцион нарығындағы барлық транзакциялардың 80 пайызға жуығы тиесілі арзан өнер сегментіне кіреді ($50 мыңға дейін). Бұл орташа сатып алушылар класына арналған. Осы төменгі баға диапазоны мен премиум сегменті (миллион доллардан бастап) арасында орташа диапазон (миллион долларға дейін) бар.
Мәселен, өнертанушы Дина Дуспулова Ғани Баяновтың туындысы арзан бағаға сатып алынып, аукционда 168000 долларға сатылғанын мысалға келтіреді. «Қолдан-қолға» картиналарды шеберханада сатып алғанда, сіз жұмыстың инвестициялық тартымдылығын жоғалтасыз. Сараптамалық қорытынды болуы керек және түпнұсқалық сертификат беріледі. Бай адамдар (және олар аз емес) үлкен коллекцияларға ие. Олардың коллекциясы қанша тұратындығын ешкім білмейді», дейді спикер.
Жалпы, фестиваль мақсаты бір алаңда бизнес-қауымдастық пен кәсіпкерлікті қолдау институттарының басын қосу болса, екінші жағынан«Әдемі Бизнес Азия» фестивалінің ұйымдастырушылары белгілі бір дәрежеде көздеген мақсатына жақындады.
– Иә, қиындықтарға қарамастан, біз фестивальды екі форматта – офлайн және онлайн режімінде өткізіп отырмыз. Бизнеспен айналысатын адамдар қашан да әдемі. Сондықтан фестивальдың атауы да – «Әдемі Бизнес Азия».
Ең бастысы, соңғы бір жылда барлық сала сияқты бейнелеу өнері де бірегей тәжірибе жинақтады. Енді әрекетсіз жата алмайды. Пандемия әлемді айтарлықтай өзгертті.
АЛМАТЫ