• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қаңтар, 2021

Жануарларға жасалған жанашырлық

481 рет
көрсетілді

Тарбағатайдың басына күзде түскен қардың көбесі көктем шыға сөгіліп, ұзақ ериді. Мұз болып сіресіп, жыл он екі ай жататын қойын-қолаттары да жоқ емес. Қалың қарда бәрінен бұрын тебінмен шығатын түз тағыларына қиын. Сол үшін де қорықшылар қыс мезгілінде жем-шөптерін салып, биотехниялық іс-шараларды үнемі жүргізіп отырады.

Биотехниялық деп отырғанымыз, жабайы жануарлардың қыстан қысылмай аман шығуы үшін жасалатын шаралардың бір түрі. Тұяқтының ізі байқалған тұстағы науаларға бидайын, тұзын салады, ағаштың бүрін буып іледі. Ал науаларды инспекторлар жаз маусымында әзірлеп, орнатып қояды.

– «Жаз киеріңді қыс сайла, қыс мінеріңді жаз сайла» дегендей, мемлекеттік инспекторлар биотехниялық шараларға күзден бастап кіріседі. Олар бекітілген аумақтарындағы науаға жем салып, шөп байлайды. Оның іске асырылуын ғылыми қызметкерлер мен аңшы биолог мамандар қадағалайды, – дейді «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Жаңылқан Қабиқызы.

Тарбағатай таулары – аң-құсы шулап жатқан өңір. Арқары да, таутекесі де бар. Жыртқыштың да түр-түрі жортады. Мамандардың айтуынша, қорық құрылғаннан бері аң-құстардың саны анағұрлым артып келе жатқан көрінеді. Әрине, аң аулауға шектеу қойылып, қорғауға алынған соң жыл сайын арта түсуі заңдылық. Жуықта құрып қойған фототұзақтарға қасқыр да, қабан да түсіп қалған. Жазға салым Малақ ауылының маңынан аққулардың қиқуы естіледі. Күздің күні аң-құстары көшіп-қонып жататындықтан, санақ нақты бола қоймайтын көрінеді. Ал қысқы санаққа мамандар енді кіріседі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы