• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 07 Қаңтар, 2021

Қалиханның қарағай үйі

954 рет
көрсетілді

Жолай Бүркіттің бөктеріндегі Топқайың ауылына бұрылғанбыз. Қазақ прозасының қара нары –Қалихан Ысқақтың кіндік қаны тамған ауылға... Соған орай туған інісі Сайлаухан ақсақалдан есте­лік­тер жазып алмақ ниетте Ысқақтың үйіне барып тоқтадық. Рас, бұл шаңырақты үлкендер бертінге дейін Ысқақ үйі десетін. Ақ тақиялы, шоқша сақалды Сайлау­хан Қабатаев кіреберістен қарсы алды. Аға­сынан, Қалихан Ысқақтан аумайды екен. Есендескен соң «бұл үйге жазушы­лар мен журналистер жиі келеді» деп біз­ді төрге оздырды. Келетінімді күні бұрын хабарлап айтып қойған соң ба, Қали­хан Ысқақтың кітаптарын, сарғыш тарт­қан екі-үш альбомды үстелдің үстіне тізіп қойыпты.

– Қалихан ағамыз осы үйде туды ғой...

– Қалихан да, мен де, Қай­ни­камал да осы үйде тудық. Қали­хан­ды нағашылары қырқынан шық­пай бауырына басып алған соң шешемізді апай деп кетті. Же­тінші сыныпқа дейін осы Топ­қайыңда оқып, оныншыны тө­менгі Жұлдыздан бітірді. Әсіресе әде­биетке жақсы еді. Қиялы ұшқыр ғой, терезенің түбінде отырып алып, еркін тақырыпта шығарма жазатын. Сонда мұғалімдері «түптің-түбі осыдан жазушы шығады» дейтін. Дәл болжапты. Тағы бір қа­сиеті – өте ұқыпты еді. Құрал-сай­ман­дары қай жерде тұр, сол жерде тұратын. Орындары ауысып кетіп, іздеп жүрмейтін. Онжылдықты тәмамдаған соң Алматыға журналистика факуль­тетіне түсті. Кейін мен де Киров атындағы уни­вер­ситетке оқуға түсіп, бір жыл қа­сында тұрдым. Ерінбейтін еді ғой. Ерінбейтіні сондай, жастар жаз­ған шығармаларын алып келіп, осыны оқып беріңізші десе, қарқ-қарқ күліп алатын да, «сендер көр­сетіп бер дейсіңдер де, маған жаз­ғызасыңдар» деп таң атқанша отырып, әлгілердің әңгімесін жазып беретін. Өзі 3 курста-ақ «Лениншіл жас»­ газетінде жұмыс істеп жүрді. «Менің ағаларым», «Менің інілерім» де­ген кітаптары шықты. Әрбіреуін оқып отырдық. Студенттер кездесуге жиі шақыратын. Соңғы шыққан екі том­дық кітабы «Келмес күндер елесі». Оқы­ған шығарсың, онда кешегі өткен елдің жағдайы, жер-су атауларының тарихы, өз за­мандастары туралы баяндалады.­ «Бұны жалғастыруыма да болар еді» дейтін. Үлгермеді. Соңғы жыл­дары күні-түні жазды. Тынбай еңбектенді.

– Ауылда ше, қандай шығар­ма­­ла­рын жазды?

– Ауылда қолына қаламсап ұста­ғанын бір көрген жоқпын. Ауылға кел­ген соң тақырып іздейтін. Өзімен құрал­пыластармен, үлкендермен ұзақ әңгімелесетін. Ауылдың үл­кен­дері «айтылған әңгімелерді неге жазып отыр­майсың?» деп сұ­райтын. Сонда Қалихан «мен миыма жазамын. Сендер әңгіме айтып отырсаңдар, мен жазып отыр­сам, несі әңгіме, ыңғайсыз бол­май ма?! Келесі жылы аттарыңа дейін өзгертпей жазамын» дейтін. Де­ге­ніндей-ақ, бір-екі жылдан соң әл­гілер өздерін кітаптан оқып мәз болып жүретін.

– Қалағамыздың шығарма­ла­рында жағымсыз кейіпкерлер де баршылық. Солар­дың ішінде «атымызды өзгерт­пей жазды» деп ренжігендер жоқ па еді?

– «Ақсу – жер жәннатындағы» басты кейіпкер Сыйғатты жаңаша ойлайтын, алдын болжайтын адам ретінде көрсетті. Сонда кейбіреу «ол колхоз бастығы бола­тындай дәрежеге жеткен жоқ қой» деп сынағысы келсе, «ол болашақтың әңгі­месі» деп қысқа қайыратын Қалихан. Иә, кейіпкерлерінің көбі ауылда тұрады. Бірақ бәлендей ренжіп, жүз шайысқан еш­кім жоқ. Ерғали Ақшамбаев деген құрдасы бар. Екеуі бала күннен бірге өсті. Сонда Ерғали ғана «Ақсу – жер жәннатында» мені орыстың қызына үйлендіріп қойғаның не?» дегені есімде. Әзілдеп те айтқан шығар. Өйткені екеуі қатты дос еді. Бала күндерінде көрші Түрленбайдың бақшасына түсіп, ұсталып қалғанда «Ерғалидың орнында мен болатынмын» деп Қалиханның таяқ жегені де бар. Ол заманда көкөністі бірен-саран ғана адам салады. Ба­лалық қой, Ерғали мен Қалихан бақшаға түсетін. Ұрлайтындары сәбіз. Мені сыртқа қоятын да өздері ішке кіретін. Мен баяғы біреулер келе жатса, белгі беремін. Сонда өздеріне екеуден, маған біреуін ғана беретін. Еңбекті де адал бағалайтын деп кейін күлем ғой.

– Балалық шақтарыңыз қы­зыққа толы болған сияқты...

– Е-е-е, ол заманда қайдағы балалық дейсің. Кішкентайымыздан еңбекке араластық. Қалихан бала күнінен жұ­мыс­кер. Сабақтан соң Қарамайдан қол­шанамен отын тартамыз. Жолы қиын. Өрі бар, еңісі бар. Тыртыңдап, бұлаққа дейін түсеміз. Бері таман келгенде менің қарыным аша бастайды. Еркелік те шығар, шаршадым деп қардың үстіне жата қалатынмын. Қалихан «алдыма түс» деп менің қолшанамды өзінікіне іліп алып, үйге дейін жеткізетін. Содан таң атар-атпастан мені аяғымнан суырып алатын. Кеше әкелген отынды кесіп, жарып шабақтап отырып жинаймыз. Қырмызы тәтеміз осында тұрған. Үйдің тірлігін күйттеп жүретін кісі еді. Қалихан сонда тәтеме отынды санап апар, әйтпесе көп жағып қояды дейтін. Мен алғашында санап апаратынмын... Кейін ержеткен соң түсіндім, бұл Қалиханның сараңдығы емес, маңдай терді бағалауы екен. Еңбектің наны тәтті ғой. Қырмызы тәтемді айтамын, «халық жауы» деп айдалып кетті. Кетіп бара жатып Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиндердің кітап­тарын киізге орап, үйдің іргесіне көміп кетіпті. Жетінші-сегізінші сыныптарда ғой деймін, Қалихан сол кітаптарды тауып алып оқыған. Содан бастап өлең жазуын да қойып кетті. Қара сөзге көше бастады.     

Жаздың күні шөпке бірге барамыз. Жеткенше менен көңілді адам жоқ. Барған соң әрі-бері шөп жинаған болып жүремін. Таңғы салқын қайтып, күн көтерілгенде шыбын-шіркей жей бастайды. Шаққан сайын кетіп қалуға сылтау іздейтінмін. Шағын ыдыспен апарған көжеміз бар. Сол біткен соң жата тұрамын деп көлеңке іздеген боламын да қашып кететінмін. Оған бола Қалихан қабақ шытпайтын. Жетелеп жүріп жеткізді. Қамқорлығын көп көрдім. Келмеске кеткен күндердің қайсы бірін айтайын?!   

– Келмес күндер демекші, бас­қа да аяқталмай қалған шығар­малары жоқ па? Қолжазбаларын қарап көрмедіңіз бе?

– Аяқталмай қалған дейсің бе, болуы да мүмкін. Мұнда жазбады ғой. Мен көргенде, ауылға аудармаларын алып келіп оқып жататын. Мәскеуде, Қытайдың Алтай аймағында болды. «Қытайда жазылмаған көп дүние бар екен, тағы бір барсам» деп жиі айтып жүретін. Бірақ Алтай аймағынан алып келген тарихи деректерін жаза алмады. Көп ұзамай қайтыс болып кетті. Құдай сәл ғұмыр берсе, қаламынан тағы құнды дүниелер туар ма еді?! Әйтеуір мәшіңкесі, бар кітаптары осындағы үйінде тұр. Барлық шығармашылығы осында. Жазда келіп көруіңе болады, қазір кіре алмаймыз.

– Алтайға сапарлап келген­дердің көбі Қалиханның, Орал­хан­ның, Ди­дахмет­тің туып-өскен ауылын, оқы­ған мектебін, тұрған үйін көр­гісі келеді. Өкініштісі, Оралхан, Ди­дахметтер білім алған тарихи ор­даның орны да жоқ­ мына күнде. Тоқ­саныншы жыл­дары талан-таражға түскен. Орал­ханның үйі ол, есігінде қара құлып тұр. Бәрін тізіп отыр­ғаным, Қалихан Ысқақ шы­ғар­­машылығының шеберхана­сындай болған өз үйін музейге айналдыруға болмай ма? Қолда бар рухани бай­лық­ты көрсете  алмай отырмыз дегенім ғой...

– Ол үйді Қалихан өзі кейінгі жылдары қарағайдан салғызды. Марқұм Темірбек Исабаев көмек­тесті, ауласын «лесхоз» қоршап берді. Сонда Қалихан бір қуан­ған. Өзі жаздай Топқайыңда жүр­ді. Ауылға мамырда келіп, қала­сына қарашада қайта-тұғын. Ақын-жазушылар да сонда жиі бас қо­сатын. Әкім Тарази, Әбіш Ке­кілбаев, Фариза Оңғарсыновалар келіп, рухани демалып қайтатын. Бірде Қадыр Мырза Әлі үйін көріп, таңданып кеткен. Өздерің өте дұрыс айтып отырсыңдар. Мен де музей болса деп ойлаймын. Бірақ құжаттары балаларының қолында. Қазір ол үйге бас-көз болатындай менде шама жоқ. Әкімдіктен бір-неше рет келіп, өз қарамағымызға алайық деген. Мектепте аздаған дүниелері, кітаптары бар еді, бірақ онда музей ұстауға болмайды деген талап бар көрінеді. Ал үйі мұ­ражайға әбден лайық. Ішінде өзінің қаламсаптары, кітаптары бәз-баяғы қалпында тұр.  Қалихан негізі бұл үй музей болады деп салған. Тарлық етсе, қасындағы бір үйді қосып салу керек деп жүретін.

– Ендеше, музей ашу Қалаға­мыздың аманаты екен ғой.

– Өмірден өткеніне көп уақыт өте қойған жоқ, бірақ аты да өшіп барады. Қалихан менің ғана ағам емес, есімі қазаққа ортақ десем, артық айтпағаным шығар.  Ескеріп жүрген сендерге рахмет.

– Үстеліңіздің үстінде жатқан ескі альбомдарды байқап отырмын, өзіңіз ұстаздық ете жүріп фото түсірумен де айналысыпсыз ғой...

– Иә, фотоаппаратым болған. Ол заманда ауылда ешкім фото түсіре бермейтін. Енді осы ескі альбомдарды парақтап отырсам, «фотограф уақытты тоқтататын құдірет иесі» деген сөз бекер айтылмапты деймін. Қара, мына балалар менің өкшемді басып қалды, (альбомдағы фотоларды нұсқап...) кейбіреуі бұл өмірден өтіп те кетті. Естелік болып бейнелері қалды. Неге екенін білмеймін, сол бір тұста жұрт қайтыс болған туыстарын суретке түсіріп беруімді өтінетін. Көңілдеріне қарап, алғашында түсірдім де. Кейін өзімді жайсыз сезіндім, ұнамады. Сол себепті фотоға түсіруді мүлдем қойып кеттім.

– Құдай денсаулық берсін өзіңізге! Өткеннен тартып естелік айт­қа­ны­ңыз­­ға рахмет!

  

P.S. Елдегі жағдайға байланысты да шығар, жазушының 85 жылдық мерейтойы ел күткендей аталмады. Бірақ туған ауылында, ауданда шағын іс-шаралар өтті. Өскемендегі облыстық жасөспірімдер және балалар кітапханасында жазушыны еске алу мақсатында «Беу, асқақ дүние» атты танымдық кездесу ұйымдастырылып, «Қараша қаздар қайтқанда» пьесасынан үзінді көрсетілді. Туған-туыстары, ауылдастары бас қосып, естеліктерімен бөліскен. Өткен жылы Өскеменде Қалихан Ысқақтың атына көше де берілді. Ел аман, жұрт тыныш болса, тоқсан жылдығын дүркіретіп, дүбірлетіп тойлайтын шығармыз.  

 

Әңгімелескен

Мерей Қайнарұлы,

«Egemen Qazaqstan»