Ұлттық банк «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 2 қаңтардағы заңына сәйкес «базалық мөлшерлеме» ұғымының заңнамалық тұрғыда бекітілгенін хабарлады.
Базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы және ақша-несие саясатының операциялары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеуге арналған бағдар болып саналады.
Жаңа заңдық өзгеріске байланысты мемлекет заңнамасынан «қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі» ұғымы алынып тасталды. Аталған норма 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген.
«Осыған байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салуда және кедендік реттеуде өсімпұл есептеу кезінде, сондай-ақ төлемдерді, бөтен ақшаны заңсыз пайдалану және мерзімі өткен сома үшін тұрақсыздық айыбын, берілген ақша сомасын индекстеуді, кеден бажын төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздарды индекстеуді кешіктіру кезінде азаматтық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық қатынастарда базалық мөлшерлеме қолданылатын болады» делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Еске салайық, Ұлттық банк соңғы рет 14 желтоқсан күні базалық мөлшерлемені 9 пайыз көлемінде қалдыру туралы шешім қабылдаған болатын. Сарапшылар да дәл қазіргі сәтте осы пайыздық мөлшерлеменің қолайлы екенін айтады.