Үшінші жолдың ұйқастан басы азат. Еркіндіктің бәрі осы үшінші жолда тұрады. Үшінші жолды оқығанда арқа-басың кеңіп қалғандай болады. Кейде өлеңге осы үшінші жолдың еркіндігін берсе ғой деп ойлайсың. Бірақ ақындар үшінші жолды ешқашан менсінген емес.
Егер менсінсе, «Абайдың заманында бір буынды ұйқастырушы еді, біз бірнеше буынды қатар ұйқастырамыз» деп айта ма?! Ал үшінші жолдың ұйқаста мүлдем шаруасы жоқ. Соған қарамастан тілге де икемді, жүрекке де жылы тиеді. Өзі елеусіз болғанмен, үшінші жолдың қызметі де үлкен.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең», – дейді Абай.
Осындағы үшінші жолдың әбжілдігіне қайран қалмасқа әддің жоқ. Бірақ Абай бірінші жолда да мағынасыз сөз айтып отырған жоқ қой. Әлеуметтік жүгі әлемет осы бір жолдың өзіне қаншама дүние сыйып тұр десеңізші. Ұзақ сапарға шыққан керуеннің басындай көңілді һәм мұңлы леп еседі.
Екінші жолда да тұтас жаратылысты тұжырымдап алдыңа тосады. Осында Абай ұйқас үшін өлеңнің жолын сындырыпты десе, қалай күлкілі естілер еді. Өйткені мұнда сөздің ұйқасынан бұрын, ойдың ұйқасы өзінен-өзі үйлесе кетіп тұр. «Бірнеше буынның ұйқасынсыз-ақ» «теп-тегіс, жұп-жұмыр».
Ал енді қара өлеңге қарасаңыз, онда әр жол мақал, әр жол мәтел. Әр жол әрнені айтып тұрғандай көрінсе де, әрбірінің өзінше мағынасы бар. Қара өлеңнің қай-қайсысын алсаңыз да ойсыз жолдарды ұйқастырған емес. Оны шығарған халық ұйқасынан бұрын, мағынасына мән бергенін байқайсыз.
«Су ағады арықта шыр айналып,
Өлмегенге мал бітер бір айналып.
Оралыңның барында ойна да күл,
Кім бар, кім жоқ келгенше
жыл айналып».
Ұйқас алдамшы әсер ғана. Тереңіне үйіріп әкеткен ұйқас емес. Бірімен бірі іштей үндескен ой. Кәдімгі мұхиттағы ңөң-айсберг сияқты. Мағынасыз алына салған жол да, сөз де жоқ. Әр жолын естігенде арқа-басың шымыр-шымыр етеді. Бірінші жол да өмір, екінші жол да өмір, қалған екі жол да өмір-өлең.
«Осы жерде ұйқас алға шығып тұр ма, ой алға шығып тұр ма?» деп жайдақ сұрақ қоймай-ақ қоялық. Бұл шумақты кім шығарса да, ұйқассыздықтан қашпаған, бірінші, мағынасыздықтан қашқан. Әйтпесе, «Дүниені жүрсеңіз шыр айналып» деп бірінші жолды екіншісіне сәйкес келтіре салу түк те қиын емес. Онда өлеңнің мәні де, дәмі де, сәні де кетер еді.
Қызық үшін үйдегі өлең кітаптарды бірінен кейін бірін алып ақтара бастадым. Ұйқас үшін алынған мағынасыз жолдар бірінен кейін бірі ұшыраса берді. Қара өлеңдей әр жолға өзінше мағына жүктеп қойса, тағы түсінесің. Сол бірінші, екінші жолға аса сұранып тұрмаған тармақтардың ұйқас үшін алынғаны бірден білініп тұрады.
Оның бәрін теріп берсең, өкпелетпейтін адам қалмайды екен. Себебі ондай мағынасыз жолдар әдебиетте мойындалған мықты ақындарда да кездеседі. Түсінікті болу үшін: «Қызығы түгіл қиындығына тоймаймын, Келеді күндер, жанымда мысқал қоймай мұң» деген жолды ғана келтірейік. Бір қарасаң түп-түзу, теп-тегіс, бірақ екінші тармағы мағынасыз һәм түсініксіз.
Бірақ ақындар үшінші жолда түзеледі де, төртінші жолда тиянақталады. Жоғарыда мысалға келтірілген өлеңнің де үшінші жолы анық, төртінші жолы қанық. Кейде өлеңді асығып оқығанда, үшінші мен төртінші жолын теріп оқып кететінің де содан болса керек. Ұйқасқа бағынбайтын еркін ой үшінші жолда ойқастап, тоқетері төртінші жолда айтылады.
Бір қызығы, халық арасына аңыз болып тараған ақындардан өңделмеген жолдарды жиі ұшыратасыз. Өңдеп жіберсе, жып-жылмағай болып шыға келер еді де, тартымдылығы бірден жоғалар еді. Ондай өңдемесе де өңін бермейтін жолдар Есенқұл Жақыпбекте жетіп артылады, мысалы. Аңыз ақын Мұқағали Мақатаев та ұйқас үшін өлең табиғатын бұзбаған.
«Сен қайтесің жаныңды
мұң басқанда,
Өз-өзіңмен оңаша сырласқанда.
Ақтарылғым келеді барып менің,
Өгейсіген өзіңдей мұңдастарға», – дейді Мұқағали.
Мұқағалиден алынған осы шумақты Оразақын Асқар қара өлеңге теліпті. Шынында да егер Мұқағали шебер ұйқас қуса, бұл өлеңді басқаша жазар еді.
Шебер етікші құсаған біреуге өңдеуге берсе де жымын білдірмей жіберуі бек мүмкін. Бірақ біртуар ақын демекші, біртуар өлең де қайта өңделмейтін болуы керек. Әуенімен, әуезімен, ішкі ұйқасымен тұтаса туады.
Арқа-жарқа болып ақтарылған ақынның шын бейнесін мұнда да үшінші жолдан табасыз. Үшінші жол ақынның аусар көңілімен де, аңсар еркіндігімен де ұштасып тұр. Әрине, мұндай ойлар мен сезімдер басқа жолдарда да айтыла береді. Бірақ ақынның алыс-жақыннан толғай келіп, тұйғынша түйілетін тұсы үшінші тармаққа тән.
Әдебиетте еркін ойлы ақындар жоғары бағаланады. Үшінші жолдың еркіндігін символдық түрде алға шығарып отырғанымызды өзіңіздің де ішіңіз сезген шығар. Бұл бір көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға да келмейтін тылсым сыр сияқты дүние. Мәселен, Серік Ақсұңқарұлының ерекшелігі неде десе, әрнені айтарсың, бірақ бір нәрсені тап басып айта алмайтын сияқтысың.
«Бұ дүние мені ұната қойған жоқ», дейді ақын үшінші жолда. Ойын еркін айтуға бірінші, екінші жолда ұйқас мұрсат бермеген шығар. Ал үшінші жолда тағыдай тарпып, бөрідей ұлиды. Содан соң: «О дүниенің де ойы маған белгілі», десе, ондағы ой үшінші жолға сүйеніш қана. Осындағы үшінші жолдың зары не зар екен, құлақ түріп, бірге сырласайықшы.
«Құл мен күңге күнде таба болатын, Нәлет біздің жүріске!» десе, қауып айтқаны. «Анда-санда ғаламды тану үшін, Көз салармын аудандық газеттерге» десе, тауып айтқаны. «Дүниеден Ақан сері қайтты да, Серуенге шықпай қойды сексен қыз!», десе налып айтқаны. «Кімсің десем, қазақпын дейді, Қазақтың басы – қолында!» десе, арып айтқаны.
Құдды үшінші жол еркіндікке шақырып атойлатқандай тебірентеді. Таба болғысы жоқ, танығысы келеді, Ақан серіні іздейді, қазақ болғысы бар. Мұндағы үшінші жолда не ерекшелік бар десеңіз, мына тармақты қараңыз. «Ішінде оның Алаш жоқ, Абай да жоқ, Ішіп кеткің келеді соны көріп», дейді ақын. Төртінші жолды өзі де күмәнданғандай жақшаға алып жазады.
Төртінші жол бірақ бүгінгі қазақтық сиқың мен сықпытыңды көрсетіп тұр.
Әлдекімдер айтып жүргендей ұйқастан ұятты болуымыз мүмкін, бірақ ойдан ұятты емеспіз! Ұйқас керек болса: «Құдірет жоқ Құдайдың қуатындай, Ұят берді – Ұлтымның Ұятындай! Топыраққа керемет кие салды, Бөкейханнан – Әлихан туатындай!» деп термелете жөнелер едік.
Осы шумақтардың бәрінде түпкі ой үшінші жолға қазық байлаған деп көсемсігелі отырған жоқпыз. Бірақ ақынның қоғамға өткізгісі келген идеясы үшінші жолда тұр. Ол бірінші, екінші және төртінші тармақпен жасырылған. Қазақша ойлайтын оқырман соның өзіне-ақ арқаланып кетеді. Соның аясында киелі топырақ идеясы санаға сіңіп те үлгереді.
Серік Ақсұңқарұлы ең алдымен еркін ойдың ақыны. Оқырманға ойын ірікпей айтатыны ұнайды. Прозада жазушының табиғатты неге суреттеп отырып алатынын білесіз бе? Себебі оның айтатын да, жазатын да шындығы жоқ. Сол сияқты поэзияда да ұйқаспен әуреленіп кететіндер өзінің кемшілігін ұйқаспен бүркемелейді. Оның әдемі ұйқастарын «социалистік тәртіптен туған» деп түсінсеңіз де болады.
Жойыт жұрты, – тебіренген теңізше,
Дәл біздей-ақ егілді ғой – егілсе.
... Мұқағали шыққан елден, Мұсадай,
Бір пайғамбар шығу керек, меніңше?
Талай ақын «Мынадан менің ұйқасым мықты ғой» деп шыға келуі мүмкін. Бірақ ой мықты ма, идея өтімді ме, мәселе сонда. Біреу «Ондай пайғамбарымыз бар емес пе деп айтады-ау» деп те жасқанбайды. Себебі «Өлеңсіз пенде өлмес-ау, Өлсе соры қалың – Халық өледі! Салып өледі соңғы әнін!» деген ақынның ниеті таза.
Иә, ұйқасы жоқ үшінші жол еркіндіктің символы іспетті. Шерағаң туралы: «Арыстан гүрілдейді түсімізде, Ол – бізді ит пен құсқа қимағаны», десе де сол. Оның өлеңдерінде үшінші жол қалай оқысаң да жалын күдірейтеді де тұрады. Бірақ басқа тармақтары да мағынасыз емес. Ойға қалай келеді, қағазға солай түседі.
Ойын ірікпей айтатын ақынның тақырыбы да ірі, сөзі де кесек. «Мен Алтайдан алты ағаш боп шығып ем, Алты Алашқа айналдырған – Тәңірі», деп толғайды ақын. Мен өзім жыраулар жалған айтыпты, эпоста өтірік айтылыпты дегенді естіген жоқпын. Қайта ондағы жыр жолдары дерек таппаған жерде дерек орнына жүрген.
Ақын: «Бал – таңдайым, Жарқырап ақ маңдайым, Мен – Эпостан туғанмын», деп өзі де бірнәрсені біліп айтқандай. Сондықтан да «Қазақ тілін тастап көшкен жұртыңа, Азаттығым, қайда жөнеп барасың?!» деп айтуға «эпостың баласының» толық құқы бар. Құлағыңа «Қазақтың ханы Абылай, Абылайым бұл қалай?» деген де сарын жетеді.
Міне, осы ақын биыл мемлекеттік сыйлық алды. Қуғын-сүргін заманы болғанда итжеккенге айдалып кетер ме еді. Кеңес заманы болса да цензурадан өтпей қалатын еді. Тәуелсіздік бірте-бірте тілімізді де тағына қондырар деген үміт зор. Сол тілдің тірегі – эпостың тілі бола ма, әлде бүгінгі қойыртпақ тіл бола ма, бір Алла біледі.
Бірақ шыны керек, бүгінде өлең оқылмайды. Себебі бірінші, екінші жолдарда мағына жоғалып барады. Бұл бастапқы жолдар көбінесе ұйқас үшін жазылады. Одан мағына көрмегеннен кейін, оқырман өлеңді жылы жауып қоя салады. Ақын еркін ойымды үшінші жолда айтам дегенмен, оған оқырманның төзімі жете қоймайды.
Біздіңше, ұйқасқа тәуелділік – ақындар әлі күнге ала алмай келе жатқан психологиялық кедергі. Кейбір ақындардың қолданған ұйқастары соцреализм құрсауындай өлең шумақтарын қалай қысып тұратынын байқау қиын емес. Кейде ұйқас үшін алынған сөздер өлеңнің бастапқы мағынасын қарадай әлсіретіп, ойды бұлдыратып жібереді.
Рас, өлеңінің әр буыны ұйқаса туатын сирек таланттар болады. Оған таға таңбалы тармақтары табиғи бояуға қанық Жұматай Жақыпбаевты жатқызар едік. Поэзиядағы мұндай өрнек прозада бір кезде Төлеубек Жақыпбайұлының қолтаңбасынан кездескені есімізде. Соған қарағанда сөз нақышы поэзияда да, прозада да қолдан жасалмайды.
Өз басым ақындар ұйқасқа шеберлік үшін ғана байланып қалды дегенге сенбеймін. Өрде меңзегеніміздей, олар өлең ұйқасын ұштаған сайын оқырманнан әлденені жасырғысы келетін сияқты. Жаңалық айтпау, идея таппау, ойын өткізе алмау, ашық пікірге бармау соған әкелетіндей. Оның орнын сұлу сөзбен толтырып, әдемі ұйқаспен алмастырып әлек.
Бір тапқыр сөз, жалғыз ұтқыр ой үшін бес-алты шумақ өлең жазу да кейіннен шықты. Әйтпесе айтар ой өлеңнің соңында емес, ішінде айтылатын. Әрбір шумақтың ғана емес, әрбір жолдың да өзінше атқаратын қызметі бар. Мағынасыз тармақ, мағынасыз шумақ деген аты-затымен жоқ. Әсіресе әр шумақта үшінші жол өзінің еркіндігімен өлең жүгін еңсере көтеріп тұрады.
Шын талантта қолдан қиыстырмай-ақ, өлең өзі ұйқасады. Сыртқы ұйқастан гөрі, ішкі ұйқас тегеурінді келеді. Өйткені ол сөздің ұйқасынан бұрын, ойдың ұйқасына құрылады. Олай болмаса: «Бұдан құрап өлеңді, одан құрап, Жүрген мына шәйірге обал, бірақ: Көк Тәңірі сала ма оған көзін, Хантәңірі ала ма одан қуат?». Мұны жазған біз емес, ойы бізбен үндес Серік Ақсұңқарұлы.
Ұйқас керек әрине, ұйқассыз өлең болмайды. Бірақ ұйқас өлеңді күшейтпейді. Сондықтан да арқа-басты бір жазып алу үшін үшінші жол енгізілген болуы керек. Бүгінгі ұйқассыз жазылып жүрген өлеңдерді жаңалық деп жар салу да бекершілік. Өйткені ол бар-жоғы үшінші жолдың басқа тармақтарға көшкен үйреншікті үлгісі ғана.
Қайткенде де үшінші жолы мықты ақынның өлеңі де мықты. Мысалы, Серік Ақсұңқарұлы: «Алтай – Алаштың алтын тағы еді бұрынғы, Басына шыққанда желпілдеп желмен тұлымым», дегенде ерекшеленбейді. Соған ілестіре: «Менің жүрегім ат ойнап аузыма тығылды», дегенде күшейіп: «Сенің де басың айналған шығар, құлыным?» дегенде ерекшеленеді.
Керемет ұйқас көріп тұрған жоқпыз, алайда қинап ұйқастырсаңыз әсері бірден кеміп сала береді. Жалпы, шығармашылықта «Бір жазғанды екі өңдеу туындының әсерін кемітеді» деген түсінік бар. Қалай дегенде де өңдемей тұра алмайсыз ғой, тек сол қайта өңдегенде алғашқы әсерін жоғалтып алмау керек. Серік Ақсұңқарұлында сол әсер, сол екпін сақталатыны байқалады.
Ақынның алғашқы әсері суымаған «Кейкінің басы» атты сұмдық өлеңі бар. Онда Махамбет пен Кенесарының басы құсаған Кейкінің басын туған жерге әкеле жатады. Осындағы «Ата жаудан көңілі қалған, қайран, Бас, Арт жағына қайырыла бір қарады» дегенде, үшінші жолдағы ақиқат пен төртінші жолдағы мистика керемет шендесе қалғанын көресіз.
Одан кейін де ұйқас керек болғандықтан бастапқы екі жолға сыймаған дерек үшінші жолға еркін жайғасып, ереуілдете жөнеледі. «Белес, белес, белес деп, Айдарынан сипағандай жел ескеп; Бас келеді тоқсан жылдай көрмеген, Өз денесі өз көзіне елестеп!». Үшінші жол болмаса бұл дерек айтылмай қалар еді демесек те, табан тірегені сол тармақ болып тұр.
Содан соңғы «Бас келеді баса көктеп ғасырды, Әлихан мен іздеп Қаныш... Қасымды» деген қос тармақта да шарттылық бар шығар. Ал мына үшінші жолдағы «Қарай бермей жаутаң-жаутаң ауыңа, Көкке қарай көтер, қазақ, басыңды!» деген тармақтың десі бөлек. Өлеңнің рухы төртінші жолда тұрғанмен, уыты үшінші жолда тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Үшінші жолға өзінен өзі екпін түсіп тұрады. «Аппақ қарға оранып төңірек бұл, Неге ұлып тұр ит-құсы, көні кепкір?!» десе, жай-күйді бергені. «Ала сиыр тағы да түсіме еніп, Маған қарап қалай бұл мөңіреп тұр?» десе, ойға салмақ салғаны. Келер шумақтың үшінші жолында «Қара сиыр қартайып етке өткенде, Ала сиыр еді ғой асыраған», десе, обал-сауапты айтқаны.
Бірақ бұл жай тұрмыстық өлең емес, үрім-бұтақты түгендейтін мифтік сюжет. Оны терең түсіну үшін алдыңғы үшінші жолдағы түс пен кейінгі үшінші жолдағы өңге үңіле түскен жөн. Мұндағы мифтің сыры «Түсіме еніп ол неге мұңданады, Бұлт астында бұлыңғыр күн барады. Ала сиыр аш қалса, Ақсұңқардың, Тұқымынан бұл жақта кім қалады?» деген шумақта тұр.
Осының бәрі өлеңді мағыналы етіп жазу мақсатынан туған. Осы артықшылығын ақынның өзі де біледі. «Алаш Анам осында жинап алды, Менен басқа сайраған бұлбұлдарын», дегені сәні бар, мәні жоқтықты меңзегені болар. Келесі шумақтағы «Бойың қалай демейтін, ойың қалай» деген үшінші жолдың тұспалы да сол ойсыздық шығар.
Ақынның «Әдеби орта» деген өлеңінен мысал келтіру де ауыр. Ол жағын оқырманның өзі тауып оқуына қалдырайық. Бірақ осы өлеңнің өз ортамыздағы ойсыздық туралы екенін білген дұрыс. «Қарсы алдымда Абай тұр, қабақ түйіп» – үшінші жол, «Қасымым тұр қасқайып! ...Пастернак тұр...» – төртінші жол. Әлгі орта Абайға амал жоқ, Абайдан басқасын тәрк еткен.
Біз айтқан үшінші жол ұйқасына қарай басқа жолға да ауысып кетуі мүмкін. Алайда көп ұйқастың ішінде адасып, екпінін жоғалтып алатын тәрізді. Серік Ақсұңқарұлының бір өлеңінде «Ойрантау түрегеліп қарсы алатын» деген үшінші жол бар. Соған «жар салатын» деген секілді бір ұйқасты қосарлай қойсаңыз, мәні кетіп қалатындай көрінеді.
Батыс ақындарының арасында «ұйқасқа бағынбау» деген түсінік болыпты. Мұны естіген жоқпыз десеңіздер өздеріңіз білесіздер. Бірақ ұйқассыз өлең жазатындар әлемде небір дүр сыйлықтарды алып жатқанға ұқсайды. Оның басты себебі, әр жолға мағына жүктейді және ойын еркін айтады. Сірә, оқырманға де еш бүкпесіз емін-еркін сырласқан ұнайтын болуы керек.
Бір жолы бір жолына бағынбайтын кәдімгі қара өлеңнің өңін айналдырған түрі секілді. Тек ұйқасы міндетті түрде жолдың соңына емес, кез келген жеріне қойыла береді екен. Ол сөзі әуенімен жарыса жүретін қазақы қайырымға келе де қоймас. Біздің айтып отырғанымыз да ондай ұйқассыз өлең емес екенін жоғарыда құлаққағыс еттік.
Әйтпесе «Күн мен түн күнде келіп қырқысқанда, Дүние дүр етіп кеп, гүл құшқанда» деген жолдарды да Серік Ақсұңқарұлы жазды. Осындағы бүкіл ұйқасты ұстап тұрған «ү» деген жалғыз әріпті сөзге ұста ақын қалай ойнатады. Ал «Арқадан мен іздеген Күнекей Қыз, Жүр екен күлімсіреп Түркістанда» дегені шығыс тәмсілін еске салады.
Өлең қазір ұйқас қуалап, мағынасыздыққа ұшырады. Серік Ақсұңқарұлы мағынаны ұйқасқа құрбан етпеген ақындардың бірі. Басқа тілге аударса, ұйқасын аудармайды. Ойын, идеясын, мазмұнын аударады. Сонда оның өлеңдері жалаң сөз болып шықпайды. Герольд Бельгердің шығарманың кемшілігі басқа тілге аударғанда көрінеді дегені кейде рас сияқты.
Ойдың өлеңнің соңында емес, ішінде айтылғаны сом алтындай салмақтандыра түседі екен. Сол сияқты жолдың соңындағы ұйқастан гөрі, ішіндегі ұйқас әуездірек естіледі. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?» дегенде Абай өлеңді ғана емес, тұтас дүниені ұйқастырып тұр емес пе?!
Абайдың жолын ұстаған ақындарға ақыл айтудан аулақпыз. Бірақ бізге аулақта жатқан: Тыныштықбектің еркін тармақтардан құралатын өлеңдеріндегі ойшылдығы; Светқалидің да бағзыларды бәдіздеген бәйітсымалға бойсалдығы; Серік Ақсұңқарұлының да шынымен де эпостан туғандай сомдап-сомдап сөйлейтін тарпаңдығы ұнайды.
Үшінші жолдың үрметі өлеңдерінің төрт жол, төрт тармағынан бірдей өре тұратын ақындар бұлар. «Патша өкіметін де жек көрген, Совет өкіметін де жек көрген» (С.Ақсұңқарұлы) олар соцреализмді де жек көретін болулары керек. Олар кейбірінің ұйқасы тастай болса да, ұйқас деген психологиялық кедергіден баяғыда өтіп кеткен. Сондықтан да оларда сөз де еркін, ой да еркін.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де ойы өзгермеген адамдар бар. Отыз жылда ұйқастың құрсауынан шыға алмаған ақындар да аз емес. Серік Ақсұңқарұлының «Замана пойызында» деген өлеңі соларға арналған. «Социализм» дей-тұғын станса бұл. Түс! – деді Ол. – Секіріп түсіп қалдым», дейді ақын өткенге жүгірте шолу жасап.
Одан кейін «Репрессия» дейтұғын стансадан, Күллі бекзат, тектімді түсіріп ап!» деген жолдарды оқисыз. Содан соң «Капитализм» дейтұғын стансадан, Енді тағы итеріп түсіріп тұр!» деген жолдар да кезегімен келеді. Өлең «Енді тоқтар бекетің «Алаш» деген, Естіледі бір дауыс айдаладан» деген жолдармен аяқталады.
Осы өлеңде үшінші жолға атан түйенің белі кететіндей салмақ салынып тұр. Бірінші жол басшы, екінші жол қосшы, төртінші жол төреші деп тәмсілдей беруге де болады. Бірақ соның бәрі ұйқастан азат үшінші жолдың үрметі екенінде дау жоқ. Үрметі ұлардай шулаған қара өлең Серік Ақсұңқарұлы меңзеген «Алаш» аялдамасына аман-есен жетсе екен деп тілейсің іштей. Үрметің аман болсын, Алаш!
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК