Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық ауқымдағы мақаласы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылатын шараларды жүйелеп, міндеттерді айқындап берген туынды дер едік.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары – шын мәнінде, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының идеологиялық картасы. Бүгін, әсіресе Парламент Мәжілісіне сайлау аяқталған кезде, бұл міндеттер алдыңғы кезекке шығады, өйткені саясаткерлердің жаңа буынының алдында өзекті реформалар пакетін жүзеге асыру міндеті тұр. Олар тәуелсіздік идеологиясын нақты істермен толтырып, іс жүзінде көрсетуі тиіс.
Өйткені Президентіміз өз мақаласында азаттықтың 30 жылындағы жетістіктерін атап өтіп, болашақтағы бағыт-бағдарымызды тұжырымдады. Кеңестік кезеңнен кейін жаңа мемлекетті аяғынан тұрғызып, саяси бағытын қалыптастырған негізгі сәтті реформалар мен серпінді жобалар ауқымды деңгейде талданды.
Жер, тарих, экология, қоғам құндылығы, жастар тәрбиесі мен патриотизм және мемлекеттік тіл, ел бірлігі туралы өткір айтқан орнықты ой-пікірлері мен жүйелі көзқарасы қоғам тамырын дөп басты.
Алашты алаңдатқан бірқатар өзекті мәселеге қатысты да сөз қозғап, тиісті орындардың алдына нақты мақсаттар қойды.
Болашақтың бедерінде басты назар әлеуметтік-экономикалық өлшемдермен қатар, қазақстандықтардың келешек ұрпағының гуманитарлық, тарихи-философиялық және әлеуметтік парадигмаларына аударылған.
XXI ғасырда қазақстандық ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті дамыту мен нығайтудың жан-жақты жолы бағдарланған.
Әрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасында, 2014 жылғы «Тәуелсіздік толғауында» баяндалған идеяларының стратегиялық сабақтастығын көріп отырмыз.
Елбасы «Тәуелсіздік толғауы» ой орамдарында «Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. ...Тəуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің əрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.
Тәуелсіздік – бірегей тарихы мен мәдениеті бар, мемлекеттік тілін және барлық қазақстандықтардың этностық тілдерін құрметтейтін халқымыздың мызғымас бірлігі», деп терең толғаған болатын.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан Елбасы тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік», деп нақты атап өтті.
Президент мақаласындағы тәуелсіздік тақырыбы – қазіргі рухани азат және дербес халқымыздың ұлттық өзіндік мені мен мүддесін дамыту тақырыбы. Міне, сондықтан егемендіктің төртінші онжылдығының басты мақсаты – қуатты мемлекет құру және бәсекеге қабілетті ұлт болу.
Мемлекет басшысы оған қол жеткізудегі негізгі бағыттар ретінде саяси-экономикалық реформалар мен қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін айрықша атап көрсетеді, мұнда ең бастысы – замана талабына бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлік.
Бұл тұжырымның арқауында әділетті қоғам мен тиімді мемлекет, әлеуметтік әділеттілік пен ашық мемлекет қағидаттары тұр.
Бұл қадам жер жүзінің кез келген халқының бірегейлігіне сызат түсіретін, азаматтарды өзінің арбауына оңай түсіріп, жетегінде алып кететін жаһандану заманының жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін аса маңызды.
Тоталитарлық жүйенің тауқыметін кеше ғана бастан кешкен біздің халқымыз үшін бұл өте қауіпті болады. Міне, сондықтан Президент: «жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» деп ақыл таразысына салды. Бұл міндетті шешуде қазақ қоғамының да, бүкіл қазақстандық қоғамның да бірегейлігінің базалық негізі ретінде жалпыұлттық тарихи білім мен сананы қалыптастыруға басты рөл берілгені кездейсоқ емес.
Бүгінгі таңда біз тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тер төккен аға буын мен Қазақстанды әрқашан тәуелсіз болғандай санайтын жас буынның дүниетанымын біріктіру қажеттілігін байқап отырмыз.
Жас қазақстандықтар еліміздің тарихи тәжірибесінің бай мұрасын зерделеп, мыңдаған жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз Еуразияның орасан зор аумағын игеріп, оның орталық бөлігінде қазіргі заманғы Қазақстан қалай құрылғанын, тәуелсіздікке қандай қиындықтармен қол жеткізілгенін, XIX ғасырдан бастап ауқымды масштабта, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазіргі егемен Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын көп этносты халықтың қалыптасу саясатын білуі тиіс.
Бұл ретте бұрын қасақана бұрмаланған немесе бүркемеленген көптеген тарихи фактілер мен оқиғалар ғылыми тұрғыда шынайы сүзгіден өтіп, көпшілікке қолжетімді болуы және түсінікті түрде берілуі аса маңызды.
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет» деп баса назар аударды.
Өткенді объективті түрде қайта жаңғырту, тарихи бағамдар мен түсіндірмелерге бейтарап талдау жасау, жаңартылған деректанулық база әзірлеу – тарих туралы оқулықтардың жаңа толқынының жетекші қағидаттары болуы тиіс. Бұл жас қазақстандықтардың білімін дұрыс жүйелеуге, олардың жалпыадамзаттық қағидаттарға көзқарасын нығайтуға, толеранттылыққа, халықтар арасындағы өзара түсіністікке, ұлттық рухқа, патриотизмге байланысты құндылық бағдарларын қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Айта кету керек, бұл мәселе бойынша бұл бірінші рет берілген тапсырма емес, сондықтан кейінге қалдыра беретін уақыт жоқ. Себебі «ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих ұлттық өзіндік сана-сезімнің оянуына ықпал етеді» деп орынды атап көрсетілген.
Біздің халқымызды топтастыратын ортақ құндылықтар – қоғамның қуатты біріктіруші факторы.
Мемлекет басшысы олардың ішіндегі ең бастысы ретінде белгілі тарихшы С.Кляшторный тұжырымдағандай, қазақ халқының мемлекеттілігі кемінде үш мың жыл бойы құрылған, «бабалардан мұра болған қасиетті жерімізге» тоқталып, оны бізге ешкім «сыйға тартқан жоқ» деп кесіп айтты.
Президент сөзінен біз Қазақстанның территориясына қатысты кейбір шетелдік қайраткерлер айтып жүрген өте өресіз және негізсіз мәлімдемелеріне берілген жауапты анық көреміз.
«Қазақстанның екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарасы бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды»!
Бұл – бұдан бұрын айтылған және алдағы уақытта айтылуы мүмкін осындай мәлімдемелерге берілген нақты жауап. «Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек».
Менің ойымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы жер мәселесін, мемлекеттік шекара туралы сөз еткенде тарихи куәліктерді де естен шығаруға болмайды.
Екі елді бөліп тұрған шекара дүние жүзіндегі құрлықтағы шекара болып табылады және оны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген құбылыс еді. Көршілес мемлекеттердің шекара мәселесін шегендеуді қолға алуы 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қоюдан басталғаны күні кешегі тарихымыздан белгілі. Осы құжатқа сәйкес Үкімет деңгейіндегі делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөзге кірісті. Қазақстан-Ресей шекарасын белгілеп және оны картаға түсіру батыстан – Еділ өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылдың қаңтарында шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Көп кешікпей 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Бүгінде екі ел арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 7591 шақырымды құрайды. Бұл әлемдегі ең ұзын шекара. Қазір көрші елдер арасындағы осынау шекара достық пен тату көршіліктің де белдеуіне айналып отыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы біздің аумақтық тұтастығымызға күмәнданып, тату көршілік қатынасымызға сызат түсіргісі келетін арандатушылық мәлімдемелерге қатысты жаңа ұстанымды атап өтті. Бұл қалың жұртшылық атынан ғана емес, ресми деңгейде де жауап болды, сондай-ақ ұлттық мүдделерді дипломатия арқылы ғана емес, қатаң позициялар арқылы да қорғауға дайын екенін білдірді.
Сол арқылы басқа елдердің аумақтық тұтастығына күмән тудырған және егемендігін құрметтеу мәселелеріне салғырттық танытқан әлемнің жетекші ойыншыларының келеңсіз, салдары өздері үшін қауіпті болатын кеудемсоқ көзқарастары үшін дер кезінде берілген тойтарыс деуге де болады.
Осы ретте 2020 жылғы 16 желтоқсанда Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин бүкіл әлем мемлекеттерінің басшыларымен қатар ұлттық мереке – Тәуелсіздік күніне орай Президент Қ.К.Тоқаевқа құттықтау жеделхатын жолдағаны орынды болды. Ресей мемлекетінің басшысы өз хатында «Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарының табысты дамуын қанағаттанарлық» деп атап өтті. Ресей басшылығының бұл ресми ұстанымы, әрине, бүкіл Ресей халқының Қазақстанға деген ізгі құрметі мен сыйластығын көрсетеді.
Президенттің мақаласында көтерілген тағы бір басты мәселе – өз жерімізге деген жанашырлық көзқарас, жерді ұтымды пайдалануға және қорғауға дайын болу.
Жерге деген көзқарас тек меншіктену, пайдалану мәселелеріне ғана байланысты емес, сонымен бірге оның экологиялық қауіпсіздігі, балалар мен ересектерді туған елдің табиғатына ұқыпты қарауды тәрбиелеу сияқты аса маңызды міндетті алға тартады.
Мемлекет басшысы халықтың этнодемографиялық жағдайын теңестіру үшін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елдің солтүстігі мен шығысының шекаралас аудандарын жиі қоныстандыру қажет екеніне көңіл бөлді.
Президент халыққа арнаған алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дей келе, мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігіне басымдық берген еді.
Мемлекеттік тіл туралы ұстанымын биылғы Жолдауында да, осы бағдарламалық мақаласында да тағы бір мәрте нақтылап өтті.
Қазақ тілін біріктіруші фактор ретінде қалыптастыру үшін бүгінгі таңда барлық құқықтық негіздер қалыптастырылғанын айта келе, оны меңгеруге талпынатын адамдардың өздерінің ниеті мен ынтасы және осы мақсатқа жету үшін жағдай жасайтын Үкімет туралы мәселе көтерді. Осы тұрғыда балалар әдебиетінің рөлі, шетелдік жазушылардың үздік шығармаларын аудару, басып шығару және тарату тапсырылды.
Қазіргі қоғамда қазақ тілін оқытушыларды – кәсіби кадрлар даярлау деңгейіне, мектептер мен балабақшаларда оқыту үшін тиімді білім беру құралдарын әзірлеу қажеттілігіне, халық арасында мемлекеттік тілді меңгеру перспективалары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына, сондай-ақ қазақ тілін оқыту орталықтары туралы ақпаратты таратуға, мемлекеттік тілде өтетін түрлі іс-шараларға мүмкіндігінше қатысушыларды барынша белсенді тартуға байланысты мәселелер үнемі талқыланады. Біз бұдан әрбір азаматтың және әрбір ұйымның қойылған міндеттерді іске асырудағы стратегиялық жауапкершілігін көріп отырмыз.
«Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал» деген сөзі этностар арасында қызу талқыланып, түрлі ұсыныстарын жеткізуде.
Әсіресе қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастарының белсенділігіне қарай отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзінің іске аса бастағанын көріп жүрміз.
Сондықтан бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этностық топтар арасында мемлекеттік тілдің нағыз насихаттаушысына және таратушысына айналды деуге негіз бар. Біздің этностардың тілдері мен мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында Достық үйлерінде тіл курстары жұмыс істейді, әдістемелік кешендер әзірленді. Қазақ тілін меңгерудің жаңа әдістемелері бойынша тренингтер, тіл үйрену мектептері өткізіледі. Қазақ тілі арқылы қазақ менталдығындағы түрлі этностардың мәдениеті мен құндылықтар ауқымына бойлау жүріп жатыр. Мысалы, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» және «Қазақтану» жобалары дәл осы міндетті шешуге бағытталған.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының бастамасы бойынша мамандар тобы «Даналық әліппесі» және «Абай» бірегей интерактивті кешендерін дайындады. Аталған әзірлеменің техникалық шешімінің негізінде ТМД кеңістігінде баламасы жоқ бірегей it-инновация қолданылды. Қазақ мәдени мұрасын (ертегілер мәтіндері, күйлер ноталары, поэтикалық шығармалар және т.б.) кешенді қамтитын, сырт көзге әдеттегі баспадан шығарылған кітаптардан еш айырмашылығы жоқ чипті матрицалар қатары дайындалды. Оған маркер форматындағы арнайы оқу құрылғысы қоса беріледі, ол мәтіндік чиптік кескінмен жүргізген кезде жазылған мәтінді, музыкалық туындыларды дыбыстайды.
Интерактивті кешенді пайдалану тіпті мектеп жасына дейінгі балалар үшін де өте оңай. Оның қолданылу аясы кең және алуан түрлі: қазақ халқының әдебиет, поэзия, халық ауыз әдебиетін – өлеңдер, ертегілер, аңыздар, әпсаналар; музыкалық мұраларын – күйлер, әндер, арнау, айтыс сияқты рухани әлемін ел ішінде және шетелде насихаттау және зерделеу; барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде (музыканы, мемлекеттік тілді үйрету, оның ішінде көру қабілеті нашар балаларды оқыту) пайдалану; ҚХА-ның «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан этностарын, сондай-ақ халықтың барлық топтары мен еңбек ұжымдарын қазақ халқының мәдениеті мен қазақы құндылықтарға тарту; мүгедектер мен көру қабілеті нашар адамдардың оқуына көмек көрсету.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Даналық әліппесі» кешенімен танысып, оның алғысөзінде: «Инновациялық технологиялар негізінде жасалған «Даналық әліппесі» ой-өрісіңізді кеңейтеді. Халқымыздың құнды мұралары арқылы шешен сөйлеу қабілетіңізді ашып, сіздің баға жетпес рухани құралыңызға айналады» деп қалам тербеді.
Бүгінде Ассамблея бұл құралды еліміздің мәдени және білім беру кеңістігіне белсенді түрде ілгерілетуде. Атап айтқанда, инновациялық технологияларды пайдалану Президенттің «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы мен міндеті» деген тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.
Қашықтан оқыту формасы қалыптасқалы қазақ тілінде білім алатын өзге этнос жастары және мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері өз алдына іздену үшін қазақ тіліндегі ресурстардың жеткіліксіздігін жиі айта бастады. Оқытушылар мен студенттер тарапынан интернет өнімдеріне тәуелділік артты. Қазақ тілінде білім алу үшін жақсы басылымдар жетіспейтіні, сапалы интернет-оқулықтардың қол жетімсіздігі белгілі болды. Алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтыру үшін барлық ЖОО өз студенттерін толық қамтамасыз ету мақсатында электронды оқулықтар мен қажетті ақпараттар базасын жасақтауы тиіс деп есептеймін.
Мемлекет басшысы қазақ халқының бауырмал халық ретіндегі рөлін айрықша атап өткенін де айту маңызды, себебі қазақ халқы қиын-қыстау заманда ешкімді де шетке қақпай, құшағына басып, көмектесе білді. Қазақстан халқы Ассамблеясы баршаға тең жағдай мен даму мүмкіндіктерін жасай отырып, осы міндетті ойдағыдай шешуге қомақты үлес қосуда. Ал халқымыздың мызғымас бірлігі – жарқын болашаққа апаратын бірден-бір даңғыл жол.
Этносаралық келісімді сақтау міндеті де жаңаша қойылды, бұл – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың дербес жауапкершілігі.
Біз шоғырландырушы, біріктіруші факторларды – ортақ құндылықтарды, идеяларды көбейтіп, барлық азаматтардың санасында бекітуіміз керек. «Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», Президенттің бұл үндеуі біртұтас ұлтқа – мықты әрі жауапты адамдардың ұлтына, болашағы біртұтас ұлтқа бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік идеологиясының басты арқауы ретінде патриотизм тақырыбын әр адамның өзінің елі мен халқына күнделікті қызмет етуі деп түсіндіреді. Адам тиісті білім мен тәрбие алған кезде өзінің азаматтық болмысын қалыптастыра отырып, патриот болады. Әрбір азаматтың жеке мақсаттары мен мүдделері қоғам игілігіне, елдің дамуына қосатын үлесіне сай болуы керек. Мемлекет басшысы патриотизмнің жасампаздық құдіретке ие екенін, ал тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы күнделікті қажырлы еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті саясатпен байланысты екеніне тоқталды.
Өзінің бағдарламалық мақаласының соңында Президент жаһандық әлемде қуатты және тәуелсіз мемлекетке арқа сүйеуі арқылы ғана ұлтымыздың аман қалатынын атап өтті. Бұл – өзгермейтін ақиқат. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылында мемлекет пен қоғамның басты ұраны, идеологиялық ұстанымы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» болуы тиіс.
Біздің ортақ міндетіміз – осы ұранды нақты экономикалық, әлеуметтік, ғылыми, ағартушылық және мәдени істермен толықтыру және халықтың бірлігін тәуелсіздігімізді сенімді қорғай алатындай жаңа деңгейге көтеру.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті
Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісі