Хакім Абай мұрасының басым бағыттары: ұлт мұраты мен елдік мүддеге келіп саяды. Ол, әсіресе, поэтикалық өнері мен «Қарасөздер» мұрасынан кең көлемде көрініс береді. Хакім Абай бастапқы тұстан-ақ «...өз сөзім – өзімдікі» дегенді анық айтып, келесі кезекте мақсат-мұраттарын айқындап, осы бағыттағы ұстаным-көзқарастарына мықтап табан тірейді. Көрген-білгенін ақыл көрігінде қорытып, таразыға салады. Жан-жүрек үнін айқын, көңіл толқынын ашық, дүниетаным айнасын кең түсіреді. Анығында, өмірін, уақытын босқа өткізу, еңбегін-кәсібін бағаламау, білім-ғылым, дәстүр, дін, тарих пен таным, тәлім-тәрбие ісіне мән бермеу, т.с.с. ақиқатын айтып, маңызын ашады. Қысқа ғұмырдың алдамшы, өткіншілігін тамыршыдай тап басады. Баянсыз, тұрлаусыз сиқына бас шайқап, іштен тынады. Мұның өзі «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» деген өмір философиясынан алынған толғам-толғаныстарымен табиғи үндесіп, сабақтасып-ақ тұр.
Шындық жүзіне тура қарасақ, «Қара-сөздердегі» ұлт мұратынан бастау алған, қоғамдық құбылыстар арқау етілген, өмір өрнектері мен уақыт бедері кең көлемде көрініс беретін тағылымды тұстар кеше мен бүгіннің байланыс-бірлігін, дәстүр құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын табиғи жалғап, тығыз ұштастырғаны терең танылады. Қоғамдық мүдде алға шығады. Көптің мұрат-мүддесі көзделеді. Уақыт бедері байыпты бағаланады.
«Қарасөздер» табиғатына еркін енсек, Хакім Абай ұлт мұраты, елдік мүдде мәселесін – еңбек, білім, ғылым, өнер төңірегінде кеңінен өрбітеді. Алыс-жақын елдердің (мысалы, орыс, ноғай, сарт, т.с.с.) өмір-тұрмыс, кәсіп-дағдыларына, дәстүрлеріне ден қояды. Олардың білім-ғылымға, еңбекке, өнерге, саудаға бейімділігі, содан алға озып, ілгерілегені үлгі етіледі.
Ал надандық пен жалқаулық, еңбексіздік бен жылпостық, залымдық пен зұлымдық, ұрлық пен бұзақылық сыры былай беріледі: «...ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Бұл тұстардан, сөз жоқ, өмір-тұрмыстағы кәсіп-дағды, дәстүрден өзге, еңбек мұраты басым бағыттарға ие болады. Ар ісін, ақиқат ілімін, жан-жүректің нұры мен сәулесін бәрінен жоғары қояды.
«Қарасөздердің» асыл арқауы мен басты бағыттары адам әлемін ашуға арналады. Адам мұраты мен адамшылық жолы, ар мен ұяттың маңыз-мәні мынаған келіп саяды: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Біздіңше, бұл жерде өмір мұраты алдыға шығып, елдік мүдде, адам еңбегі, дос-дұшпан, жақсы-жаман қасиеттер, бос уақыт мәні, мал-жан сыры айқындала түседі. Оның қадір-қасиеті, белгі-ерекшеліктері, мән-маңызы жан-жақты ашылады.
Хакім Абай білім-ғылымға, өнерге сергек қарайды. Оны оқып-білу, үйрену керектігіне көп көңіл бөледі. Оған қатысты: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі» дейді. Одан кейінгі жерде: «...ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Одан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды ақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» дегенді анық айтады. Ақыл-парасат, ар-намыс, жүрек ісі жоғары қойылады.
Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты – Алла, ғылым – Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Білім-білікті, дін-дәстүрді, өмір тағылымын, тарих мәнін үлгі етеді.
Анық аңғарылатыны, «Қарасөздер» табиғаты мен мазмұнынан ұлттық мұрат, елдік мүдде, адам мен оның өмірі, еңбек мәні, дәстүр мен дін, тарих пен таным, діл мен тіл, тәлім-тәрбие арналары кең түрде көрініс береді. Айталық, бастапқы тұстан-ақ ел-жер, білім-ғылым, дәстүр-дін, ұлт пен ұрпақ қамы, өмір-дүние дидары, жастық-кәрілік сипаты кең орын алады. Баянсыз өмір, байлаусыз тірлік, талайлы тағдыр мәні айқындалады («Бірінші сөз»).
Келесі кезекте, еңбек етіп, өнер қуып, мал тауып, өмір-дүние дидарында өз орныңды айқындаудың мәні ашылса («Екінші сөз»), бұдан кейінгі жерде адал еңбек, әділетті іс ардақталып, арамдық пен қулық жолының қысқа да бұралаң тұстары айқындалып, мін-сын ретінде әшкереленеді («Үшінші сөз»), өмір мұраты, еңбек мәні көрсетіліп, осының негізінде: «...Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» дегенге басымдық беріледі. Тиянақты тұжырым былай беріледі: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» («Төртінші сөз»). Өмір мәні, еңбек нәрі, ел-жер, бірлік-тірлік, адамдық борыш, білім мен ғылым ісі, дәстүр мен дін, тарих пен таным, ұлт пен ұрпақ қамы, тәлім-тәрбие сипаттары, ұнамсыз мінездері бірқатар мақалдар мәйегі арқылы да маңызды жүйе құрайды: «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без», «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік», «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» («Бесінші сөз», «Алтыншы сөз», «Жиырма тоғызыншы сөз»).
Бұдан басқа, жан мен тән сипаты («Жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз»), әке мен бала, ұлт пен ұрпақ қамы («Оныншы сөз»), ақыл-парасат, жүрек-иман мәні (« Он үшінші сөз», «Он төртінші сөз», «Он бесінші сөз»), білім-ғылым жолы, ақыл, қайрат, жүрек ісі, талап пен талапсыз орны («Он жетінші сөз», «Отыз екінші сөз», «Қырық төртінші сөз») жан-жақты ашылады. Кербездің екі түрлі қылығына мән беріледі. Оның мәнісіне былай тұжырым жасалады: «...Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» («Он сегізінші сөз»). Адамдық әлемі, өмір, дүние мәні, еңбек сипаты, бақ пен сор, жақсы мен жаман, дос пен дұшпан, ұстаз бен ғалым, шәкірт сипаттары («Отыз жетінші сөз»), адамшылықтың басты ұстанымы мен өлшемі – махаббат, ғаделет, сезім дүниесі төңірегінде кең өріс алып, өмір тағылымы, дәстүр нәрі, тұрмыс сипаты шынайы шындықтар тұрғысынан зерделеніп, байыпты бағаланады («Қырық бесінші сөз»).
Абай әлемінде – жүрек ісі, ақыл мен тіл мұраты терең көрініс табады. Ақын адам әлемін айқара ашып, ондағы қозғалыс-тіршіліктің басты факторы, өмірдің өзекті Һәм өшпес қуатты қайнар көзі – жүрек шындығын, ақыл-парасат нұрын, дін-дәстүр әсерін, рух пен тіл мүмкіндіктерін кең көлемде ашады. Адам мұратын, өмір мәнін, тіршілік нәрін – жүрек ісімен сабақтастықта сөз етеді. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма?» деп өмір-тірліктегі жүрек ісі арқылы жүзеге асатын жағдаяттарға айрықша мән береді. Ақын айтқан: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» мәселесін, «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас», «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі», « Күйесің , жүрек, күйесің» сынды ар-ұяттың маңыз-мәнін елдік мүдде тұрғысынан, парасат биігінен қозғайды. Нәтижесінде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» дегенді анық айтады. Ал «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» деп «жүрек-таразы» екенін алға тартады («Он төртінші сөз» ). Мұның өзі – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнер айтысындағы – «жүректі жақтадым» деуі («Он жетінші сөз»), сосын «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озық» екенін көрсетуі өмір мәні, уақыт шындығы еді («Он сегізінші сөз»).
«Қарасөздер» мұрасының үздік үлгісі, өрнекті өнегесі – «Отыз жетінші сөзде» жинақы, жүйелі беріледі. Хакім Абай мұнда өмірдің өрнекті тағылымдарын, тәлімді тәжірибелерін барыншы қонымды, қысқа-нұсқа үлгіде жеткізеді. Хакім Абайдың даналық мәйегіне айналған, ақыл-нақыл, өсиет сөздері ағартушылық һәм дидактикалық сипаттарымен де мәнді. Әсіресе, адам әлемін, оның өмірі мен еңбегін, кәсіп-дағдысын, тұрмыс-тіршілігін, жақсы-жаман жағдаяттарды, дос-дұшпан әрекеттерін, отбасылық тірлікті, әке мен бала, ер-әйел қарым-қатынасын, т.с.с. белгі-ерекшеліктерін ашады.
Хакім Абайдың «Қарасөздері» поэзиялық туындыларынан өзіндік өзгешелігі бар, өмір тағылымы мен тәлімдік қырлары басым еңбектер қатарына жатады. Оның көпке ортақ ұнамды тұстары әр кез-ақ зиялы қауым мен зерттеушілер назарын аударғаны анық. Айталық, алғашқы абайтанушы Ә.Бөкейхан Абай әлемінің мәніне терең үңіліп, қыр-сырына еркін енеді: «... Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Еуропаның атақты ақындарының қатарына қосар еді».
Ал М.Әуезов пен Ж.Аймауытұлы «Абайдың өмірі һәм қызметі» атты мақалада («Екеу» бүркеншік есімді қолданған) ақын мұраты мен мұра-мирасына, абайтанудың өзекті мәселелеріне ден қояды:
«Абайдың ең бір артық өзгешелігі заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықтап ұстап, ақылға, ақиқатқа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұндырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі – жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы.
...Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгілі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, хафалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сыр таластырып ұғып, оқып түсіндіргендердің сезімін тәрбиелемек».
Абай әлемі, ондағы ел мүддесі мен мұраты, руханият құндылықтары әр кез-ақ ұлт қайраткерлері мен қаламгерлерінің, ғалым-ұстаздардың назарын аударып келгені анық. Айталық, академик М.Әуезов Абайдың ақындық мұрасы мен «Қарасөздері» хақында былай деп жазады: «...Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек боп танылады. Ол надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты атқамінерлер мінезімен мықты тұрып алысуға кіріскен еңбегі. Абайды кейінгі буынға және сол кездегі қалың елге, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбегі. Ақындықты сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене алысады. Мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айтады».
Бұдан басқа «Қарасөздер» көркем прозаның өзінен бөлек, Абайдың өзі тапқан бір алуаны болып қалыптанады. Бұл сыншылық, ойшылдық және көбіне адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.
Абайдың «Қарасөздеріне» қатысты ғалым-тілші Р.Сыздықованың көзқарас-ұстанымы берік. Ғалым-тілші бұл бағыттағы ізденістері төңірегінде төмендегіше ой қорытады: «... Абай прозасы тілі мен стилі жағынан толыққанды шығармалар екенін баса айтамыз. Бұл туындылардың басымы дидактикалық әңгіме, философиялық этюдтер, тарихи очерктердің алғашқы үлгілері, қазақ жазба дүниесіндегі таза ұлттық тілдегі соны бастамалар деп танимыз. Ұлы Абайдың сан қилы еңбегінің бір қыры да осы жерде».
«Қарасөздер» – Абай әлемінің айнасы, ұлт руханиятының көркем шежіресі. Елдік мұрат-мүдденің, дін мен дәстүрдің, халықтық дүниетанымның, тарих пен танымның қазыналы қайнары. Өмірдің өрнекті, өнердің өрісті көркем көкжиегі. Уақыт бедерінің шынайы сырлары.
Ақиқатында, Хакім Абайдың поэтикалық өнері мен «Қарасөздер» мұрасында ұлттық мұрат пен жалпыадамдық құндылықтар кең орын алады. Адамзат өркениетіне тән ағартушылық құбылыс, ұлт мұратына негізделген ұлылық ұлағаты, рухани тұлғаның болмысы айқын аңғарылады. Ол, әсіресе, тұңғыш Президент – Елбасының «Абай аманаты», Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» атты бағдарламалық бағыт-мақсаты айқын мақалаларынан кең көлемде көрініс тапты.
Ендеше, хакім Абайдың «Қарасөздер» мұрасы – жан-жүректің жазбасы, дүниетаным айнасы. Ұлттық мұрат пен елдік мүдденің, заман шындығының шынайы көрінісі. Адам әлемінің, өмірі мен еңбегінің жарқын жолы. Мұның, сөз жоқ ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар мәнін айқындауда, өмір өрімі мен дүниетаным сырын, руханият өрісін ашу ісінде маңызы зор.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор