Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқып шықтым. Мақала халықты өткенінен сабақ алуға, өзін тану, түптеп келгенде, сол арқылы өзін жақсы көруді үйренуге, тарихын терең білуге, өткен өміріне салауатпен қарап, дәстүрін құрметтеуге шақыру, қазіргі жаһанияттық үдерістерге ілесе отырып, жұтылып кетпей, басқа елдермен терезесі тең болу үшін қажеттіні айтып, соған ұмтылдыруды, сөзден іске көшуге жұмылдыруды көздеген үндеу ретінде қабылданды.
Сонымен бірге оқып отырып, бір жағы, мақала мәтінінің тілі арқылы бейсаналы түрде адамға жеткізілетін астырт мағынаны, автордың ішкі интенциясын көрсету керек екен деп ойласақ, екінші жағынан, әр тарауында айтылған мазмұнды қазіргі отандық тілтанымға қатысты мәселелермен байланыстыруға тырысып бақтық. Сөйтіп, мақала мәтіні шағын лингвостатистикалық зерттеу объектісіне айналды, ал оның мазмұны отандық тіл білімінде біраз жағдайды қайта қарауға, көптеген мәселенің шешімін іздеуге ойтүрткі болды.
Мақала мәтінінің лингвостатистикасы
Мақала 1 332 сөздің 3 595 сөзқолданыс түрленімінен тұрады. Осы 1 332 сөздің 560-ы зат, ұғым, түсінік аты болса, 301-і іс-қимылды, 243-і сынды, 71-і қимылдың сипатын білдіретін, қалғаны көмекшілік қызметтегі сөздер. Осы сөздердің 754-і тек бір рет қолданылған сөздер. Әдетте қоғам үшін жаңа өзектіленген ұғым, түсінік аттары осы сөздер қатарында көп болады, мақаладағы пандемия, вирус, технология, плюрализм, «soft power» (жұмсақ күш) сияқты сөздер мұның айғағы. Зат есімдер мен қимыл аттарының басқа типтегі сөздерден көп болуы, жиілігі 1-ге тең сөздер санының жиілігі жоғары сөздерден бірнеше есе көп болуы, сол сияқты ең жоғары жиілікке мазмұны солғын көмекші сөздердің ие болуы – жалпы кез келген тілге тән әмбебап заңдылық көрінісі.
Сондықтан мақала мәтінінде де жиілік бойынша тізім басын «бол» көмекші етістігі бастап тұр. Көмекші қызметтегі сөздерді ескермей, толық мағыналы ең жиі қолданылған сөздерді жинадық. Қоғамдық санада идеологиялық, базалық концептілердің қайсысы өзектіленіп отырғанын осындай жиілігі жоғары атауыш сөздер аңғартады. Мұндай пікірді алғаш айтқан философ ғалымдардың бірі М.Эпштейн жиілік сөздікті әлемнің тілдік бейнесі ретінде зерттеу құралына айналдыруды ұсынады. Ғалыммен келісе отырып, оның «сөздердің жиіліктік реті – бұл ұғымдардың жалпыхалықтық, стихиялық-демократиялық жүйесі» деген анықтамасының дәлдігіне тағы бір көз жеткіздік.
Президент мақаласындағы ең жиі сөздерден жасалған инфографика жоғарыда ұсынылып отыр.
Әдетте авторлық мәтіндегі бұл сөздер жалпы сол тілдегі басқа да мәтіндер жиынтығының жиілігінде «көш бастап» тұрған сөздермен үйлес болатыны анықталған. Қазақ тіліндегі ең үлкен жиілік сөздікті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2016 жылы әзірлеген болатын, онда 7 миллионнан астам сөзқолданыстан тұратын қазақ мәтіндері қамтылды. Енді осы сөздіктегі және Президент мақаласындағы толық мағыналы ең жиі сөздерді салыстырсақ, екеуінде де жоғары жиілікті сөздер мынадай болып шықты: қазақ, ел, жер, тіл, мемлекеттік, халық, білім. Бұл дерек қазақ ұлтының қазіргі санасындағы базалық ұғымдардың Мемлекет басшысы мақаласында да өзекті екенін көрсетті.
Бір қызығы, Президент мәтінінде «біз» есімдігі «мен» есімдігінен үш есе көп қолданылған. Бұл оның өз оқырманымен – халқымен өзін бір санайтынын көрсетсе керек. Сол сияқты қазақ сөзінің 20, ал қазақстандық сөзінің небары 2 рет қолданылуы ұлттық бірегейліктің қазақ халқының этносимовлизміне берік орныққан ахуалын Мемлекет басшысының терең сезінгенінің дәлелі іспетті. Ел, халық, жер, тәуелсіздік, тіл, Қазақстан – бұл сөздер мақала авторының ғана емес, барша қазақ елінің көкейінде жүрген қастерлі, өзекті, асыл ұғымдар. Олар жиі қолданылу арқылы да оқырманға ерекше әсер етеді.
Мақала мәтінінде қолданылған жалқы есімдердің \ жиынтық саны да қызық ақпарат бере алады: барлығы 49 жалқы есімнің 35-і қазақтың жер-су аты, 7-і шет жер-су аты, 5-і кісі есімі, 2-і тарихи оқиға аты. Қазақ жер-су аттарының географиясы кең, құдды бір Қазақ даласын аралап өткендей боласың. Бұл ақпарат жиі кездескен «жер» сөзінің құндылығын арттыра түседі, оның нақтылауышы сияқты, әрбір қазақ санасында аяулы саналатын туған жердің небір көрікті мекендерінің аттарын санамалап, көз алдына елестеткізеді. Қолданылған кісі есімдерінің де оқырман санасында тітіркендіретін ассоциациялары мен білімдерінің қуаты жоғары: Абай, Әлихан Бөкейханов, Томирис, Құрманжан датқа, Кейкі батыр – бәрі де ұлты үшін жан аямаған тұлға аттары. Тарихи оқиға аттары да тек ұлттық маркерлі семантика арқалаған бірлікке жатады: Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, Желтоқсан оқиғасы.
Кейбір сөздерің о бастағы мағынасының өзінде тіл иелмені санасында оң эмоциялар мен түсініктерді тітіркендіретін жағымды мазмұн немесе дұрыс мән, оң бояу болады және осыларға қарама-қарсы мағынасы теріс маркерлі, жағымсыз сипатты сөз түрлері де болады. Мақалада қолданылған 1 332 cөздің ішінен мағынасы осындай оң, бояуы жағымды және жағымсыз бояулы сөздерді санап көрдік. Ағайын, азаттық, азамат, ақыл, арқау, арман, артықшылық, атажұрт, ата-баба, әділдік, әлеует, байып, бастама, бауыр, береке-бірлік, бостандық, даналық, дарын, еңбек, еңсе, жан-жүрек, жанашырлық, жарасым, жасампаздық, жаннат, игілік, келісім, кие, көкіреккөз, қазына, қасиет, қуаныш, маңдайалды, мереке, мемлекетшілдік, мұра, наурыз, ниет, отансүйгіштік, өрен, парасат, перзент, сүйіспеншілік, табандылық, тәрбие, тәуелсіздік, тиімділік, тұрақтылық, ұлағат, ұстамдылық, халық, іргетас сияқты жағымды бояулы, «дұрыс» мағыналы сөз саны 206 болса, ақымақтық, алаңдаушылық, арандатушылық, анархия, ашаршылық, вирус, дағдарыс, даңғаза, жүгенсіздік, зұлмат, кемшілік, кесір, күмән, қазақ, қақтығыс, қатер, қуғын-сүргін, науқан, нәубет, олқылық, өкініш, пандемия, ұраншылдық, тығырық, шектеу сияқты жағымcыз бояулы, «теріс» мағыналы сөз саны оң мағыналы сөздерден бес есе аз, небары 45 болып шықты.
Айтылған статистикалық деректердің барлығы мәтіннің мазмұнын жасауға қатысатын, бірақ өзара байланысқанда ғана ойды білдіре алатын, жеке тұрғанда еш мәні жоқ бөлек-бөлек жатқан формалардың – дербес сөздердің жиынтығынан тұратын жалаң сырт ақпарат сияқты көрінеді. Шын мәнінде, бұл формалар өзара байланысып, автордың ойын білдірумен қатар өздері жеке-жеке әсер ету арқылы да оқырман санасына негізгі ойға қосалқы берілетін маңызды ақпараттарды жеткізеді, оқырман санасындағы әрбір жеке сөзге қатысты ұғым, түсінік, ассоциацияларды тітіркендіру арқылы тұтасқан мәтіндегі жүйелі ой желісіне сол ойды күшейтетін, нақтылай түсетін, оны тіпті жетілдіріп, құлпыртатын да қосалқы ақпарат үстейді. Бір қызығы, мұндай ақпарат кейде мәтіндегі негізгі ойдан да әсерлі болады, себебі ол адамның түпсанасына тікелей жол тарта алатын қасиетке ие.
Тәуелсіздіктің отыз жылы және қазақ тілтанымы
Мақалада талданған қазіргі жағдай, көтерілген көп мәселе тәуелсіздік алғаннан кейін көз алдымызда дамыған қазақ тілтанымының жаңа кезеңдегі тарихын, бүгінгі ахуалын, болашағын, қоғам талаптарына жауап беріп жатқан, жауап бере алмай жатқан тұстарын еске салды.
Біздің бағалауымызша, «Бағдар мен белес» тарауында талданған отыз жылдық тәуелсіздігіміздің әр онжылдығының өзіне тән тарихи, саяси, мәдени-әлеуметтік сипаты дәл көрсетіліп, бұлай кезеңдестірілуі бірінші рет. Бұл және де тәуелсіз Қазақтандағы тілтанымдық ғылыми орталық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының даму кезеңдерімен сәйкес келеді: жаңа Қазақстанның іргетасы қаланған алғашқы онжылдықта Институт ұлттық тіл ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының есімін алып, өзіне тіл білімін дамытумен қатар мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын қалыптастыру миссиясын жүктеген болатын. Қазақ елінің керегесін кеңейту екінші онжылдықта мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасы жетілдіріліп кеңейтілді, отандық тіл ғылымының қалыптасуына, тіл мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын ғылыми кадрларды тәрбиелеп, аяқтандыруға күш жұмсалды, ал үшінші онжылдық қоғамның қазақ тіліне деген жыл санап өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыратын іргелі және қолданбалы зерттеулерге ерекше назар аударылды, соның ішінде ұлттық тілдің дамуы мен болашағы үшін аса маңыздысы – латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу жалпыхалықтық тілтанымдық реформасы деуге болады.
Президент айтқан «Ұлттың жаңа болмысының» және «экономикалық өсім игілігін әрбір азаматы сезіне алатын әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құрудың» рухани негіздерін тілден іздеген, тауып көрсеткен тілтанушылар аз болмады: академик Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, профессор Нұргелді Уәли, Рүстем Шойбеков, Жамал Манкеева сияқты басқа да ғалымдардың зеттеулері осындай деректерге толы. Бұл зерттеу нәтижелерін халыққа жеткізу, насихатын арттыру, тілтанушылар мен қоғам арасындағы диалогты жақсарту кезек күттірмейтін мәселе болмақ.
Мемлекет басшысы мақалада көтерген тың мәселелері өте көп, соның ішінде тіл ғылымының қатысынсыз шешуі толық бола алмайтындарына тоқтала кетейік: ол, ең алдымен, тарихымызды қайта толық жазу тапсырмасы. Себебі тілдік дерексіз қоғамның тарихын дәл сипаттап шығу мүмкін емес, өйткені халықтың қандай да бір уақыт кесіндісіндегі өмірінің рухани сипаты, идеологиясы, ахлағы мен құндылықтар жүйесі мықты сақталатын әмбебап «артефактілер желісі» – тіл, оның жүйесі мен бірліктері. Сондықтан тарихшыларымыз бен тілтанушыларымыз бірлесіп жүргізген зерттеулер төл тарихымызды толық жазып шығуға зор мүмкіндік берері сөзсіз. Сонымен бірге қазақ тілінің тарихына арналған академиялық сипаттағы тың ғылыми еңбек аса қажет, мұндай еңбекті, қаржылық қолдау болса, Институт еліміздегі басқа да ғылыми орталық мамандарымен бірлесіп әзірлеуге дайын.
Екіншіден, балалар әдебиетінің қазіргі заманғы отандық туындыларын жасау, шетелдік балалар әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аударумен қоса, классикалық әдеби шығарма мәтіндерін әр жастағы бала қабылдауына лайықтап, осыған қоса публицистикалық, әсіресе ғылыми стильдегі мәтіндерді де бала танымына бейімдеу, осы мәтіндердің кеңауқымды, аннотацияланған электронды корпусын, базасын жасау ісіне қолдау көрсетілуі керек. Озық елдер тәжірибесінде солай, Шекспирді бала алдымен адаптацияланған мәтіні арқылы, кейіннен барып түпұсқада оқиды. Бұл қазіргі қазақ оқулығы контентін жоғары деңгейге көтеруге зор мүмкіндік берер еді.
Үшіншіден, Президенттің «мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деген үндеуін жүзеге асыру үшін мемлекеттік тілдің нормативтік базасына міндеттеуші тетіктерді анық көрсететін түзетулер мен толықтырулар енгізу аса қажет деп санаймыз. Тіпті мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдаудың да уақыты келді. Себебі Елбасының тілге қатысты ұзақ жылғы либералды сипаттағы сарабдал саясаты бүгінде өз жемісін беріп отыр, Қазақстандағы басқа этнос өкілдері де қазіргі кезде мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыратын, міндетті айқын көрсететін нақты заңнаманы талап етеді. Мұның барлығы әлеуметтік тілтанымдық зерттеулер нәтижелеріне арқа сүйегенде ғана тиімді негіз болатыны белгілі. Осы бағытта Институт мамандары социолингвистикалық зерттеулер жүргізіп отыр.
Төртіншіден, Президент көтерген экология мәселесін шешу үшін ұлттық экологиялық сананы жаңғырту, оны жаңа білімдер жүйесімен байыту аса қажет. Бұл мәселенің бастауы тіл ғылымындағы лингвоэкологиялық зерттеулермен де тығыз байланысты. Қоршаған ортаның тазалығы сана тазалығынан, тіл тазалығынан басталады. Сонымен бірге ұлтымыздың болмысына біткен табиғатты аялау қасиетінің ана тілімізде сақталған ертегілер, аңыздар, тыйымдар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, т.б. «көріністерін» балабақша, мектеп, ЖОО-ның оқулық мазмұнына жүйелі түрде енгізуді қолға алу керек. Бесіншіден, Қазақстанның ономастикалық кеңістігіндегі дәстүрлі атауларды жаңғырту ісін кешенді түрде жалғастыру және ұлттық тарихи ономастикалық атауларды насихаттау, жұртқа түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу еліміздің тұтастығы үшін аса қажет стратегиялық маңызды мәселе болып қала бермек.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы мақаласында алға тартқан мәселе көп, оларды шешу үшін тілтанушылар қоғаммен тығыз байланысқа шығып, сөзден іске кірісу керек деген ой түйдік.
Анар ФАЗЫЛЖАН,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры